Орта жаста Мұқан деген кісінің Сүтжирен деген бәйге аты болған.
Бір атының үстін тарап, сылап-сипап: — Жануарым, қусам, жететін, қашсам, құтылатын қанатымсың ғой, — деп атымен сөйлесіп, қаннен қаперсіз тұр еді, сырт жағынан інісі:
— Аға, маған атыңызды беріңізші. Жоланның қызының тойы болады екен. Соған барайын деп едім. Аға деймін-ау, түнеугүні Саржанның тойында мен Сүтжиренмен көкпар тарттым, ешкімге бермедім. Маған бір адам да жете алмай, көш жерде қалып қояды.
Мұқан:
— Жоқ, Шакер, бір-екі рет бердім. Жалғыз атым. Сен алаңғасарланып, елде неше той болса сүтжиренді мінгің келеді. Тау-тас демей, жыра-шұңқыр демей, шаба беретінің бар. Не өзіңді, не атты мерт қыларсың. Сүтжиренге үйір бола берме. Енді бермеймін. Өз атыңды мінсеңші.
Шакер долданып кетіп бара жатып:
— Осы баласыз қубасқа жүйрік ат не теңі екен? — деген сөзі Мұқанның жүрегіне оқтан да жаман қадалды. Не дерін білмеді.
Шакер Мұқанның Мәсен деген ағасының баласы еді. Мұқанда перзент жоқ болатын. Шакер інісі соны бетіне басып кеті. Мұқан назаланып, ой түбіне шомып отыр. Әйел алуға қалыңға берер малы жоқ. Бір ат, бір бие, екі сиыры, бес ешкісі ғана бар. «Мұндай сөзді естіп отырғанша, нағашыма барайын, болмаса қаңғып кетейін» деп тұжырым жасап, Сүтжиренді ерттеп мініп, үйінен шығып кетеді. Нағашы жұрты алыс елде болатын. Жол азық алды. Қайда баратыны жөнінде үй ішіне тіс жарып айтпады. Әйтеуір атына сенеді. Екі күн, екі түн елсіз далада келе жатыр. Айдалада көп бейіттер кездесті.
Жанынан өте беріп еді, аттың пысқырған дыбысы естілді. «Бұл не ғажап, мидай дала, ел жоқ. Иен дала, әлде ұры ма, әлде адасып қалған жылқы ма, білейін» деп бейіттің ішін аралап келе жатса, төрт құлақты үлкен бір бейіттің ішінде үстінде күміс ертоқымы бар, қара қасқа ат тұр. Тізгінді бейіттің құлағына асыра ілген екен. Ат шөлдеп, әрі ашығып, бұралып өлуге айналған. Иесін іздеп еді, дыбыс болмады. Ашыққан атты
өзен бойына апарып, суарып ауыздығын алып, ертоқымын алып, аяғын тұсап, отқа жіберді. «Енді мұның иесін табайын» деп бейіттің ішін аралап, айқайлап дыбыс беріп шақырып еді, ешкім көзге ілінбеді.
«Не де болса бұл құлаған бейіттердің ішінде отырған шығар. Не өліп қалған шығар» деп, құлап үңірейген бейіттерге ең кейіп, еңбектеп кіріп қарауға кірісті. Аяқ жағы құлаған бір қабірдің ішіне қолын сұғып қарады. «Мүмкін осында жатқан шығар» деп. Қолына бір кебіс ілікті, алып қараса көк сауырлаған, күміс шегелі әшекейлі әйел кебісі екен. «Мұның егесі де осы қабірде жатыр екен ғой» деген оймен ішіне түсіп қараса, бір әйел киімімен жатыр. «Өліп қалған ба» деп жүрегіне қолына салса, аздап соғып жатыр екен. Көрден алып шығып қараса, бойжеткен, жап-жас қыз бала екен. Аузына аздап су тамызды. Алғашқыда суды жұтуға әлі келмеді. Бірте-бірте аздап жұта бастады. Ептеп көзін де ашуға айналды. Мұқан кім екенін білуге асығып:
— Қарағым, кім боласың? Жөніңді айта аласың ба? — деп сұрап еді. Қыз:
— Аға, мен ашпын ғой. Әуелі маған аздап тамақ беріңіз, содан соң аздап дем алайын, сөйлеуге қазір әлім жоқ, — деп сыбырлап, әлсіз ғана бөліп-бөліп айтты. Аздап тамақ берді. Тағы да сусын жұтқызып барып, көтеріп қызды өзен жағасына апарды. Астына тоқымын төсеп жатқызды. Төрт, бес сағат дем алып ұйықтады. Содан кейін оянып, көзін ашты. Тағы да аздап тамақ, сусын берді. Әсті-әсті әл кіріп, бері қарай бастады.
Қыз:
— Аға, енді мен ептеп өз жағдайымды баян етейін, — деді, — мен бір атақты Омар дегеннің қызы едім. Мені атастырып баратын жерім де атақты Алтай руы болатын. Осыдан бір жеті бұрын құдалар келіп, ойын-тойым өтіп, ұзатылып, елден 10-15 шақырым шыққан соң, иендеу жерде келе жатыр едік, бір белеңнен бір топ адам шыға кеп, бізге қарай қаптап шауып келе жатты. Біз қаштық. Маған күйеуім айтты: «сен қолға түспе, атың жеткізбейді ғой. Қашып кете бер, қолға түссең, қор боласың» деді. Сонымен алға қарай кете бердім. Күн де батты, түнімен жүріп отырдым. Таң да атты. Артымда келе жатқан ешкім жоқ. Мидай далаға шығып кеткен екем. Қайда барарымды білмейін. Неше күндей аш жүрдім. Ұшы-қиыры жоқ, жазық дала маңайға көз жіберсем, ауыл жоқ, не ескі жұрт жоқ. Мең-зең болып, басым айналып, әбден әлсіреп, аттан ауып түсіп, құлауға айналдым. Атым да ашықты, әрі шөлдеді. Амал қанша, істер ешбір айлам жоқ. Көзкөрім жерде бір бейіт тұр екен. Не де болса неше бір адамдар жатыр ғой. Соған паналайын деп бейітке тарттым. Келсем, үлкен бейіт екен. Ішіне кіріп, ана үлкен төрт құлақты
бейітке атымды кіргізіп, тізгінді іле салдым да, өзім теңселіп барып, бір ашық көрге жақын келдім. Ондағы ойым: «ашық жерге өлсем, денем күнге іріп, қарға-құзғынға жем болармын, жаным осы адамдардан артық па» деп, көрге сүйретіліп кіріп құладым, — деп қыз өксіп, жылап жіберді.
— Жарайды, қарағым, «өлмегенге өлі балық кез келеді» деген емес пе? Ажалың жоқ екен, менің кез келгенім. Жылама, арты жақсылық болады екен. Атаңның аты кім, қай ауыл, соны айтсаң, сұрастыра отырып табармыз, — дедім.
— Атамның аты — Қасымбек болса керек. Ал күйеуімнің аты Асылбек екен. Елі Есіл өзенінің жағасында, Атбасарға жиырма бес шақырым тұрамыз деуші еді.
Мұқан:
— Онда жақын қалған екен ғой. Кәне, жүруге қамданайық. Қыздың атын әкеп ерттеп, мінгізді де, өзі де атына мініп, екеуі Атбасар жаққа бет бұрып, жүріп кетті. Жаңағы бейіттерге түстік жер екен. Ауыл көрінді. Қыз ауылды көріп:
— Шіркін, азап көрейін десе, оп-оңай екен ғой, аға. Мына бейіт осы ауылдыкі шығар, — деді.
Мұқан:
— Қарағым, сен атыңнан түсіп қала тұр. Мен барып хабар берейін. Қыз-келіншектер алдыңнан шығар, — деп өзі жүріп кетті. Елдің шетінен бір баладан:
— Қасымбек ақсақалдың үйі қайсысы? — деп ед, бала:
— Анау үлкен үй, — деп, бір әсем үйді мезгеді.
Жеті қанат ақбоз үйдің алдына кеп:
— Кім бар-ау? — деп дыбыс беріп еді. Бір жас жігіт шыға келді, сәлем беріп, Мұқанның шылбырын ұстап:
— Түсіңіз, ақсақал, — деді.
Мұқан:
— Қасымбек ақсақал үйде бар ма? — деп еді.
— Үйде, үйде, — деп жігіт жеделдете сөйледі.
Мұқан аттан түсіп, үйге сәлем беріп кіріп келсе, қымыз сапырулы. Екі-үш кісіге Қасымбек қымыз құйып беріп отыр екен.
— Жоғары шығыңыз, — деп Мұқанға да бәйек болып, қарсы алысып жатыр.
Әлден уақта Қасымбек жанында таяу отырған кісіге қарап:
— Қазір тіл келеді, одан өзі келеді деп едің ғой. Мына жігіт тіл әкелгеннің қай жағында? — деп салды.
Мұқан күліп:
— Тіл түгілі келіндеріңнің өзін де әкелдім, — дегенде, барлығы жапа-тармағай орындарынан атып тұрып, у да шу, жылау да күлу, қайда-қайдалап, бірінің сөзін бірі естіртер емес.
Елі де әп-сәтте жиналып қалды. Мұқанды біреулері құшақтап, енді біреулері сүйіп те жатыр.
— Ана қырдың астында, қара қасқа аты қасында келіндеріңіз отыр, — дегенде, ең алдымен күйеу әй-күйге қарамастан шаба жөнелді. Артынан жаяу қыз-келіншектер торғын шымылдық алып барып, қыз бен жігітті отауына әкеліп кіргізді.
Келіншек күйеуіне:
— Ана мені әкелген кісіні жібермей, жақсылап күтіңдер, — депті.
Әлгі жолда қаптап шапқан жау емес, сол елдің аңшылары екен. Қыз бәйгі қара қасқа атымен тарта берген. Неше күндей іздеп, елге сұрау салып, оншақты күннен бері қатты әбігер болған, бір жағынан ел-жұртынан да ұялып барады. Тек төсек орыны бар, келіннің өзі жоқ. Ауыл-ауылда, палшы, құмалақшы болса, соның барлығына пал аштырған. Барлығы да «келін тірі, аман-есен, үйіріне қосылады. Шүйінші хабар келіп тұр. Осы жетінің ішінде үйіңде ұлан-асыр тойың болады» десіп отыр екен. Ұлы дүбір той жасап, байдың ауылы күнде жиын, қалың жұр бірі келіп, бірі кетіп жатыр.
Бай Мұқанның жағдайын сұрап білді. Қызды қалай іздеп, көрден алғанын, бәрін баяндап берді. Келіні атасына:
— Мен өліп-тірілген адаммын. Ана кісі менің — көр әкем. Оны құрметпен аттандырсын! Және менің қара қасқа атымды, ер тоқымымен беремін. Оған атам ренжімесін, — депті.
Бай қайдан ренжісін, өлгені тіріліп келіп, төбесі көкке жетіп отырғанда. Бай Мұқанға он алты жылқы берді және келінінің айтқан, өтінгені бойынша қара қасқа жүйрік атты күміс ертоқымымен беріп, төрт жігіт үйіне әкеп салып, бір-екі күн қонақ болып, қош айтысып, қайтқан екен. Мұқан өзімен шаруасы теңдес бір кісінің қызын айттырып алып, өзіне лайық той өткізеді. Содан Мұқан бала-шағалы болып, мұратына жетеді.
Қайырбек
Осындай әңгімелерді мектеп оқулықтарына енгізе жас ұрпаққа үлкен тәлім-тәрбие болар еді. Бір жағынан ауыз әдебиетімізге қосылған ұрпақ жалғасы болар едң.