Өлең, жыр, ақындар

Әкенің жақсысы жездедей-ақ

(Әкем туралы бір үзік сыр немесе мақалға қарсылық)

Әкем кітап жинағанды жаны сүйетін. Таңдап түскен мамандығы математика пәні мұғалімі болса да, әдебиетті  пән мұғалімдерінен артық білуші еді десем қателеспегенім болар. Алыстан келе жатқанда адамның көзі еріксіз түсетін түр-сипаты келіскен, көп ой үстінде жүретін жан еді. Қанша қатал адам болғанымен жүзінде бір жымиыс ұшқыны жан баласын өзіне тартып тұратын. Өзге кісілер балаларына ойыншық әкеліп берсе, әкем әртүрлі баспадан шыққан мұқабасы көз тартарлық, қызықты жаңа кітаптарды сыйға тартып, өзі секілді әдебиет пен өнерді бағалайтын ұрпақ болып өскенімізді қалайтын. Егде жастағы қарттармен де, балалармен де тең сөйлесіп, терең ой иесі ретінде сұхбаттасатын. Ақыл-ойы әлі толыспаған, мектеп қабырғасында оқып жүрген менен де зор үміт күтіп, әр айтқан сөзіме мән беріп, мұқият тыңдап пікір қосатын еді. Бір күні әдеттегідей қызу талқы кезінде, ойымда жүрген сауалымды ортаға салдым.

- Көке, осы бізде «әкенің жақсысы жездедей» деген мақал бар емес пе? Не үшін олай айтқан, сонда әкелердің махаббаты әлсіз бе? – деп әкеме сұраулы жүзімді аударып, ренжи қарадым. Көкем болса, аз-кем ойланып, жымиып:

- Ол мақал көп қолданысқа түсіп, бастапқы нұсқасынан өзгеріп кеткен. Түпкі мағынасы - «жезденің жақсысы әкедей». Жақсы жан жездең болса, әкеңнің орнын баса алады. Ал әке махаббатына келер болсақ, ол да - аналардың  балаларын сүйгендей ұлы сезім. Өз баласын жақсы көрмей, еміренбейтін адам кемде кем. Тек олар сырттай білдірудің орнына, іштей өте қатты жақсы көріп, әр балапанын жүрегінде сақтайды. Рас, бүгінде балаларынан бас тартып жатқан ер адамдар көп, дегенмен әйел адамдардың арасында да ондай қатыгез жандар кездеседі. Сонда, баласына «жездедей» болу тек әкелерде ғана емес,  тоңмойын, жылуы жоқ кез келген қатыгез адамда болуы мүмкін, балапаным.

Балалық шағымның тәтті естелігі болып қалған бұл диалог – бүгін әкем туралы қалам тербеуіме себепші болып отыр. Не себепті «әкенің жақсысы жездедей-ақ» деген ел аузында жүрген сөзді қоштамайтындығымды, көкемнің пікірімен неліктен қос қолдап келісетіндігімді,  нағыз әкелердің бейнесі бүгінгі күні де сақталғандығын өз көзіммен көріп, түйсінген оқиғаларыммен баяндағым келеді.

Жазғы демалысымызда Арал теңізінің жанынан су  сақтайтын қойманың ашылуына байланысты Елбасы арнайы өзі келетін болды деген хабар жетті. Сол су қоймасына ең жақын жер ретінде біздің ауылдың 50 шақты баласын (оның ішінде екі сіңілім де бар) концерттік бағдарлама бойынша өнер көрсетуге алып барыпты. Теңіздің жағасында тігілген шатырдағы балаларын ойлаған анам әкемнен жылы киімдерін беріп жіберсе керек. Өзі директоры болып табылатын мектеп оқушыларының жағдайын көруге барған әкем, балалардың «ағайлап» жүгіргенін көріп қуанып қайтыпты. Анам үйге келген көкемнің қолынан қыздарына беріп жіберген жылы киімдерін қайта алып келгенін көріп, ұмытып кеткен шығар деп ойлапты. Сөйтсе көкем:

-  Балалардың барлығы «ағайлап» жүгіріп құшақтағанда өз балаларымды алалап киімдерін бергім келмеді, тоңып жатса,  көппен бірге көрер. Ол оқушылар да менің балаларым ғой, - деп жауап беріпті. Жұдырықтай ғана жүрегінен өзінің ғана емес, өзгелердің де балаларына орын тапқан әкем ізгі әрекеті арқылы көпшіл болуды санамызға өзі білмей-ақ  мықтап шегелеген еді. Қазір өз балалары үшін басқалардың мақсат-мүдделерін  белден басып, аттап өтетін небір ата-аналарды көргенде «өзге дегенде өгіздей күші бар» жанның баласы болғаным үшін бойымды бір ерекше мақтаныш кернейді. 

"Арғымақ ат бәйгеге түскенде артқы аяғы алдыңғы аяғына қарағанда топырақты алысқа тастап шабады екен. Мен сол арғымақтың алдыңғы аяғы болсам, менің жеткен жетістігімнен артық озып, талай биікті бағындырар, әр қадымы нық азамат болыңдар. Адам шын қаласа, арман деген жеткізбес қамал емес. Мен үшін ең керемет, үлгі тұтқан адамым – өзім оқыған мектептің директоры болатын. Сол кісіге ұқсағым келіп талпындым, мақсатыма жеттім. Сендер одан да керемет, үлкен нәрсені армандаңдар", – деп зор үміт пен махаббатқа толы көзімен бізге қарайтын. 

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын болған соң бізге де ән-күйдің құдыретін сезіндіруге жанын салатын. Екі көзіміз төрт боп күтетін демалыс күндердің бірінде таңның атысынан оятып алып, күн шыққан соң ұйықтаған адамның несібесі кем болатынын ескертіп бір кейіп алды. Көзін тырнап жаңа ашқан мені теледидардың алдына әкеліп отырғызып қойды. Сондағысы – қазақ күйлерін оркестрмен орындап жатқан атақты күйшілердің концерті екен. «Қарашы, тамаша емес пе?» деп көкемнің өзі әр күйді тұшынып, рахаттана тыңдап отыр. Ал мен болсам, ұйқыдан жаңа тұрған бетім күйге елітіп, маужырап, қайта-қайта көзімнің ілініп кетіп жатқанын көкеме көрсетпеуге тырысып, әйтеуір концертті соңына дейін көріп аяқтадым. Сол кезде бала көңіліммен таяз қарап, мән бермегеніммен бүгінде шаршаған сәттерде әуеннің орнына күйлерді тыңдау әдетіме айналып кетті. Көкемдей толық түсініп тыңдай алмасам да, әуезіне құлақ түріп, зор таңданыспен тамсана тыңдайтын дәрежедемін. Домбырамен аз-кем күй шертетін өнерім де бар. 

Негізгі мектепті тәмәмдап, колледжге оқуға түскенде де көкем қарапайым жай сөзбен емес, әдеттегідей тағылымы мол әңгімесімен өз өмірімнің жауапкершілігі өзіме артылғанын астарлы оймен жеткізген еді. Сондағы әңгімесі әлі есімде. «Қыран бүркіт балапандарын баптап, бар сүйіспеншілігіне бөлеп өсіреді екен де, қанаттары қатайды-ау дегенде өздері мекендеген құздың ұшар басына шығып, итеріп жіберетін көрінеді. Өмір сүруге бейім, қанаттары қатайған балапандар ғана құлдилап құлап бара жатқан жерден қанаттарын қағып, аспанға өрлейді. Ал әлсіздері құз түбіне құлап, қаза табады-мыс. Мен де сол қыран секілді сені құздан құлатып жатырмын, ары қарай ұшып шығу өз қолыңда, ботам. Әлсіз балапандардың қатарынан табылма...»  – деп басымнан сипаған еді.

Көкемнің үлкен өмірге қадам басқанда берген ақылы қараңғылықтан алып шығар шамшырағы іспеттес өзімнен базкешкен кейбір сәттерде тура жол көрсетіп, адастырмай арманға қарай жүруге итермелейді. Қаталдығының астында жасырынған шексіз мейірімдігін сездіретін мұндай оқиғалар өте көп. Дегенмен, өзім үшін небір ғұламалардың асыл сөздерінен биік тұратын осынау әке тағылымының бір бөлігін өзге жандарға жеткізбек ниетім болды. Әкесінің махаббатқа толы алақанын сезінбеген жандар да өз әкесіндей көріп, осы әңгіме арқылы жылылықты түйсініп, ақыл-кеңесін өміріне жаратса деймін. Себебі, менің көкемнің жүрегі кез келген адамды баласындай көретін соншалық кең еді... 


ҚАРАСАЙ НҰРБИБІ ЖЕҢІСХАНҚЫЗЫ 

Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университеті

Филология факультетінің 3-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Әбіләз

ойланатын нәрсе

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз