Өлең, жыр, ақындар

Мақтақыз бен мысық

Қатысушылар:
Мақтақыз
Мысық
Сиыр
Ағаш
Қыздар
Сатушы
Тауық
Тышқан

Дауыс. Баяғыда Мақтақыз бен мысық дос болады. Бірде Мақтақыз үйін жинап жүріп, мейіз тауып алады.

Мақтақыз. Мысығым, мысығым, мен мейіз тауып алдым. Кел, екеуміз жейік!

Дауыс. Мысығы келмейді. Сосын мейізді өзі жеп қояды.

Мысық (сәлден соң келіп). Неге шақырдың?

Мақтақыз (қырсығып). Өзің шақырғанда келмедің. Енді айтпаймын.

Мысық. Ендеше, қатығыңды төгем!

Мақтақыз. Мен құйрығыңды кесіп аламын!

Мысық. Ал мен қатықты төктім.

Мақтақыз. Ал мен сенің құйрығыңды кесіп алдым.

Мысық. Aпa, апа, құйрығымды берші!

Мақтақыз. Менің қатығымды тауып бер!

Мысық (сиырға). Сиыр, сиыр, маған қатық берші.

Сиыр. Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші.

Мысық (ағашқа барып). Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші!

Ағаш. Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін.

Мысық. Қыздар, қыздар! Ағаш шөлдеп тұр екен. Маған су беріңдерші. Ағашқа апарып берейін.

Қыздар. Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз.

Мысық (дүкендегі сатушыға). Әй, сатушы, маған сағыз берші!

Сатушы. Маған жұмыртқа әкеліп бер. Сосын сағыз берем.

Мысық (тауықтарға барып). Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші!

Тауық. Бізге жем әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз.

Мысық. Енді қайттім? Оны қайдан табам? Ә, бәлем, мына бір тышқан ін қазып жатыр екен. Қамбадан дән ұрлағыш қой. Жем тауып бер деп жанын шығарайын. (Тышқанға бас салады.) Жаныңның барында айт, үйінде не бар?

Тышқан (қатты қорқып). Үйімде бір табақ тарым бар.

Мысық. Маған бір уыс тары бер!

Тышқан. Құп, тақсыр, казір, қазір! (Тышқан жүгіріп барып, бір тостаған бидай әкеліп береді.)

Мысық (масаттанып). Ә, қорқақ тышқан, әкелдің бе? Мен мұны тауыққа апарып берейін.

Тауық. Жарайсың, мысығым! Мә, жұмыртқамды ала ғой.

Мысық. Рақмет, тарғыл тауық! Мен мұны сатушыға берейін.

Сатушы. Мә, сағызыңды ала ғой.

Мысық. Қыздар, қыздар, сендерге сағыз әкелдім. Шайнаңдар мәз болып...

Қыздар. Пырылдақ мысық, мә, суыңды ал.

Мысық. Ағаш, ағаш, суыңды әкелдім.

Ағаш. Қалағаныңша жапырағыңды ал.

Мысық. Сиыр, сиыр, мен жапырақ әкелдім.

Сиыр. Жарайсың, пырылдақ! Қатығымды қалағаныңша ал.

Мысық. Мақтақыз-ау, Мақтақыз, уәде бойынша саған қою қатық әкелдім.

Мақтақыз. Көрдің бе, мысықан, (оны еркелете қолына алады) біз бір-бірімізге осылай көмектесуіміз керек. Сонда бәрі болады. Мә, құйрығыңды ала ғой. Бәріміз де енді дос болдық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз