— Шырағым, мен 1882 жылы Қарағанды болысы Спасскіде тудым. Әкеміз кедей болды. Сондықтан жұмысқа ертерек түстік. Мен 1900 жылдан бастап мыс қорытатын заводта засипчик /пеште жанып жатқан көмірдің үстіне үгітілген мыс рудасы көктасты салып тұрамыз/ болып істедім.
Засипчиктік жұмыс өте ауыр еді. Лапылдап жанып жатқан оттың қасында тұрған адамның үстіндегі киімі жанып кететін-ді. Қожайындар спецодежда бермейтін. Аяғымызға жасап алған шәркеміздің табаны 24 сағаттан артыққа бармай жанып кететін. Білегімізге киізден жең киіп алатынбыз. Ол дағы екі-үш күнге шыдамай жанып кетуші еді. Ондай заттарды сатып алайық десек қожайындар ақша бермей, талон ғана беретін. Ол талон қожайынның жақтастары — байлардың дүкенінен басқа жерге өтпейді. Ал дүкенші байлар үнемі өтпей тұрған тауарлары мен тас ұн [сияқты] сапасы нашар тамақтық заттар босататын. Жұмысшылар бір ретте діңкеледік, ашықтық. Сол уақытта осы жағдайды көзімен көрген өзімізбен рулас, туысымыз Түсіпбек ағайдың құрбысы Ілияс бір күні (ұмытпасам наурыз айының іші), 1912 жылы осы жағдайға байланысты жеркепеде әңгіме-дүкен құрып отырған біздерге былай дегені әлі есімде:
— Кедейлер барлық бірігіп,
Шығайық күсті білекпен.
Ағылшынға барайық
Мынадай біздер тілекпен.
«Ақша үшін зат алмаймыз,
Ақшалай ақы бер» дейік.
«Ұшырауда аштыққа,
Үйімізді көр» дейік.
Тыңдамаса сөзіміз,
Жұмысқа біздер келмейік.
Ырзыққа Алла міндетті,
Қорлыққа бүйтіп көнбейік.
Ақыны қолға бермесе,
Алдауында жүрмейік.
Күштесе зорлап жұмысқа,
Қайла, күрек сермейік.
Бірлікке шыдап бағыңдар,
Намысты қолдан бермейік!
Шындығында, осы өлеңнің бізге көп әсері тиді. Жұмысшылар: «Дұрыс, дұрыс айтады Ілияс» десіп жатыр. «Мұның ақыл екен» дестік.
Сол жылы көп ұзамай сәуір айында қожайын сарайда қымбаттығынан өтпей жатқан еттерін жұмысшыларға алатын ақшасының орнына үлестіріп бермек болды. Жұмысшыларға «арзанға алыңдар» деді. Кейбіреулер әуелде алса да, қайыра қожайынға өткізбек болды. Қожайын алмады. Жұмысшылар алған еттерін қожайынның есігінің алдына үйіп тастады. Ет іске аспай қалды. Бірақ сол ет үшін, етті әуелде алып, қайырып тастаған жұмысшылардан да ақша ұстады.
Жұмысшылар ашуланды-ай келіп, ашуланды-ай келіп! Содан бұған шыдамаған жұмысшылар қожайынмен жанжалдасты. Сол жанжалды жасар алдында жұмысшылар ақшаны көбейтуді, жұмыс киімін тегін беруді, жалақыны ақшалай беруді талап етуге келісті. «Оны орындағанша жұмысқа шықпаймыз» десті. Үш күн бойы жұмысқа шықпадық. Ақыры қожайын жұмысшылардың тілегін орындады. Осы жанжал басылған соң бірер айдан кейін қожайындарымыз қайыра бұрынғы әніне басты.
Ағылшын мырзалардың Летинский деген итаршысы болды. Оны біздер «Қылқұрт» дейтін едік. Сол иттің ызасы көп өтті. Жұмысшылардың ақшасын қысқартты. Әр нәрсені сылтау етіп, штрафты көп салды. Жұмысшыларды таяқтады, көрсетпегені болмады. Сол Қылқұрт мыс заводынан аулақта тұратын ағылшын[ның] Жұмабек төреден сатып алған ағаш үйінде тұрды.
1912 жылдың жазы еді. Сол Қылқұртты Түсіпбек бастаған Әбдрахман Қоқышев, Картасаев Ысқақ, Аралбай Шекшеков деген жұмысшылар завод пен тұрған үйінің арасында Көкөзектің тұсында тосып, тұрып өлтірмек болды. Аңдып оты- рып ұстап алды. Сайға апарып өлтірейін деп жатқан жерінде арттарынан пар-пар атты солқылдақ пәуескемен бірнеше төрелер жетіп келеді. Сөйтіп, солар ғана құтқарып алады. Түсіпбектер қашып кетеді. Ол кезде Тәтидің Оспаны болыс еді. Сол Оспан болыстың жәрдемімен Ақмоладан келген Шолақ ояз Түсіпбектерді ұстатып алды да, оны жазаламақшы болды. Бірақ заводтағы барлық жұмысшылар бірігіп, «Летинскийді өлтірем деуші Түсіпбектер емес» деді. Летинский танып қалған екен, «мені өлтірмекші болған осы» деп Түсіпбекке қадалып тұрып алды. Оған жұмысшылар қатты ызаланды. Қит етсе төбелес шығарғалы тұр. Жұмысшылардың түрінен сескеніп барып, ақыры, Шолақ ояз ол төртеуін босатты.
Осыны естіген Ілияс даладан Түсіпбекке айғайлап өлеңдете, тақпақтап сөйлей кіріп еді. Сондағы оның:
— Спасстың ыстық пешінде
Кемелбайдың баласы
Үшеуін бірден істедің.
Қайратпен көріп күніңді,
Шығармай жоқтық үніңді.
Кездессең қанша жоқтыққа,
Жалынып байдан ішпедің.
Барақта сақтап үйіңді,
Кетірмей дене күйіңді,
Тарлықта қанша жүрсең де,
Қажуды тіпті білмедің.
Ағылшынмен алысып,
Еңбегің үшін қырысып,
Бастығы зауыт Қылқұртқа
Істеріңді істедің.
Орыстармен бірігіп,
Күрделі іске кірісіп,
Жұмыс тастар кезеңде
Басшы болып күштедің,
Бел сөзбен істеп қайратты,
Еткенмен байға айбатты,
Түсіпбек құрбым, мен сендей
Күшпенен байға не істедім? —
деген сөзі бар еді.
— Шіркін, Ілияс, жігіт-ақ еді-ау!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі