Өлең, жыр, ақындар

21-ші ғасыр қызының мұңы не?

Қыз баласы-егемен еліміздің, жанға шипа, дертке дауа сайын даламыздың құнды қазынасы іспеттес.Жан дүниесінің әсемдігі жайында сыр шертетін қарақат көзі, қолаң шашы, кескін-келбеті, сыңғырлаған әрі ұнамды үні, ақыл-ойының тереңдігін айқындай түсетін адамгершілік қасиеттерімен дараланатын нәзік жандылардың кіндік қаны тамған жері үшін әрдайым "қылықты ару" болып қалатыны хақ.Содан болар, дана халқымызда:"Қыз-елдің көркі" деген астарлы сөздің белең алуы.

Күллі әлем жаратылғаннан бастап, өмір атты ұзақ сапарда сан қилы ауыртпалықтарға кездесіп, санасының тереңдігіне бойлап, табиғатынан берілген бар жігерін жиып, күрмеуі шешілмес күрестерді жеңген  кейбір өжет қыздарымыздың көрген қорлықтарын көз алдыңызға елестетсеңіз-жаныңыз түршігеді.Әрине, қазір ғұмырымызға жаңа леп пен жаңа тыныс сыйлайтын заман, бәсекелестік ғасыры.Алайда, шынайы бақытқа кенеле алмаған кейбір қара көзділеріміздің бастан кешкен оқиғаларын тілге тиек еткеніміз жөн болар.

Жақында қоғамымызда жағаұстатарлық жайттар орын алды.Жүрдек пойыз арқылы діттеген жеріне жетпек болған Қазақстан азаматшысына жолсеріктер түрлі қоқан-лоқы көрсете отырып, азаптаған.Тәні ғана емес, жаны жараланған жәбірленуші қандастарынан жазаны күшейтуді әрі өзгелерден қыз өмірін өкінішке толтырар дәл осындай қылмыстардың қайталанбауын өтініп отыр.Бұл-бақытсыздыққа душар болған бойжеткеннің ащы зары ғана.Ал, мұндай машақатпен күресе алмай, қапыда қалған талай қазақ қыздарының тағдыры жайлы не демекпіз?! Күйзеліске түсіп, бар дәрменімен басқа түскен қиыншылықтармен күрес жүргізсе де, өз ортасында кеудесін тік көтеріп, баянды ғұмыр кеше ала ма? Сірә,туындаған толассыз сұрақтардың шешімін таба алмаспыз.

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіден 9-10 жастар шамасындағы бейкүнә періштенің дәл осындай хәлге душар болғанын көрдім.Ақ пен қараның не екенін білмейтін, мына әлемнен мейірім күткен балапанға жасалынған айуандықтан хабардар болғаннан кейін байыз таппадым.Егер әлгі қылмыстың беті ашылмаса, тасжүрек әке ойындағысын одан әрі жүзеге асырып, бүлдіршіннің арын аяқ асты етуді доғармас та еді.Мына жарық дүниеге енді ғана дағдыланып келе жатқан бөбек жүректі балғын балалық шағынан айырды.

Орташа есеп бойынша , өңірлерде сан мыңдаған жастар осындай қорлық көретіні анықталды.Ал басқа да қылмыстардың бетпердесінің ашылмағаны қаншама?! Қылмыстық істерді жұдырықтай жұмылып, құрыққа түсірейік деп ант-су ішеміз.Әрекетке келер болсақ, мардымды жұмыспен айналысып жатқанымыз шамалы...

Көптеген көріктілеріміз неше түрлі сынақтарды өткеріп, алаяқтарға алданғандарын алға тартады.Иә, сенімге сызат түсіріп, қыз баласының қасықтап жиған абыройын шелектеп төгетін екіжүзді азаматтарымыздың көбеюі-көңілді құлазытады.Шынайы шаттыққа бөленуді қалайтын аруларымызды қараңғы түнекке тығып,  мұң мен шердің дәмін татқызған есіл ерлердің әрекеттеріне не деп жақ ашатынымды білмеймін.Опасыздық пен сатқындықтың сергелдеңіне түсіп, осы жолда адасып, жол таба алмай, санаулы ғұмырының жарты жылын өткізген жанның ертеңгі күні не болмақ? Баршамыздың өзегімізді өртейтін осы бір өкінішті түп тамырымен жоюдың жолын іздестіріп бағудамыз.Осы мәселелерді туындатпас үшін руханилықтың бастау бұлағы болған ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақи тәлімді оятып, ақ көңілмен әрі адал ниетпен барша әлемнің кілтін ұстауға тырысуымыз керек-ті.Әрбір ару өз мүддесі үшін күресуге міндетті.Мемлекетіміздегі шиеленіскен осы бір ахуалдардың шешімін тауып, қиындыққа қасқайып қарсы тұрсақ-ұпайымыздың түгелденіп, асығымыздың алшысынан түскені.Нәзік жандылардың рухын көтеріп, мұңын мұңдап, алтынға да айырбастамайтын арын сақтасақ-Алаш еліне айбыны асқақ келешек ұрпақтың жерімізді көркейтіп, елдігімізді нық ұстайтыны анық.

Аружан Самидин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Трэшер

тамаша

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз