XVIII ғасырдың соңын ала Кіші жүздің көптеген рулары Жайықтан арғы алап пен Еділ бойы сияқты атақонысына тұяқ тигізуге зар болады. Табын, тама, жағалбайлы сияқты рулардың біраз бөлігі орта жүздің ханы Абылайға салмақ салып, Сары Арқаға көшіп кетеді. Осы кезде үстірт үстіне қарай ығысқан қалың адай тайпасы ХІХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегіне деңдей орнығады. Мұндай қыспақты бір жағы Иран
шахынан, екінші жағы Ресей патшалығынан түркімендер де көреді. Сөйтіп, тағдыр тауқыметі қазақтар мен түркімендерді үстірт үстінде тоқайластырады. Шыңырау құдықтың бір жұтым суы ағайын екі елді алакөз етеді.
Осындай бір қырбай шақ болса керек. Бірде жоқ қарап жүрген Абыл күйші түркімендердің қолына түсіп қалады. Саны көп, күші басым түркімендер Абылды сөзге келтірмейді. Сарт-сұрт қағып, қолын артына байлап, атқа көлденең салады. Сол бетінде салақтатып алып келіп ауыл иесінің үйінің алдына сылқ еткізіп тастай салады.
Бұл кезде ауыл иесінің үйінде қонақтар бар екен. Қазақтың қолға түскенін естігенде даурыға гу-гулесіп, «алып кел, көрейік» дейді. Кешікпей-ақ қолы артына байланған Абылды келекелеп, қазақтарды бір ауыз қыжырта сөз етіп алады. Содан бірте-бірте басқа әңгімеге ойысып, тіптен орталарында тұтқын қазақтың отырғанын да ұмытып кетеді.
Абыл көз қиығын салып қараса, төрде екі жағына ұстара жанығандай бір қара сұр жігіт ағасы есіп әңгіме соғып отыр дейді. Өзге жұрт «о, бақшы, о, бақшы» деп әлгі қара сұрды көтермелеп қойып, әңгімесіне құлақ түреді. Қара сұр одан сайын екілене есіп: «Бүйтіп тартып едім» деп дутарын бебеулете шертіп қояды дейді.
Содан әлде уақытта қара сұр түркімендерді бір жайлы қылып, енді қазақ арасында болғанын, небір дүлдүл күйшілермен сайысқа түскенін, тіптен қазақ-түркіменге аты жайылып кеткен Абыл күйшінің өзін көргенін айтады. Отырған жұрт: «Апыр-ай, Абылдың өзін көрдім дейсіз бе?» — деп таңырқаса, әлгі қара сұр одан сайын лепіріп: «Көргенің не, өз қолынан күй үйрендім», — деп соғады.
Бір кезде әлгі қара сұр «Абылдың сондағы тартқан күйі еді», — деп бір күйді бастайды. «Аңқау елге арамза молда» деген, қайдағы бір ауыл арасынан естіген жыр-терменің сарынына салып, сүректете жөнелсе керек.
Осы кезде босағада отырған Абыл күйші әбден төзімі таусылып, мінез көрсетеді. Күйдің біткеніне қарамайды. Дутарды төпеп отырған қара сұрға: «Әй, бақшы», — дейді, — «Абыл олай тартпайды, тоқтат басты ауыртпай!» — дейді. «Ұрының арты қуыс» дегендей, қара сұр сап тиылады. Үйдегілер ошарыла бұрыла Абылға қарайды. Содан соң, о жер, бұ жерден «е, сен қайдан білесің?», «Абылды танушы ма едің?», «осының өзі күйші болып жүрмесін?» деген дабыр сөз естіле бастайды.
Сонда үй иесі өмір көрген, бір орнықты адам болса керек, «жә, шуламаңдар, бұл қазақтың қолын шешіңдер, Абылдың қалай тартатынын өзі көрсетсін!» дейді.
Айтқанынша болмайды, бір жігіт лып етіп орнынан тұрып, Абыл күйшінің қолын шешеді. Екінші біреуі дутарға қол жалғайды.
Абыл аз-кем қолын жазып, дутарды алады да, құлақ күйін келтіре бастайды. Дутардың ішегі шаңылтырланып шертіп тұр екен, босата бұрап, үйірінен адасқан сыңар қаздың үніндей қоңыраулатып алады да, қаға жөнеледі. Жаңағы бір даңғаза бопса желік әп-сәтте ғайып болғандай, үйдің ішін сабырлы саз жайлайды. Сабыр болғанда немкетті бейжай халық емес, сырты түйіліп, іші егілген, сырты бүтін, іші жалын бір сиқыр
отырғандарды лебімен тартып, сол ішкі ағынға ілестіріп үйіріп әкеткендей дейді.
Күй бітеді. Жай бітпейді, үйдегілердің еңсесін басып, тәубесіне келтіріп, мына дүние тіршіліктің алдын-артын ала қанға салғандай көз алдына келтіріп тынады. Онымен де қоймайды, түйінін өзі шешіп, байлауын өзі айтып тастағандай.
Түркімендер өзгеге тоқтамаса да, күйге тоқтайды. Күй тілін түсініп, күйге күңіреніп, күйге жұбана алатын ел. Отырғандар тұғжыңдап төмен қарайды. Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін бір іс жасап алып, тығырыққа тірелгендей.
Үнсіздікті үй иесі бұзады: «Жарқыным, осы сен Абылдың өзі болмасаң игі еді?» дейді. Абыл: «Болсақ болармыз», — деп сабырмен тіл қатады.
Осыдан кейін-ақ, Абыл күйшінің иығына шапан жауып, жарылып төрден орын береді. Содан соң үй иесі: «Ал, шырағым Абыл, көңіл кірі айтса кетеді деген, сөйлет домбыраңды», — дейді.
Сол күні шер тарқайтындай күй тартылады. Одан ары адайлар мен түрікмендер арасындағы кикілжің ұмыт болып, ағайын елдің дәм-тұы жарасады.
«Абыл» күйі туралы осындай әңгіме адай мен түркімен арасында күні бүгінге дейін айтылады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі