Қазақ қыздарының жанашыры, журналист, oceanwoman, жазушы Дина Төлепберген өмірдегі «қорқынышты, ұят, жиіркенішті» деп жаба салатын мәселелерді өз кітабында ашық қозғайды. “Қызым, саған айтайыншы” деп басталатын бұл кітап - әр адамның жүрегін езгілеп жібереді.
Дина Төлепберген - Нәзипа Құлжанованың ғасыр бұрын бастаған ісін жалғастырушы. Нәзипа Құлжанова - қазақтан шыққан алғашқы әйел журналист, ұстаз, реформатор. Ол қазақ қоғамында қыздардың жыныстық сауатын алғаш қозғаған, алаш зиялыларымен бірлесе жұмыс жасаған, аумалы төкпелі заманда ел қамы үшін күрескен қайраткерлердің бірі.
2025 жылы Дина Төлепберген «13 ақиқат» кітабын жарыққа шығарды. Бұл жыныстық құқық пен жеке шекара тақырыбын көтереген қазақ тіліндегі тұңғыш деректі шындық. Журналист 13 жылын «Астарлы ақиқатқа» арнады. Мың тағдыр, мың өкініш... бәрі өзеннің салаларындай журналистің жүрегінде тоғысып, кітапқа айналды. Бұл кітаптың басты миссиясы – қазақ қызын қорғау.
«Ана мен қыз арасында «ұят» деп жабылып келген тақырыптар ашық айтылса, талай қызымыз тағдырдың қасіретін аман алып қалар еді. Сондықтан жаздым. Ішкі толғанысымды жеткізудің жалғыз жолы сол болды», - дейді журналист. Кітаптың әр тарауының соңында «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап ретінде нақты кеңес берді және әр қазақ қызына арналған хат жазды. Ол хат кей ананың айта алмайтын һәм айтуға үлгермеген жүрек сөздері. Әр қыз білуге тиіс ақиқат.
Журналист өз кітабында «Түрмеге хат», «Жанарды іздеген көктем», «15 жасымда тудым», «Мәйітпен бірге тұрған», «Зорлық-зомбылыққа қарсы манифест» сынды тақырыптарда күрделі мәселелерді талқыға салып, «ұят» деп басылған дауыстың тарихын жазады.
«Қазақта 13 жас - бірінші мүшел. Қыз баланың тағдыры дәл осы кезеңде жаңа бағыт алады: сенімі, шекарасы, өзін бағалауы қалыптасады. Кітаптың негізгі миссиясы да – қыздарды осы алғашқы мүшелде қорғау», - деді Дина Төлепберген.
Асылында «13 ақиқат» - қызы бар анаға ғана емес, қыз тәрбиелеп отырған әкеге, болашақта қызбен қарым – қатынас жасайтын жігітке кәміл қажет. Өйткені қызды қорғау – отбасының ортақ жауапкершілігі. Жасөспірімдерге 13-15 жастан бастап оқуға болады. Себебі дәл осы уақытта қыз балаға ең көп қауіп төнетін кезең. Өйткені қыздың жыныстық жетілуі басталады.
Кітаптағы жазылған әр жол - өмірде болған шын оқиға. Біз өмір сүріп жатқан заманда мұндай жантүршігерлік жағдайлар болып жатқанына сенгіңіз келмей, ақыры көзіңізді жұмасыз. Осындай үлкен көкейкесті мәселелерді қамтыған бұл кітапты әр адам оқуы керек деп білемін. Жазушы өз миссиясын орындауда кітаппен шектелмей, бүлдіршіндерге арналған ән жазды. Мақсаты - жеке шекараны балабақша мен бастауыш сынып оқушыларына үйрету. Журналист өзі әндетіп, билеп, бейнематериалды youtube желісі мен өз instagram парақшасына жария етті. Бұл әуенді қанша бүлдіршіндер тыңдап, мағынасын түсініп жатқанын журналист өз парақшасына әрдайым салып отырады. Әннің сөзінің астында терең жолдау жатыр, ол былайша оқылады:
Бұл - менікі, жеке-жер.
Жеке-жер, жеке-жер,
Көрме, ұстама, тиіспе,
Тоқта деймін - жеке жер!
Тоқта деймін - жекежер!
Бұл менің шекарам
Менің денем - менікі
Тисе біреу жеке жер,
Айтамын мен дереу дер.
Ата-анама айтамын,
Мұғалімге айтамын!
Дина Төлепберген - тұтас біздің заманымыздың алып адамы. 13 жыл бойы телевидениеде біреу үшін емес, өз миссиясымен жүргенін қазірден байқасақ болады. Өз туындысында талай жас аналар мен жасөспірімдерге алымды ақылдары мен жүрек сөздерімен бөлісті. Бұл – үлкен еңбек, қайталанбас жұмыс. Қазақ қыздары осындай тұлғалардың бар болуымен әділеттілікке шүбәсіз сенеді. Өз өміріңнің авторы бол!
Гүлмира Байболсын
-
- Виктор Франкл
- Фридрих Ницше
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі