Өлең, жыр, ақындар

Өнеге

Көп жасаған, көпті көрген Әлмерек абыздың атақ-даңқын естіп, сол кісіге сәлемдесуге және ақыл-кеңесін тыңдауға құмартқан бір жігіт шалғай елден әдейі іздеп келеді де, абыздың үйіне түседі. Қонақты төрге шығарып, амандық-сәлемнен соң жөн сұрайды.

— Ал, шырағым, жол болсын? — дейді абыз.

— Ат басын тірер жерім — сіздің ауылыңыз еді, ата.

— Онда құлағым сенде, талабынды айта отыр.

— Даңқыңызды естіген соң, тәліміңізді үйреніп, өнеге алып кеткелі іздеп келдім.

— Сонда қалайтының әңгіме ме, тәрбие ме?

— Ата, үлгі — өзіңізден, мен үйренушімін ғой.

— Алдымен мынаны айтшы, қалжыңның неше түрі бар?

— Оны: әзіл қалжың, текті қалжың, кекті қалжың деп бөлуге болар.

— Мұның жөн, қылжақбас емес екенсің. Ал енді, қандай адамды шын дос дейміз?

— «Дос та дос, дұшпан да дос дес барында, дес қайтқан соң қалған дос шын қасыңда» дегенді естіп ем, ата.

Әлмерек абыздың жүзі жадырап сала береді.

— Сендей ұрпақ келіп тұрса, біздің көңіліміз де күндей жарқырайды. Жастардан күткен үмітіміз қарлы таудан төмен сарқыраған өзендей шалқып ешқашан сарқылмайды. Мұның жайын ұқтың ба, балам?

— Ұқтым, ата, ұқтым!..

— Мұратыңа жет, балам. Енді менің қонағым бол!

Абыз қонақ жігітпен бірнеше күн оңаша сырласады. Содан кейін жігіттің үстіне шапан жауып, астына ат мінгізіп, аялап аттандырған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз