(Ескі дәптерден)
— Сол ауылға барып келуді созып кеттің-ау, — деп, райком хатшысы маған екі рет ескертіп еді.
Мен Бурабай орман техникумында беретін сабақтарымнан босана алмай жүргемін.
Райком хатшысының мені асықтыратын да жөні бар. Ауданның шетірек бір жағында алты-жеті ауыл бастарын құрастырып, колхоз құрғалы жатқанына үш-төрт ай болды. Бірақ сол ауылдардың нақ ортасында отыратын ең бір шұрайлы жердің иесі — Жаңбыршы ауылын колхозға алғылары келмейді екен. Ол ауылдың колхозға кіргілері де келмейді.
— Өздері тақыр кедей, мінездері түсініксіз... Райкомның жауапты инструкторы екі рет барып — "алланың жазғаны болад та" деген сөзден басқа еш нәрсе әкелген жоқ... Сен тезірек барып, сол ауылдың сырын ашып келші, — деп райком хатшысы бұл жолы маған салмақ сала айтты. Ойында тықыршу барлығы байқалады. Жаңа ғана басталып келе жатқан үлкен іс түсініксіз бір кедергіге ұшырап қалған сияқтанады.
Тек қана орақ бастығына, қара мақпал түсіне қызығып, қотырлау екеніне де қарамай алған беске шығарым бар еді. Салт мінсең, сылаң ғана жүрісі бар, арбаға жексең, айналшық жегендей, айнала беретін. Соны жегіп алып, бір жағынан үйрете қайту да ойда болып, мен жүріп кеттім. Қасыма техникумның екі оқушысын алдым. Үш жас жігіт, қара дөненді еріксіз жөнге көндіріп, кешке қарай Жаңбыршы ауылы деген ауылға жеттік.
Бұл ауылдың ең бір шұрайлы жердің иесі екенін манадан көріп келеміз. Қалың қара қыртысты, ат шашасынан келетін қалың бозды жер байлықты айтып бусанып жатыр. Алыстан орағытқан қайыңды ормандар осы жердің күннен, желде қорғайтын қорғаны сияқты. Құм-қайраң күміс көлдер кемерін кере, кең толқып, толып жатқан әңгіме шертетіндей сезіледі. Жазғытұрғы жадырау дүниенің барлық сұлулығы қалай бас қосып, қалай иесіз жатқанына танданғандайсың.
Жаңбыршы ауылы биік болғанымен селдіреп кеткен ағаштың ішіндегі қыстауынан жаңада ғана жылжып ұзын бір сайдың бойын өрлей қонған екен. Айналасы он шақты қараша үйлер шығыстан батысқа қарай шұбала қоныпты. Ауыл маңында анда-санда бір жылқы, екі-үш сиыр, бесеу-алтаудан бөлек-бөлек жүрген қой-ешкі көрінеді. Бұл маңайдағы ең арық малдарды осы ауыл жинап алған сияқтанады, бұл маңайдағы малы аз ауыл да осы болу керек.
Осынша бай жердің иесі неден жұтап отырғанына қайран қаласың. Өткен қыс өте жұмсақ, басқа елдердің күйлі шыққан бір жыры еді.
Шұбатыла қонған ауылдың орта деңгейінде жеті-сегіз еркек, алқа-қотан отыр екен. Әр үйдің сыртында көздерін күнге сығырайта қарап, аяқтары мен аяқтарын қысып тұрған қыз балалар көрінеді. Еркек балалар жоқ сияқты. Біз еркектердің қасына келіп тоқтап, сәлем бердік. Күн жылы болса да тымақтарын тастамаған бастар аз ғана еңсесін көтерді де, тіл қатқан жоқ. Жыртық төбелерінен жүн жұлынып шығып тұрса да тымақтарда бір тәкаппарлық бары андалады. Сөйлесіп қайтар адамдарымыз осылар болар деп, мен арбадан тезірек түсіп, бір шетінен бастап отырғандарға қолымды ұсындым.
— Әуелі ана кісіден баста, шырағым, — деді ең шеткі еркек, ортада отырған сирек бурыл сақалды, опырық ауыз, сары шалды иегімен нұсқап. Қусырып алған қолдарын өз жеңінен де шығарған жоқ. Мен амалсыз сары шалға жақындағанымда ол басын тіпті шалқалай көтеріп алып:
— Уакаляйкүм-ешалям... — деді. Басын менмен көтеріп алуымен аузын шүршитіп "уакаляйкүм-ешалям" дегеннін расында түк жарасымдылық жоқтығын ол өзі аңдамаса керек. Опырық ауыздан еріндері бірін-бірі қатты қапсырып, ауыз қақпағын қисайта жауып алды да сонымен тынып қалды.
Шалдан кейін мен оның сол жағындағы мосқалдау адамға қолымды созып едім, ол қолын созбастан, сірескен күйі отыра берді. Оның орнына әлгі ең шеткі еркек:
— Енді Атекемнің оң жағындағы адамға қол бер, — деді.
Атекесі жаңағы опырық шал екенін түсіндім де, мен онын оң жағындағы сақалы бар, мұрты жоқ біреуге қолымды ұсындым.
— Уағалайкүм әссәләм, — деді ол, молдаларша нақыстай айтып. Сәлемді енді соның қатарымен жағалатып кетейін деп едім, жеті атадан келе жатқан дәстүрді бұзуға болмайды екен, манағы шеткі еркек:
— Енді әлгі кісіге қол бер, — деді.
Сонымен, Атекеңнің екі жағына отырған адамдардың үлкенді-кішілі ретін тауып, айқыш-ұйқыш қол беріп шыққанша, олар кезегімен сәлем алуды айтып болғанша, бір ауылды көшіріп-қондыратын уақыт кетті.
Содан кейін ғана ортадағы опырық шал:
— Қораш, сен әрірек ысырыл. Жас қонаққа сол орын лайық, — деді. Шалдың Қораш деген адамы көңілсіз ысырылып орын берді. Кең далада, аспан астында орын талғасып, үлкендік жасасып отырған жандарға тек қана таң қалғандай едің! Басқа елдерде, басқа ауылдарда мұндай ескілікті мен бұрынды-сонды көрген емен. Бұл адамдар маған әрі қызық, әрі бір қайғы көрінді.
— Шырағым, жол болсын, — деді, ортада отырған шал.
— Әлей болсын... Сіздің ауылда жұмысымыз болып келіп едік, — дедім мен.
— Әлей болсын дедің, болды сол. Ар жағын кезегі келгенде айтар болар, — деп, шал мені ауыздықтап қалды.
Түсінде көргендей кәрі тағылықтың мән-жайына мен енді түсіне бастадым да қатемді тез түзеп:
— Иә... Әлей болсын... - дедім.
— Қай елдің баласы боласың?
— Керей боламын.
— Қай керей?
— Қызылжарға қарайтын керей.
— Елдерің аман ба?
— Біз аттанғанда аман еді.
— Бүгін қай жерден шықтың?
— Бурабайдан шықтым.
— Жол шетің қай жер?
— Осы сіздің ауыл...
— Ендеше, Есенгелді, бұл балаларды үлкен үйге апарып түсір... — деп, шал мақұлдау күткендей, екі жағына кезек қарады.
— Атекем дұрыс айтады: іздеп келгені осы ауыл болған соң, ұл балалардың жөні үлкен үй болады, — деді, шалдың оң жағында отырған сақалы қауғадай, мұрты жоқ адам.
— Атекем дұрыс айтады: іздеп келгені осы ауыл болған соң, балалардың жөні үлкен үй болады, — деп, шалдың сол жағындағы адам да сөзбе-сөз қостады. Бұл бір үңірейген көсе қара екен, көз құйрықтары сүйірленіп, екі шекесіне қарай созылып кетіпті. Өзгелердің ұйғарғанын аяқтап келгенде сол бекітетін сияқты. Айтты да қара тас болып қатып қалды.
Содан кейін ғана Есенгелді деген, манағы ең шетте отырған еркек орнынан тұрып:
— Қонақ балалар, үлкен үйге жүріңіздер, — деді.
Қонақтар орнымыздан тұрдық...
Қасымдағы оқушылар жарылып кетуге жақын қыпылдасып келе жатыр. Мен езу тартсам болғаны, күлкілерін тыя алар емес. Ең алдымен солардың ойын бөліп, күлкілерін ыдыратқым келіп:
— Есеке, күн әлі ерте... Біз келген жұмысымыздың жәйін сөйлескіміз келеді, қалай болар екен? — дедім.
— Шырағым, бұл ауылға келген адамның не жұмысы барын Атекем өзі сұрайды. Өзі сұрағаңда, айтасың, — деді Есенгелді.
— Ол кісіге сіз айтсаңыз қайтер, тезірек сейлессек деп едік...
— Шырағым, бұл ауылға келген адамның не жұмысы барын Атекем өзі сұрайды. Өзі сұрағанда, айтасың,- деді Есенгелді, жаңағы айтқанын айнытпай қайталап. Бұл жолы күлмей қалуға шын-ақ ұстамдылық керек еді...
Енді түсіндім, бұл ауыл атам заманнан да әрі бір кезде қабылданған дәстүрді бұзбай келеді екен. Үлкен біреуі айтқан бір сөзді, үлкен орнатқан бір дәстүрді ешқайсысы бұзбайды да өзгертпейді.
Жаңағы қайталаудан кейін Есенгелдінің бет-аузы тасқа айналғандай сазарып, өзге қазақта кездеспейтін тәкаппарлыққа көшті. Әлдеқашан тысы оңып-бозарып кеткен тымағының төбесіндегі жыртығынан суырылып шыққан түйенің жүні де тәкаппар шошаятын сияқты. Есенгелді опырайған үлкен қара үйге кадаған көзін аудармай ұстаған бойы сықыр-сықыр, қикаң-шиқаң еткен шілтерлі есікті ашты да:
— Мархамат! — деді бізге. Біз үйге кірдік.
Ішкі достығы жоқ шет бір елдің өкілдеріне көрсетілетін сырт сыпайылық осы сияқты болуға керек. Біз ішімізден күліп, көне бердік.
Үлкен қара үйдің іші де ертедегі байлықтың, қазіргі күндегі жұтау кедейліктің жайын айтып тұр екен. Ең алдымен, бұл мен көрген киіз үй біткеннің ішіндегі ең жыртық-тесігі көп үй. Мұндай көп жыртықты, мұндай үлкен тесіктерді мен қойшының қосынан да көрген емеспін. Қойшының әйелі мына қара құрымды да жамап қойған болар еді. Бес-алты уығы алақандай жалпақ, бір кезде сырланғандығы, зерленгендігі байқалады. Өзге уықтары қырық ру — бірі жіңішке, бірі иінсіз, шаңыраққа тік тіреліпті.
Тағы бір бес-алты уықта жосаның ізі де жоқ, ыстың ізі ғана бар. Аңырайған іргеден бір төрт көз қара ит кіріп келе жатыр.
Оң жақ босағада аласа жүкаяқтың үстінде темірмен белдеуленген аруақты бір ескі сандық, бетінде екі-үш жерде ғана сүйектелген өрнектің ізі қалған ескі кебеже... Көрпе-жастық дегеннің ізі байқалмайды. Екі басы қайықтай қақырайған ағаш төсектің үстінде сырмақ сияқты, құрамыс көрпе сияқты бірдемелер қоқып жатыр. Төр алдында тай, тайынша, ешкі, лақ терілері шикі күйінде төселген. Бір кезде көк сауырлаткқн, күмістеткен үйрек бас ер осы үйдің төріне мың жыл бұрын ілінген күйі қала бергендей, қаусап тұр. Таралғылары қырқылып, күмістеткен үзеңгілері үзіліп түскелі тұр.
Біз Есенгелдінің нұсқаған төріне келіп отырдық."Үлкен үйі" осындай болса, өзге үйлері қандай екен деген ой келеді. Есенгелді бізді қозғалмай қарайтын көздерімен бір түгендеді де шығып кетті. Содан кейін ғана біз еркімізбен күліп, әрең дегенде езуімізді жидық.
— Бұл үйдің жандары қайда? — деді оқушының бірі.
— Осы үйдің иесі мына қара ала ит болмасын... Үйге іргеден кіріп, іргеден шығып жүрген түрі жаман екен, — деді екінші оқушы.
— Үндемендер, бұл ауылдың сырын түгел көрейік, — дедім мен.
Жігіттер атты ағытып, өзіміздің төсек-орынды үйге енгізіп, астымызға техникумнің қара одеялын төседі.
— Осы одеял осында қалсын өзі, — деді біреуі.
— Арам болар! — деді екіншісі.
Ұзамай алысырақтан шыққан Есенгелдінің даусы естілді:
— Қарашаш, үлкен қонақ келді. Атекем сізге қонақтардың қызметінде болсын деп бұйырады... — деп тұр.
— Қайдағы қонақ, қандай қонақ? — деген әйел даусы естіледі.
Біз қандай күтушіге душар болар екеміз деп, қауіптеніп отырғанымызда Есенгелді үйге қайта кіріп:
— Бұл ауыл қонаққа ат ағытырмайды, өзі күтеді, — деді.
Онымыздың үлкен наразылық туғызғанын мен аңғармай қалып:
— Оқасы жоқ, отағасы, үшеуіміз де жас жігіттерміз ғой, өзіміз-ақ күтеміз... Рақмет, — дедім, осы ауылдың ыңғайына қарай сөйлескім келіп.
Бірақ Есенгелді жібіген жок, сөгіс жариялауға лайық қатал дауыспен:
— Бұл ауыл қонаққа ат ағыттырмайды, өзі күтеді, — деді де, тағы да шығып кетті. Біз тағы да еркін күлісіп алдық.
Осы кезде ірі денелі, мосқал тартқан қара торы әйел есіктен еңкейіп кіре берді. Біздің "есенсіз бе?" деген амандығымызға әйел қалыпты қазақ әйеліндей жауап қайырды:
— Шүкір, шырақтарым... Айналып кетейіндерім-ай, қайдағы бір молаға қайдан кездесіп жүрсіндер? — деді әйел, бірден-ақ бізді бауырына тарта сөйлеп. Бұл ауылдың мән-жайын сұрап алатын адамың да осы әйел сияқты. Ептеп қана келген жұмысымыздың ұшығын аңғартып едік, ар жағын әйел өзі түсініп, ойымыздағымызға жауап бере сөйледі:
— Бұл бір ертеден қырсығы арылмаған жадау төрелердің ауылы, тамтығы қалмай біткен ауыл. "Бақ ауысады, ырыс жұғысады" деп, бізден бұрынғылары да тырп етпей отыра берген екен, біз де тырп етпей отырмыз. Ауысқан да, жұғысқан да дәнеме жоқ. Отыз үй төлеңгіт болушы еді, олар әлдеқашан тастап кетгі. Өздері әп-әдемі ауыл болып, оңаша отыр. Колхоз болып жатқандар да солар. Кеше ғана көріп келдім, бір қырқаның қыртысын айырып, егін салып жатыр. Ал, бұл ауыл колхоз түгіл, әшейін ауыл болып отыра алатын да жайы жоқ Осы ауылдың он шақты еркегінде өз атын ерттеп міне алатын біреуі табылар ма екен? Бір арба отын әкелетін біреуі бар ма екен? Ондайларына төлеңгіт қызы — мен жүрем. Елуі жиналып ешкі соя алмайтын өлімтіктер, қалқиып отырған. Өңкей бір парақорлар... Өздерің де көрерсіндер, шырақтарым... Енді мен шай қояйын, — деп, әйел шығып кетті.
Әйел үйге бір кіріп, бір шығып жүріп, ауылдың арғы-бергі жайларынан бірталай таныстырды. Бір кезде төре тұқымының біреуі қонып-түстенген, біреуі туған, біреуі өлген, ас берген, ат шаптырған жерлерінің бәрін де бауырына баса беріпті бұл ауыл. Бірақ, сол жерлерге қағылған жалғыз қазық та жоқ. Бұлар адам еңбегі дегеннің ешбір түрін білген емес, әлі күнге дейін қабылдамайды да. Бай жер өзі асырап келген: жер малды асыраған, мал бұларды асыраған. Атын ерттеп, қолтығынан кетеріп атқа мінгізу төлеңгіттердің міндеті болған. Енді олар да тастап кеткеннен кейін төре ауылы біржола титықтап, құларманға келіп отыр. Бірақ баяғы паңдық сақталып қалған.
Әйел қайнаған самауырды үйге кіргізді де:
— Шырақтарым, бұл ауылда бір қайнатым шай жоқ. Ақ су ішесіңдер, — деді. Бізде шай барлығын естіген соң, шайнек іздеп басқа үйлерді кезіп кетті.
Қалайымен ноқталанған шайнекке еріп, әр үйден жиналғаны көрініп тұрған он шақты шыныаяқтар келді. Көп жамалған, көп кір сіңген сіреу дастарқан жайылды. Біз дастарканның үстіне өзіміздің орамалымызды жайып, қаладан алып шыққан нан, қант, майымызды төктік. Осы кезде әлі де ауыл сыртында қалған еркектер де үлкендете үйге кірді.
Атекең деген опырақ шаддың отыратын дағдылы орнына мен отырып қалған екем. Шал басын қақшитып алған бойы тура маған келіп тірелді де тұрып калды. Мен төмен ығысып, орнын босаттым. Екінші біреуіне тағы орын берейін деп, тағы да төмен қарай ығыса берім ем. Атекең аз ғана сақалын алдына қарай шошайтып:
— Ендігі жол қонақтікі, қозғалма, - деді. Бірақ, жолдастарым сырғи-сырғи, менен алыстап кетті. Аз ғана тамағымыз ауыл адамдарының алдында қалды. Олардың ортасында мен ғана...
Опырық шал нан мен майға обырдай тиіп жатыр... Тісі жоқтығы бөгей ме десең, шайнамай-ақ қылғи беретін сияқты. Біз бір-бір шыны аяқ шай ішіп үлгіргенше, дастаркан үсті тып-тыйпыл болды. Менің екі жолдасымның нанға қолдары да тиген жоқ. Мынау адамдардың арасында тамақ жеуге болмайтын да сияқты. Бәрі де құмыға қимылдап, өгіздей орып, дастарқан бетін сипап салды. Бір адам дыбысын шығарып, бір ауыз сөз де айтқан жоқ. Бағанағы паңдықтан да түк белгі қалған жоқ, нан мен майға қарай бірінен-бірі қолдарын асыра созады. Әбден жеп болған соң ғана Атекең шал байсалдылық тауып:
— Жеуге болатын жаңа май екен, — деді.
— Атекем дұрыс айтады, жеуге болатын жаңа май екен, — деп, манағы оң жағындағысы қостады да, оның айтқанын аудармай қайталап сол жағындағысы қостады.
— Мына бір шекерді көкетайыма апарып берейінші, — деп Атекең дастарқан үстінде селдіреп қалған аз ғана қанттың екі түйірін сүйреп әкетті.
— Атекем дұрыс айтады, мен де көкетайыма апарып берейінші, — деп, сақалы бар, мұрты жоқ адам екі түйірді өзіне қарай тартты. Басқалары да осыны істеп, сіреу дастарқаннан басқа еш нәрсе қалдырған жоқ. Енді олар шыны аяқты саусақтарының ұшына ғана қондырып, сылдыр шайдың өзін ғана сораптап отыр. Пандықтары да қайта оралған сияқты: көздері бұл дүниенің ар жағындағы бірдемеге қадалғандай; бет-ауыздарында қатып қалған тас менмендік қана бар... Біздің аш қалғанымыздан қысылып отырған жалғыз әйел ғана.
Қонақ атын бұл ауылдың өзі күтеді деген Есенгелді қараңғы іңірге аттың маңайына да барған жоқ. Өзі сұрайды деген Атекесі бізден әлі бір ауыз сөз сұраған жоқ. Сықсырайған білте шамның шалағай жарығында, әлдекім біріне бірін сүйеп кеткен киімшең өліктер сияқтанып, біреуі қыбыр етпей, ауыл иелері отыр. Таң қалып біз отырмыз. Өлі ауыл тып-тыныш...
Атекең бір кезде тамағын қырынып, аз ғана еңсесін көтеріп алды да:
— Үлкен үйге түскен қонақтарға қой сою керек, — деді.
— Атекем дұрыс айтады, үлкен үйге түскен қонақтарға қой сою керек, — деп, оң жағындағысы қостады.
Осыны айтысты да едәуір уақыт тағы да сіресіп қалысты. Менің қой союға қарсылык білдірген әдепсіздігіме ешбір жауап қайтқан жоқ. Ұялғаннан үндемеуге тура келді. Жалғыз-ақ "біздің қызметіміздегі" әйелдің қатты тықыршып отырғаны сезіледі. Әйел әрқайсысына бір қарап, аз ғана шыдап көрді де аяғында кесек кетті:
— Соятын болсаңдар, неге әкелмейсіндер тезірек? Ауыздарың айтып, арттарың көтерілмейтін адыра қалғырды қашан қоясындар осы? Жандарың бар ма,жоқ па өзі? — деп, жайдан жай есікті тарс еткізіп жауып жіберді. Есіктің бір шілтері ұшып кеткені байқалады. Жалаңдап үйде жүрген төрт көз ит те есіктен емес, тесіктен атып шықты. Бірақ, еркектер жағы қаласын бұзған жоқ. Тағы бірталай уақыт өткеннен кейін ғана Атекең байламын айтты.
— Қарашаш дұрыс айтады, соятын болсаңдар — сою керек, — деді. Қасындағылар тағы да сөзбе-сөз қайталасты да қозғалған жоқ.
Енді әйел еркіндеп, жұмысты тездетуге кірісіп кетті. Біресе отын көтеріп әкеліп, біресе қазан мен ошақты әкеле жүріп:
— Қай үйдің қойын алдырушы еңдер? Алдырсаңдаршы, — деп үйден шығып кетеді де, далаға шығып алып одан көрі де қаталырақ аяқтайды.
— Есенгелді, сары әжең үйінің бір боз қойы болса керек еді, соны сойған дұрыс болар. Алып келші, — деді Атекең. Әлдеқашан өлген Жаңбыршы төренің әулеті, тегінде, біріне-бірі еншілес сияқты көрініп кетті.
— Атекем дұрыс айтады, сары әжең үйінің бір боз қойы болса керек еді, соны сойған дұрыс болар... — тағы да екі рет қайталанды.
Есенгелді содан кейін ғана орнынан тұрып, есікке қарай беттеді. Асығысы жоқ, паң басып барады.
Үй іші тағы да жым-жырт... Сыртта ашыққан қара дөнен ғана оқыранып қояды. Сағат он бірден өтіп барады.
Бір кезде Есенгелді келіп:
Сары әжең үйінің боз қойы бүгін-ертең қозылайын деп тұр екен. Обал болады ғой дейді Айша келініңіз, — деді.
Айша келін дұрыс айтады, боз қойдың бүгін-ертең қозылайын деп тұрғаны рас, — деді Атекең.
— Атекең дұрыс айтады, боз қойдың бүгін-ертең қозылайын деп тұрғаны рас, — деп үңірек қара мен сақалы бар, мұрты жоқ адам бұл жолы қабаттаса қайталасты. Тегі, бір ет болып қалуын іштері тілеп отырған адамдар енді манағыларынан гөрі ширайын деген сияқты.
Атекең де үн-түнсіз қалуды ұзаққа созбай:
— Ендеше, Қанша апай үйінің қоңыр қозысын алып кел. Ол ерте туған қозы болатын, ендігі союға жарап қалды, — деді.
Бұл сөздер де екі рет қайталанып, мақұлданып болған соң, Есенгелді тағы да жөнелді. Манағыдай емес, енді тезірек басып барады. Бірақ оның бұл сапары да оңына айналмапты. Есенгелді есіктен кіре бере-ақ:
— Жұма күні Қанша апайдың жылы толады екен... Соған сақтап отырмын деді, Айжан келіндерің, — деді.
— Ие, ие... Айжан келін дұрыс айтады, жұма күні Қанша апайдың қайтқанына бір жыл толады. Соған сақтап отырғаны рас, — деді Атекең. Қалыптасқан әдет бойынша касындағылары да осыны қайталасты.
Атекең енді біржола дағдарып қалғандай еді, ашыққан қарын тағы бір тамақтан өтерді есіне салған екен:
— Енді сөзді қойып, Кәрекең үйінің көк серкесін әкеліп сой! — деп бұйырды. Басқалары енді бұйрықты қайталады.
Сонымен көк серке келгенде сағат он екіден асып кетіп еді. Ол өзі серке емес, иісі мүңкіген теке екен. Төре тұқымының бұл иістен қалай жеркенбейтіндеріне таң қалғандайсың. Жоқ, жеркенер емес, көздеріне қарасаң көк текені тірідей жұтып қойғандай! Әрқайсысы бір теке жұткысы келіп жұтынып отыр...
Тағы бір үлкен кедергі пышақ іздеу айналасында кездесіп қалды. Атекең қай үйде қандай пышақ барын да біледі екен. Ол айтып, өзгелер қостап, аяғында Есенгелді бір пышақ таба алмай қайтты. Текесі құрғырдың күлімсі иісі тұншықтырып барады.
Әбден шыдамы таусылған жолдастарымның бірі атып тұрып:
— Лұқсат етсеңіздер... мен... — деп, кішкентай ғана қарындаш ұштайтын бәкісін көрсетті. Сөзі әдепті сияқты болғанымен, өзі ішінен қайнап тұрғаны байқалады...
Таң ата көк теке бір астау ет болып алдымызға келді. Бірінің Соңынан бірі сәлем етіп, он шақты әйелдер кіріп келді. Бәрі де бір-бір баласын жетелей келіпті. Ұйкыдан оятып алған ірің көз қыз балалар, жасынан-ақ кетілген тістерін жасыра алмай, есіней кірді. Бәрі де жүдеу, бәрі де науқас, бәрі де шала жан балалар. Төре тұқымы мәңгіден бері бірінің қызын бірі алып, әбден азғындап болған, балаларда тіршілік белгілі болымсыз ғана сезіледі.
Осынша еркек-әйел бір көк текеге жабылып кеп кеткенде түн ұйқысын бөліп келген еңбектеріне тұрса жарар еді-ау деген ой келеді.
Еркектері есесін жіберген жоқ... Бастың бір құлағын кесіп менің алдыма тастады да, Атекең басты өз алдына алып қойды. Жамбастан бір жапырақ етті менің алдыма тастады да, сақалы бар, мұрты жоқ адам о да жамбасты өз алдына қойды. Өзгелері де солай, өздеріне тиісті мүшелерді ұстап-ұстап алып, алдарына қойып жатыр... Қалған ондай-мұндай туралып бір жапырақ табаққа түсе бергенше біреуінің өңешінен өтіп те кетеді.
Ет жеу ырымы аяқталып, сорпа ішіліп болысымен-ақ төре тұқымдары бір-бір сүйекті балаларына ұстатып, тез тарасып кетті. Бізге, әрине, тыныш ұйқы, қайырлы сапар тілеп тарасты...
Жұрт аяғы басылған соң, манағы Қарашаш деген әйелмен біраз кеңестік те "Атекеңнің өзі сұрауын" күте алмай, біз де жүріп кеттік. Молаға айналған ауылдан қашып кеттік. Мен-мендігін қоя алмаған, қасқырдай обырлардан қаштық.
— Апырау, бұл ауылдың бір ауыз сөз айтуына қанша уақыт керек?! — деп таңданады екі жолдасымның бірі.
— Ал сонша паң айтылған сөздердің болмашы бір іске айналуына қанша уақыт керек?! — деп, екіншісі танданады.
Маған осылар неше заман ел билеп отырғанда, сол елдін неше ғасыр өмірін осылай босқа өткізді екен деген ой келді.
Әлденеге рақымсыз ызаланғандай боласың.
Ертеңіне райком хатшысына келіп менің жасаған баяндамам мынау ғана болды: — Жаңбыршы ауылында он колхозға еркін жететін жер бар. Аса шұрайлы жер, текке жатыр. Колхозға алатын бір-ақ адам бар, аты Қарашаш, — дедім.
— Өзгелерін қайтеміз? — деді райком хатшысы.
— Өзгелерінің орны өзге жерде, — дедім мен.
Райком хатшысы ауыр ойланып қалды...
Феруза
Өте күшті
Феруза
Өте күшті.Әдемі жазған.Тамаша айтарғасөзім жоқ✋