Екі көріністі қойылым
Қатысушылар:
Қиқарбек
Шимайбек
Сәмбігүл
Қаламсап
Дәптер
Еден жуушы
Бірінші көрініс
Сахна ашылғанда сынып бөлмесі көрінеді. Сабақ соңынан қайтуға жиналып жатқан оқушылар.
Қиқарбек. Атам «ат аунаған жерде түк қалады» деуші еді. Мына жатқан дүние кімдікі, ей? (Еденде жатқан ескі дәптер, кітап, қаламсапты тепкілейді.)
Шимайбек. Ол ештеңе емес. Менін атам: «Атың шықпаса, жер өртейін деп жүрсің бе», – деп ұрсатын. Көрдің бе, мына Шимекеңнің шимайын. (Парталарды аралап жүріп көрсетеді.) Міне, мынау ракета. Тамаша салынған сурет емес пе? Анау – Шварцнегер, мынау – Брюс Ли...
Сәмбігүл. Бәрінен де ана Қамшыбаева, жынды қыз, менің жазған хатымды ұшақ жасап ұшырғанын айтсаңшы. Масқара-ай, сынып жетекшіміздің тура мұрнының жанынан қалықтап ұшып өтті.
Қиқарбек. Шынымен Әсия апай байқамады ма?
Сәмбігүл. Құдай сақтады. Әйтпегенде ертең мамам директордың алдында: «Айналайын, өзіңде де бала бар ғой. Бір жолға қызымды кешірші», – деп басын иіп тұратын еді.
Шимайбек. Ал, Сарықыз, сен сол сәтте қай жерде тұрар ең (мысқылдап күледі)?
Сәмбігүл. Күл, күл. Мен де бір тостағанымды жуып жылап аламын ғой (күледі).
Қиқарбек. Ал мен бақылаудан екі алатын болдым. Қу қалам-саптың сиясы бітіп қалған жоқ па? Байқап қала ма деп зәремнің ұшқаны-ай!
Шимайбек. Бәрін айт та, бірін айт. Бүгінгі «Кірпі» газетінде:
«Шимайбек-ау, Шимайбек,
Шимайлайды бәрін тек.
Әжетханада – Шимайбек,
Спортзалда – Шимайбек,
Қалай ғана өз атын,
Жаза берген қимай тек», – деп өлең шығарып, мені бүкіл мектепке «жазғыш бала» атандырып жіберіпті. Мейлі, апам айтпақшы, «ауру қалса да, әдет қалмайды».
Сәмбігүл. Әй, ұлдар, сендерге тағы бір қызық айтайын ба?
Қиқарбек. Құлағым сенде.
Шимайбек. Құлдық, не айтасың, ханшам.
Сәмбігүл. Түу, сен де. Әлгі анау менің алдымда отырған жаңадан келген Рауза деген қара қыз бар емес пе, ылғи бұлданып жүретін. Өзіме тартып, дос болайық десем, үркек аттай тұра қашады. Жаңа бақылау жұмысы кезінде:
«Әй, қара қыз,
Бізге де бір қараңыз.
Есебіңнен көмектес,
Дос болды деп санаңыз» деп хат жазып жіберсем, тырс үндемей отырсын. Өй, «профессор» неме.
Қиқарбек. Өзіңнің мінезің маған тартқан екен, ә (мысқылдап күледі). Ал, өсекшім-ай, ысқырт.
Сәмбігүл. Әлі қызықтың арты бар. Үзілісте әлгі қыз маған жетіп келіп: «Әй, Бүрсігүнова, маған хат жазып дәптеріңді жыртқанша, сабағыңды дұрыстап оқысайшы» дегені. «Әй, сен маған дәптер сатып әперме, «профессор» қыз» дедім де, математика дәптерін жыртып-жыртып тастадым. Ол бетіме қарады да, «ақымақ» деп жөніне жүріп кетсін.
Қиқарбек. Ол қыздың несі кетті? Ұятқа өзің қалдың. Әне, тоғыз бет дәптеріңнің парағы тоғыз жерде шашылып жатыр. «Мусор»...
Сәмбігүл. Мейлі, ертең жаңасын бастаймын. Бизнесмен ағам аман болсын. (Әлдекімнің аяғының дыбысы естіледі.)
Шимайбек. Әй, батырлар. Бөлмені қабылдап алатын кезекшілер келе жатқан сияқты. Көзіне түссек, мына жерді жинатып әлем қылады. Ұштық!
Қиқарбек. Кеттік!
Сәмбігүл. Шүу!
Екінші көрініс
Сахнада көрініс өзгермейді. Шашылып жатқан заттардың ішінен Қаламсап орнынан тұрады.
Қаламсап. Түу, бәлекет, кеттіңдер ме, түге! Әй, парталар, үстел мырза, терезелер, есіктер, шырағдандар, суреттер, бір сәт маған құлақтарыңды салыңдаршы.
Дәптер(орнынан тұрады). Құлағым сенде, Қаламсап мырза.
Қаламсап. Міне, дұрыс. Мысалы, осы мен кіммін?
Дәптер. Қаламсапсың. Ал Қаламсап мырза делік.
Қаламсап. Міне, жөніңе келе жатырсың. Мен бір ғажап дүние емеспін бе?
Дәптер. Пах, пах... Жалған айтпай жақсылыққа жегіл.
Қаламсап. Атам Қауырсын өтірік айтып көрмеген. Байқай-сыңдар ма, алты жасар адам баласы, мына менің арқамда жазу жазып, дүниенің ғажаптарын білуге асығады. Мысалы, сәулетшілер сызып-сызып үй жасайды. Тек адамдар әлі маған ескерткіш қойған жоқ. Сондықтан адам атаулы, олардың үрім-бұтақтары, ата-бабалары менің алдымда бас июге тиіс.
Дәптер. Сәл сабыр ет, Қаламсап мырза. Әу, халайық. Мен Қа-ламсап мырзаның сөзіне қарсымын. Жалған сөйлейді, жалған.
Қаламсап. Қалайша? Түсінбедім.
Дәптер. Біз мына екеуміз де адам атаулының алдында қа-рыздармыз.
Қаламсап. Өтірігіңе береке берсін.
Дәптер. «Сабыр түбі – сары алтын». Сөздің аяғын тыңдасаңшы. Мысалы, мына сен менің парақтарыма сүйкенбесең, том-том кі-таптар жазылар ма еді? Ғалымдар адам таңырқатқан жаңалық-тар жасап, ғарышқа адам ұшырғаны да – осы екеуміздің арқамыз. Мүмкін анау партада отырғандар – біздің қожайындарымыз-дан үлкен ғалымдар, асқан жүректі ақындар, ұлы математиктер шығатын шығар. Ойлап қарасаң, ана тұрған терезелер де, тақта да, есік те, орындықтар да, парталар да, шырағдандар да, тіпті үстел мырза да – адам еңбегінің жемісі.
Қаламсап. Дәптер мырза! Мына сөзіңнің жаны бар. Рас, бұларды жасаған – біздер мен адамдар (сәл ойланып қалады). Анда-санда кеудемді бір көтеріп мақтанайын десем, осы сен-ақ жолымды кес-кестей бересің (жылайды).
Дәптер. Оу, Қаламсап мырза! Шындықты айтқанның айыбы жоқ.
Қаламсап. Мына жерде келешек ғалымдар, мықтылар отыр дейсің. Ал неге біз олардан қорлық көреміз?
Дәптер (сасқалақтап). Жоқ, мүмкін емес. Олар не бүлдіріпті?
Қаламсап. Мүмкін емес, мүмкін емес. Мен бұрын қандай едім. Анау ескі астана – Алматыда дүниеге келдім. Көп ағайынды едік. Бір күні бәрімізді орап жәшікке салып, дүкенге алып келді. Біз бәріміз кәдеге жарайтын болдық деп қатты қуанып едік. Сонан соң-ақ бізді қожайындарға үлестіре бастады. Ағайындарымыз бізбен қоштасып, бірінен соң бірі кетіп жатты. Күндердің күні маған да кезек келіп жетті. Менің қожайыным шашы дудар-дудар, алакөз, таңқы мұрынды қараторы еді. Бар пәле сол күннен басталды (жылайды).
Дәптер. Сабыр ет, Қаламсап мырза! Игіліктің ерте-кеші жоқ деген.
Қаламсап(жылағанын тоқтатып). А... Иә, сөзіңнің жаны бар. Мен қолына тигенде, ол алғашқыда керемет қуанды. Өзім де әсем едім. Қалпағым жасыл, денем қызыл, сиям көк болатын. Бірақ мен оңбай қателесіппін (тағы өксиді).
Дәптер. Досеке-ау, өзің бір жылауық екенсің. Қойшы енді.
Қаламсап. Өй, бүйткен күні құрсын-ау! Қожайыным бір са-лақ, көрсеқызар бала болып шықты. Мені қапшығына салып келген күні қалпағымнан айырылдым. Бір нәрсеге ашуланды да мені жерге атып ұрып, таптап-таптап тастады. Не істерсің? Басқа түскен соң баспақшылсың. Бір күні қожайыным жанымды көзіме көрсете тістелей бастады. Тіпті аспанға лақтырып жіберіп, қағып алатынын қайтерсің. Қабырғам күйрей ме деп қатты қорықтым.
Дәптер. Менің де күнімді итке берсін, Қалеке.
Қаламсап. Дәптер мырза-ау, сәл сабыр етші. Мен айтып болайын. (Дәптер басын изейді.) Кейін де қожайыным мені жанқалтасына салып, балалармен күресетінді шығарды. Масқара, бел ортамнан қақ бөлінсем, саудамның біткені ғой.
Дәптер. Иә, белгілі жәйт. Құдай ондайдан сақтасын.
Қаламсап. Ал жазуға келгенде қожайын алдына жан салмайтын. Алғашқы күні-ақ сол қолының үстіне менің сияммен күннің суретін салды да, жанына «Шимайбек» деп жазды. Төрт саусағының үстіне «1998» деп сызуды да ұмытқан жоқ.
Дәптер. Ол қожайының мен сияқты дәптерге жазса, қағынып кете ме екен (ашуланып).
Қаламсап. Сендейлерді қайтсін. «Шимайбек» деген жазуды көрінген жердің бәрінен көресің. Нанбасаң, анау парталар мен есіктен сұрашы.
Дәптер. Оу, Қалеке. Айтқандарыңның бір жалғаны жоқ. Менің парақтарымда да қанжардың, машинаның, танкінің, ұшақтың, әуелі Брюс Лидің де суреті бар.
Қаламсап. Өй, ұят-ай! Бәрінен бұрын әжетханаға да менің сияммен «Шимайбек» деп жазды ғой. Қойшы, сонымен бір он күнге жетер-жетпестен сиям таусылды. Жасыма жетпей қартайдым. Сиямды айырбастаса, түк жоқ қой. Міне, бүгін сабақтың соңында мені мына жерге атып ұрып, үйіне тайып тұрды (жылайды).
Дәптер. Әй, Қалеке-ай. Менің де қайбір шекем қызып жүр дейсің. Менің де өмір жолым сенікі сияқты. қат-қат болып қой-мада жаттық, ақыры дүкенге түстік. Құдай қосқанда анау сенің қожайыныңның жанында отырған қызыл шырайлы, шашын кес-кен қыздың қолына түстім.
Қаламсап. Е, сонан соң?
Дәптер. Алғашқыда маған жылтыр қап кигізіп есі шықты. Кірлетпей таза ұстады. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген бар емес пе? Сары қыз есептен мақұрым екен. Мұғалім менің парағыма сенің туысқаның қызыл сиямен, қаламсаппен екіліктерді қоя бастап еді, менің де қасиетім ұша бастады.
Қаламсап. Ойпырай, ә?
Дәптер. Алғашқы күні-ақ екілік қойылған парағымды жыртып-жыртып, умаждап-умаждап ешкімге көрсетпей кір-қоқыс салатын шелекке лақтырып жіберді (жылайды).
Қаламсап. Әй, сен де мен сияқты жылауық екенсің ғой.
Дәптер. Жыламағанда қайтейін. «Черновикке» айналдым. Есеп шығарса, бірінші, екінші бетке жазады, суреттер жетінші, сегізінші бетке орналасты. Масқара, кейде әуелі кез келген бетімді жыртып алып, тақта сүртетінін айтсаңшы.
Қаламсап. Әу, мынау менің қожайынымнан да қиын ғой. Бұларға қойыңдар дейтін біреу жоқ па?
Бөлмеге еден жуушы кіреді. Есік сықырлайды. Қаламсап, дәптер орындарына жата қалады.
Еден жуушы. Пах, пах! Мұндай балаларды бұл дүниеде көрсем көзім шықсын. Әй, ұқыпсыздар-ай! Әке-шешелерің ертеден қара кешке дейін, мына қиын заманда тентіреп тиын тауып, балам оқысын деп дәптер, кітап сатып алып береді. Ал бұлардікі жырту, сындыру. Жаны ашымайды ешкімге. Үнем қайда? Күніне бір қаламсап, бір дәптер жыртылса, бүкіл елімізде қанша қаржы тектен-текке рәсуа болады. Обал-ай (қағаздарды, дәптерді, қа-ламсапты шелекке салады)!Балалар-ау, ақылды болсаңдаршы!
Шымылдық
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі