Мәмен «Ақшолпан» күйін өткен заманның атадан балаға жеткен бір аңыз әңгімесін естігенде шығарып еді дейді.
Қазақтың бүйіріне шаншудай қадалған қалмақ заманы болса керек. ол кезде әйгілі Төле, Әйтеке билер тірі екен. Күндердің бір күнінде Ұлы жүз бен Кіші жүздің жапсарындағы ауылдардың арасында кикілжің болып, Кіші жүз жағының жігіті жазым болады. Содан, арада біраз уақыт өтсе де, Ұлы жүздің ауылы теңдік бермей, өлген жігіттің арты «бір арысымыздың құны сұраусыз қалды-ау» деп, пұшайман болып жүреді екен.
Осы жағдай Кіші жүздің Әйтеке биінің құлағына шалынады да, «қой, ағайын елдің арасында көлеңке болмасын, бітістіріп қайтайын» деп жолға шығады.
«Тура бидің дүбірі күншілік жерден естіледі» деген сөз рас болу керек, бір күні Ұлы жүздің Төле биіне «Әйтеке би құн даулап келе жатыр» деген хабар жетеді. Биге деген құрмет — елге деген құрмет. Төле би ауылы жұртын жаңғыртып, көк майсаға арнайы үй тіктіріп, Әйтеке биді құрметпен қарсы алады.
Әйтеке би әбден жайғасып, бірер күн тыныққан соң, сөз орайы келгенде Төле би: «Иә, Әйтеке, жолаушының көргені көп болады, көргені көптің айтары көп болады, сөйлеп отыр», — дейді.
Сонда Әйтеке де осы сөзді күткендей: «Е, Төке, иісі қазақтың қамын жеген ағасысың, еліңе алтын тонның жағасысың. Көпті көргеннің айтарының да көп болатыны рас. Көргенімізді айту бізден болсын. Көргеннің бәрін айту шарт емес, түйгенді ғана айтқанға не жетсін. Менің түйгенім, ел болудың кепілі — тірімен танысып, өліге болысып отыру екен», — депті.
Қашанда жөн сөздің жағында болатын Төле би ризалық білдіріп: «Уа, Әйтеке, біздің басымыз бір жағаның, білегіміз бір жеңнің ішінде емес пе?! Қызметіңе дайынбыз, артық-ауыс іс болса оған да қайылымыз. Қолыңды қағып, жолыңды шалар ешкім жоқ. Қылышың болса, мойын басық, құшағың болса, қойын ашық», — дейді.
Би ағасының ұлағат сөзіне риза болған Әйтеке де жадырап, жылы шыраймен: «Би аға, сөзіңізден садаға, бұйрық сізден болса, жабдық бізден болсын!» — деп сөзін түйіндейді.
Осымен әңгіме бітеді. Әйтеке бидің жанындағылар ештеңе түсінбей аңтарылып қалады. Содан бой жазуға сыртқа шыққан бір сәтте Әйтеке биден жанындағылардың біреуі: «Келген шаруамыздың сөз болмағаны қалай?» деп сұраса керек.
Сонда Әйтеке би: «Келген шаруамыз сөз болып қана қойған жоқ, шешімі де айтылды. Төле би бізге жасаулы қыз беретін болады», — дейді.
Айтса айтқандай, Әйтеке би осы жолы Ұлы жүзге қадірі артқан Назар деген кісінің Ақшолпан есімді қызын жасауымен алып қайтады. Кейін осы Ақшолпаннан әйгілі Өтебас би туыпты дейді.
Міне, ілгері буынның осы сияқты ірі істерін естіген Мәмен қатты тебіреніп отырып «Ақшолпан» күйін шығарған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі