Өлең, жыр, ақындар

Ақылды қазы

Қатысушылар:

Кернейші
Жаршы
1-көмекші
2-көмекші
Бай баласы
Қазы
Егде адам
Оның төрт ұлы
Саудагер
Арыз иесі
Екі қарақшы
Сотқа қатысушы адамдар

Жабық тұрған шымылдьқ сыртына, сахна алдына кернейші мен жаршы шығады. Кернейші қолындағы ұзын кернейін бірнеше қайтара ойнап, көрермендер назарын сахнаға аудартады.

Жаршы (қолындағы жарлық қағазын жайып, дауыстап оқиды).

О, жарандар, жарандар!
Бәрің де бepi қараңдар.
Дау-дамайы бар адамдар,
Шешілмей жүрген шараң бар.
Бас қатырар жұмбаққа,
Аузы дуалы, шешімі әділ,
Қара қылды қақ жарар,
Yкімі нық, айтқаны кәміл.
Қазы бәріңді қабыл алар,
Келе алмай, өкініп қалмаңдар!

Шымылдық ашылғанда сахнаның қақ төрінде екі көмекшісі бар қазы отырады. Оның алдында әдемі кілем төселген. Кілем үстінде екі жаққа жарылып адамдар отыр.

1-көмекші (оң қолын кеудесіне қойып, алға қадам басады). О, халайық! Алдарыңызда атағы дүйім жұртқа әйгілі, айқын сынымен, әділ үкімімен, көкейге қонымды ақыл-кеңесі мен мәшһүр болған қазы-алдияр өздеріңіздің арыз-шығым, мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, саралауға әзір. Кімнің не айтары бар?

Сахнаға жанына екі қарақшыны epтiп бай баласы кіреді.

Бай баласы(оң қолын кеудесіне қойып, иіліп тағзым emeдi). О, ұлы мәртебелі қазы-алдияр. Мен мына бip мәселені түсінбей тұрмын. Соған құлақ ассаңыз?!

Қазы. Ынта-назарым өзіңде, шырағым.

Бай баласы. Менің әкем – Қоңыр бай, осыдан біршама уақыт бұрын базарға мал айдап кетіп еді. Кеше мына екі адам әкемнен хат алып келіпті. Мен хатта айтылған сөздерден ештеңе түсінсем бұйырмасын.

Қазы. Онда, хатта жазылған жағдайды бізгe дауыстап оқып бере ғой?

Бай баласы (қолындағы қағазды ашып, оқиды). «Қырық ат, алпыс атан, үйдің алтын босағасын, оны талқандайтын балта бepiп жіберіңдер. Біз Ащысай деген жердеміз». Бар болғаны осы. Базарға мал айдап кеткен адамның мал сұратқаны нeci? Айдалада алтын босағаны не қылмақшы? Оны алдырып, талқандаймын дегенін қалай түсінеміз?

Қазы (көмекшілеріне алма-кезек көз тастап). Мына тұрған eкеуін дереу тұтқынға алыңдар!

Көмекшілер екі қарақшының қолдарына кісен салады.

Қазы. Енді хаттағы сөздердің мәнін түсіндірейін. Қырық ат дегені – қырық қарақшының саны, алпыс атаны – алпыс кici әкелсең, жеңесін дегені. Екі алтын босаға және балтасы – мына келген екеуінің көзін жой дегені.

Бар балам, мына екі жауызды зынданға салғыз да, дереу барып, әкеңді жау қолынан босатып ал!

Бай баласы (қайта-қайта иіліп, шегіншектеп шығып барады). Алла жарылқасын, алдияр тақсыр. Мен тезірек әкеме жетейін.

2-көмекші. Келесі кім? Кіріңіздер, арыз-шағымдарыңызды айтыңыздар.

Ішке жанына төрт баласын ерткен ауқатты егде адам кіреді.

Егде адам (тағзым жасап). О, қадірменді қазы мырза! Мен ешкімнің үстінен арыз-шағым түсірейін деп келген жоқпын. Мен қартайдым. Мына тұрған менің ұлдарым. Енді осылардың байлықтары мен ақылдарына сай араларынан мұрагер сайлағым келіп еді. Осыған байланысты өзіңізбен ақылдаспаққа келгенім…

Қазы. Олай болса, ұлдарыңыздың әрқайсысын тыңдап көрелік.

Үлкен ұл (асыл тастан көз салған үлкен жүзігін көрсетті). Miне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды.

Екінші ұл (үстіне киген үлде мен бүлдеге оранған асыл киім-дерін көрсетті). Meнi осы түрімде көргендер ақылым мен байлы-ғымның алдында бас иеді.

Үшінші ұл (алтынмен аптап, күміспен күптеген жалпақ бел-дігін ұстап, шіренедi). Мұндай белдікті ешкім, ешқашан буынып көрген емес.

Қазы (кенже ұлға қарап). Ал сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың?

Кенже ұл. Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, алтын-күміспен апталған белдік те жоқ. Тек жұмысқа жарамды екі қолым бар, қайрат-жігерге толы жүрегім бар.

Қазы. Міне, көрдіңдер ме? Жұмыс iстей білген адам жұтамайды. Сондықтан бүкіл шаруашылықтың тізгінін кенже ұлға бepiп, соны мұрагер ету керек. Менің айтарым – осы!

1-көмекші. О, алдияр! Келесі кіретін адам қыз айттыруға адам жіберсе, құдасы адамның миына кірмейтін қалың мал сұратыпты. Соған сізден уәж сұрай келіпті.

Қазы. Шақырыңдар, кірсін!

Арыз иесі. О, қадірменді қазы тақсыр! Бірнеше баламды үйлен-діріп едім. Дәл мынадай қалыңмал сұраған құданы көрмеппін.

Қазы. Иә, не сұрайды екен ол құдаңыз?

Арыз иесі. Бес күшік, он ит, жиырма бөрі, отыз арыстан, қырық қабылан, елу өгіз, алпыс арқан, жетпіс тұсау, сексен шідер, тоқсан торғай, жүз жұмыртқа. Осының сырын ашып беріңізші.

Қазы (кеңкілдеп ұзақ күледі). Құдаңыз ақылды адам екен. Сіз-ден ол ешқандай да қалыңмал сұрамаған. Сізге жұмбақ жасыр-ған. Сіз соны шешіп берсеңіз болғаны.

Арыз иесі. Ол қандай жұмбақ? Шешуі не, сонда?

Қазы. Құдаңыз адамның жасы мен күш-қайратын жұмбақтап отыр. Бес жаста адам баласы күшік мінезді. Онда – иттей, жиырмада – бөрідей, отызда – арыстандай, қырықта – қабыландай, елуде – күші көп момын өгіздей, алпыста – арқандалған аттай, жетпісте – тұсауланады, сексенде – арқандалады, тоқсанда – тұралап, торғайдай халде болады, жүзде – шертіп қалсаң жарылатын жұмыртқадай ғана қауқары қалады.

Міне, сіздің қалыңмал деп жүрген жұмбағыңыз шешуі осындай.

Арыз иесі. Ой, алла-ай, ой, алла-ай! Бәсе, бәсе, өзім де ол қандай қалыңмал деп ойлаған едім. Осындай екен ғой. (Таң-тамаша болып, шығып кетеді.)

2-көмекші. Қазы тақсыр! Бүгіндікке ең соңғы арызшы дүние-мүлкінен айырылып, тоналған адам екен, Сізден ұрыны тауып беруді сұрай келіпті.

Қазы. Кіруге бұйыр. Мән-жайға қанығайық.

Саудагер. Алдияр! Мен бір жиһанкез-саудагер адам едім. Кеше осы ауылдың маңынан өтіп бара жатқанда қас қарайып, қараңғы түсіп кетті. Сосын, қонатын жер болмаған соң, қырат үстіндегі зираттардың арасында түнеуге тура келді. Есегімді қараған түбіне байлап, он бау матамды басыма жастап ұйықтап қалғанмын. Таңертең оянсам, жібектің орнына тас жастанып жатырмын. Барымнан айырылдым, енді не істемекпін? (Кемсеңдейді.)

Қазы. Сен зират маңынан ешкімді байқамадың ба?

Саудагер. Жоқ, бейсауат ешкім болған жоқ. Тек, мен ұйықтаған төмпешіктің екі жағында екі балбалтас болған.

Қазы (көмекшілеріне қарап). Олай болса, сол екі ескерткішті осында жеткізіңдер. Солар куәгер болады.

Қазының алдында жүрелеп отырған адамдар өзара гуілдесіп сөйлесе бастайды.

– О заман да, бұ заман, сотта балбалтастың куә болғанын есті-меппін.

– Қазы мырза шаршай бастаған-ау шамасы.

– Тастан жауап алғанды кім көріпті, осы уақытқа дейін?

Көмекшілер екі балбалтасты көтеріп әкеліп, қазының алдына қояды.

Қазы (балбалтастарға). Қане, жауап беріңдер. Түнде, саудагер ұйықтап жатқанда, маталарды кім ұрлады? Сол маңайда жүрген біреуді көрдіңдер ме?

Балбалтастар мелшиіп тұр.

Қазы (ақырып). Неменеге мелшиіп тұрсыңдар?! Менің сұра-ғыма жауап бергілерің келмей ме?! Қазір мен сендердің әрқайсыңа он дүреден соғуға бұйрық беремін. Сонда білесіңдер, жауаптан жалтарғанның қандай болатынын.

Қазы (көмекшілеріне). Мына малғұндардың әрқайсына он дүреден соғыңдар.

Екі көмекшітac ескерткіштерді жерге жығып салып, қайың шыбықпен сабай бастайды. Сол кезде қазының алдында отырған адамдар мәз-мейрам күле бастайды.

Қазы (орнынан атып тұрып, ашулана айғайлайды). Сендер білесіңдер ме? Қазының үкімін күлкіге айналдырып, келемеждеу – үлкен қылмыс! Сондықтан, осында отырған он адамның барлығына жаза белгілеймін. Қазір осы отырған әрқайсың бip-бip бау жібек мата алып келесіңдер. Әкелмеген адамға дүре соғылады. Барыңдар, қимылдаңдар, бұйрықты орындаңдар!

Отырған адамдар қипалақтай бастайды.

– Қазы мырза, өзіңіз білесіз, біздің ауылда жібек мата сатылмайды ғой.

– Сонша матаны қайдан табамыз?

– Қарап отырып жазықты болғанымыз ба?

Қазы. Кімде-кім матасыз оралса, қайың шыбықтың ащы дәмін аямай тататын болады. Барыңдар, тездетіңдер!

Ию-қию, ащы музыка. Адамдар шығып кeтeдi. Сәлден соң бip-бip бума мата алып келе бастайды.

Саудагер (қуанып). Міне, мынау сол!

Менің жібегім, менің маталарым!

Қазы. Әрине, сенің маталарың. (Келген адамдарға) Сендер мұны кімнен, қайдан алдыңдар?

– Біздің ауылдағы дүкеннен…

– Алдымен ол бізге матаны сатқысы келмеді.

– Таяқ жегіміз келмегендіктен үш есе бағасын бepiп алдық.

Қазы. Демек, матаны ұрлаған осы ауылдың дүкеншісі. Одан матаға төленген ақшаның бәрі қайтарып алынады. Ол ұрыны осында алып келіп, тас табанына қайың шыбықпен жүз дүре салынсын.

Қазы (халыққа қарап). Көрдіңдер ме, бізге ұрыны табуға көмектескен – мына тұрған балбалтастар. Егер мен оларға дүре соққызбасам, сендер күлмес едіңдер. Егер, сендер күлмесеңдер, мен сендерге жаза белгілей алмас едім. Егер мен сендерге жаза белгілемесем, сендер мата іздемес едіңдер, жібекті үш есе бағасына сатып алмас едіңдер. Міне, сондықтан да кейде жансыз заттар да қылмыскерді табуға жәрдем бере алады.

Шымылдық


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз