Бірінен-бірі сөз асырмақ, әркім өз мерейін үстем еткісі, әрқайсысы өз ру-таптарының намысын биіктеткісі келген топ жиынның ішінде төртуыл Омар деген бар еді. Сөз сайысына түсіп, қызынып алған ол қарсыласы Құлеке-Сейіттіктерге шешендік, сөз тапқандықтың жөні осы екен деп, оларды өлеңмен төпеп, бет қарамастай еткісі келіп:
— Атым — семіз, тамақ — тоқ,
Тарбағатайдың бораны
Қалай соқсаң, олай соқ.
Боранда ұшып өлетін,
Құлеке-Сейіт мұнда жоқ, —
деп бастырмалатады. Шекара ашық заманда ар жақтан (Россия жағы) барып мал алып келмек болған Құлеке-Сейіттің біреуі Хабарасудан өте алмай, боранға ұшып өліпті. Омардың өзінше тіліне тиек етіп, қарсыласын сөзбен байладым деуге негіз болған сол бір оқиға еді. Құлекеңнің сөз сайысына түскен адамы Омарға:
— Ер болсаң, сөзіңе жауап бер. Мықты екеніңді білейін, ар жақтан барып мал алып кел, — дегенде:
— Әкелмегенде несі бар? — деп Омар атына мініп, жүріп кетеді. «Хабарасу, жығылған түйе тайып жаман асу» дейтін әйгілі асуға жете бергенде, Омар алды-артын орап соққан ақтүтек боранға кез болады. Аты омбылап, өзі суыққа тоңып, қоқиған Омар ойынан пәрмені, бойынан дәрмені кетіп аттан ауып қалыпты. Үсті-басын қар мен мұз басып, сауыс-сауыс болған Омардың аты таңертеңінде ауылға келеді. Іздеушілердің өлдім-талдым дегенде зорға іздеп тапқандары бұрынғы аузымен аспандағы айды алған бөспе Омар емес, қол-аяғы қоқиып
қатып қалған, кірпігі зорға қимылдайтын, кеудесінде шығар-шықпас жаны бар, қатып-сірескен Омар еді. Екі аяғының басы үсіп түскен ол, содан бастап «Шолақ аяқ Омар» аттаныпты. Омардың мекені Шыңжаң өлкесіндегі Сібеті деген жер, қыстаулары Тарбағатайға таман. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді халық Омар сияқтыларға арнап айтса керек. Байқап сөйлемесең, өз аузыңнан шыққан сөз өзіңе пәле боп жабысатынына осы әңгіме мысал болуға тиісті, — деп Сейтқазы ақсақал әңгімесін аяқтады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі