Өскенбайдың өскен ортасы қашаннан түркімен ағайындармен жапсар жатқан соң да, дос көңілді аралас-құраластық үзілмеген. Әсіресе, ер азаматтар арасында біліштік-тамырластық қарым-қатынас орнығып, оның өзі алыс-берісі, әзіл-қалжыңы жарасқан дәстүрге айналған.
Ер жігіт елдің елдік дәстүрінен шет бола ма, Өскенбай күйшінің де түркімендер ішінде Құлыбай, Сапар-Мәмбет, Өдеулі сияқты күйші достары, Сейіт-Мұрат, Қош-Мұрат деген ағайынды біліш-тамыры бар екен. Бірде жанына ерткен бір топ жолдастары бар Өскенбай аң аулап жүріп, жолы болып, екі құлан атып алады. Құлан атқан жері біліш-тамырлары қоныс еткен ұлықұдық, Сауқұдық деген жерлерден алыс болмаса керек. Өскенбай «неде болса тамырларымды бір қуантайын» деп қос құланды жетегіндегі атына теңдеп, Сейіт-Мұрат пен Қош-Мұраттың ауылына ат басын бұрады.
Сол бетінде ауылға келсе, үй сыртында сіресіп бірнеше ат кермеде тұр. Үй ішінен гу-гу дауыс естіледі дейді. Өскенбай дыбыс берген екен, ішінен Қош-Мұрат тамыры жүгіріп шығып, шұрқыраса амандасады. Сылқ еткізіп құланды түсіріп мәз болып қалады.
— Ау, неғып дуылдасып жатырсыңдар? Мына аттыларың кімдер? — деп Өскенбай жөн сұрайды.
— Пай-пай несін сұрайсың! өзіңнің жездең Мәмбет-Пана болыс, Нәубет старшын, үдімбет-Салық бастаған игі жақсылар бүкіл Хиуаны ауызына қаратқан Құлыбай бақшының өнерін тамашалап, ду-ду болып жатыр! — дейді Қош Мұрат тамыры.
Өскенбай сыртынан даңқын білетін Құлыбай-бақшының атын естігенде «апыр-ай, қалай болар екен!» — деп сәл бөгеледі де, тамырынан:
— Құлыбайды сырттай естігенім болмаса, көрмеп едім, домбыра тартысы қалай екен? — деп сұрайды.
— Ойбой, несін айтасың! оның жанында сен домбыра ұстауға ұяласың! — деп Қош-Мұрат тамыры Өскенбайдың намысына шоқ тастап жібереді.
Айтқандай үйге кірсе, Мәмбет-Пана бастаған жақсы-жайсаңдар төрге жайғасқан. Орталарында Құлыбай-бақшы ұзын мойын домбырасының пернелерін құлаштай қуалап, күй төгіп отыр дейді.
— Ә, балдыз екен ғой, кел төрлет! — деп Мәмбет-Пана басын көтеріп отырады, — Кел балдыз, сенің де бірдеңе тыңқылдататының бар еді ғой, мына Құлыбай-бақшыдан өнеге үйрене тін болдың!
Мәмбет-Пананың жездесініп айтқан әзіл сөздері Өскенбайдың жаңағы сырттағы сезімін одан сайын қоздырып, намыс буа түскендей болады. Бірақ сабыр сақтаған қалпы төрге озып жайғасқан соң:
— Біздің қазақ «жақсы күй — жан азығы», «жақсыны көрмек үшін» дейді. Құлыбай-бақшының даңқын сыртынан естуші едім, енді, міне, көз көргенге қуаныштамын! — деп сұлу, сыпайы тіл қатады.
Бірақ жездесініп отырған Мәмбет-Пана иықтап қоймайды:
— Ау, балдыз, сен өйтіп сынықсыма, бұл жерде саған бұйыратындай қыз жоқ, онан да Құлыбай-бақшының мысы басып, жауыр аттай маймаңдап отырмын десейші! — деп қусыра түседі.
Сонда Өскенбай, мұнан ары шыдай алмай:
— Апыр-ай, жездеке-ай, болмадыңыз ғой! Тәуекел, қазақ пен түркіменге бірде жеңіп, бірде жеңіліп, бірде жығып, бірде жығылып жүрген қашаннан жарасушы еді. Азар болса, Құлыбай-бақшы Хиуаны ауызына қаратқан шығар. Ал Кіші жүздің үш тақтасын ауызына қаратқан алты науайының бірі мен боламын! Бері бер дутарыңды! — дегенде Өскенбайдың жоны шымырлап, арқасы қозып, өңі алабұртып кетсе керек. Құлыбай-бақшы дутарын ұстата берген екен. Сол жерде дутардың үнін де құбылтып, өзінің қимылын да құбылтып, бұрын-соңды қазақ, түркімен естімеген ойнақы сазды құйқылжыта тартып шығады да, дутарды Құлыбай-бақшыға тастай салады. Өскенбай да іркілмейді, тура алғашқы өз күйінің сыңарындай, қитұрқы қағысы мол екінші күйін бұлаңдата қағып шығады. Осы кезде Мәмбет-Пана:
— Ал, ағайын менен бір сауға болсын! Бұл жолы біреудің жеңуін көруді мұрат тұтпай-ақ қоялық. Екеуі де шалғыш екен, төрелік тең болсын! — деп күй айтысын тоқтатқан екен.
Өскенбайдың осы жолы тартқан екі күйі де ел ішіне «Жаңылтпаш» деген атпен тараған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі