Өлең, жыр, ақындар

Өміріне шарт қойған инженер

Ұлы орыс Ленинградтық бір жігіт инженерлік оқуын бітірген соң, өз өміріне шарт қойған. Ертеде инженерден еңбек ақысы көп қызметкер болмаған. Оның шарты: бір елде шартпен бір жыл ғана жұмыс істейді (мысалы, Қазақстанда бір жыл ғана істеуге договор жасайды). Сол жерден бір жылдық әйелге договормен шартқа отырысып, үйленеді. Міне, осы ретпен өлгенінше осылай етуге серт еткен.

1930 жылы Семей облысы, Жарма ауданы, Ақжал алтын заводына келіп, қызмет істеген, оған көмекші инженер болып Өскемен уезінен Қабыш Дәуменов деген жігіт істейді. Мен Жарма ауданынан Алматыға поездбен келе жатырмын. Сол 1930 жылдың сентябрінде поезд ішінде Дәуменов Рахыммен кездестім. Амандасып, шүйіркелесіп қалдым. Бұл кісі ескі сарсүйек құдандалы болушы еді. Амандықтан кейін «қайда
барасың, не жаңалық т.б.» әңгімелерге кірістік.

— Менің балам Қабыш Дәуменов мына Ақжал заводында көмекші инженер болып істейді. Өзі отау үй болған. Семьясымен көшіп келіп, Ақжалда тұрады. Оларды көрмегелі бір жылдай болып қалып еді. Өткен айда немерелерімді сағынып іздеп бардым, келінім үйде екен, қарсы алды. Немерелерім де сағынып қалыпты. Мойныма асылып, мәз-мәйрам болып қалды. Кешке жақын балам Қабыш келді. Амандасып, ас-су ішкен соң, таза киімін киініп, кетіп қалды.

Түнімен келмеді, таң ата бір-ақ келді. Мен оған жиналыста болған шығар деп, үндемедім. Келесі күні тағы да асын ішті де, түнде кетіп қалды. Таң ата келді, таңертең балам қызметіне кетті.

Мен келінімнен:

— Балам күнде түнде қайда кетеді? — дедім.

— Қайдан білейін, әйтеуір түн баласында жоқ болатынды тауып алды, — деді. Сенімсіздік, қызғаншақтық барын сездім де үндемедім. Кешке балам қызметінен келген соң, ас-суын ішкен соң, баламмен оңаша әңгімелестім.

— Балам, бөтен елде, бөтен жерде отырсың. Бала-шаға да бөтен елде отыр, ал сен түнбаласында үйде болмайды екенсің. Келін, балалар қорықпай ма, осы жағдайың қалай, қарағым?

— Әй, әке-ай, мен бір бозбастық қылып, әйелдермен жүр дейсіз бе, осында дүниені кезген адаммен әңгімелесем.

— Ол қандай адам, кім өзі?

— Ол осы заводтың бас инженері, өз өміріне шарт қойған адам. Бір елде бір жыл ғана қызмет істейді. Келер жылы өзі көрмеген бір республикаға барып, онда да шартпен бір жыл істейді екен. Ол кісімен қазақ халқының еңбегі, күнкөрісі, салт-санасын, әдет-ғұрпын сұрайды. Мен соны айтам, ол көп елдерде болған, одан көргенін маған айтады, сонымен түні бойы әңгімелесеміз.

— Мен көп сұрақтар қойдым. Сіз бұл шартты не себепті қойдыңыз. Бұрын-соңды мұндай іс ешкімде болмаған сияқты.

— Адам баласы дүниеге бір-ақ рет келеді. Дүние сенің үйің, үйіңнің ішінде не бар, не жоқ екенін білмеген адам, қандай адам болады? Мен осылай өзім көрмеген, білмейтін халықтың ортасында бір жыл тұрсам, сол елдің салтын, санасын, күнкөрісін білемін. Міне, сенен сұрап біліп, көзбен көріп те жүрмін, осы ретпен өлгенімше істесем, мың жасаған адамның көргенін көремін, соның білгенін білемін.

— Сіз қанша жасқа келдіңіз?

— Қырық сегізге келдім.

— Неше әйел алдыңыз?

— Жиырма жеті әйел алдым.

— Олардан балаларыңыз бар ма?

— Бар. Алды школда оқиды.

— Сіз бір әйелмен неге тұрмайсыз?

— Бір әйелмен тұрсам, оның екі-үш баласы болады, оның әрқайсысының төсек-орны, киімдері болу керек. Мысалы, мен осы арадан Индияға кететін болсам, оларды қалай жеткізе алам, мен қазір дүниенің қай шетіне барсам да, бір шамаданымды алам да, самолетпен, поездбен жүре берем.

— Сіз әйелді қандай шартпен аласыз?

— Мен қызметке орналасқан соң, жесір бойдақ әйелдермен сөйлесіп, келісемін. Сіз маған бір жыл әйел боласыз. Жұмыс істемейсіз, киімің, тамағың менен, үйде тамақ істейтін үй қызметкері болады. Бір жылдық расходыңды беріп кетем. Ал бала болса, ол өзіңде қалады, осыған келіссең, договор жасаймыз деймін. Келіседі, договор жасап, тұра береміз.

— Сіздер бір жыл тұрып үйренісіп қалдыңыздар. Ал айырылысарда әйел қандай жағдайда қалады?

— Қимайды, жылап қалады. Бірақ разы болып қалады.

— Бұрынғы әйелдеріңізбен, балаларыңызбен хат алысасыз ба?

— Хат жазысып тұрамыз, расходтан артылған қаржы болса, аздап жіберіп те тұрамын.

— Қандай жерде болдыңыз, шетелде болдыңыз ба?

— Мен осы шартым бойынша СССР-дің көп жерлерінде болдым. Енді шетелді де көрейін деп, Англияға бардым. Онда жұмыссыз жүргендер көп, мені шеттен келгендіктен ғана қызметке орналастырды. Онда азық-түлік отар елдерден келеді екен, бірнеше саудагерлердің қолынан өтіп және параход, расходы қосылғанда бір адамның еңбек ақысы өзінің тамағынан артылмайды екен. Өте қымбат екен. Мен онда әйел алмақ түгіл, өз тамағымды әзер асырап тұрдым. Тұрмысқа ауыр екен. Менің бағалауымша, Англия білімнің ордасы да, білімпаздың сорлысы да сонда екен.

— Ол қалай?

— Білімнің ордасы дегенім — бір үйде үш ағайынды жігіт болса, үшеуі де инженер, профессор, жоғары білімді маман. Ал білімпаздың сорлысы сонда екен дегенім — оларға қызмет табылмайды, дворник болып, қара жұмысшы болып істейді. Оларға жақсы киіну, жақсы тамақ ішу керек, сондықтан олар шеттегі отар елдерге Индия, Арабия, Қытайға қызмет іздеп қаңғып кетеді екен. Сорлысы дегенім осы еді, содан кейін Америкаға бардым, үлкен городқа келіп, параходтан түсіп, гостиницаны көшелерден сұрасам, менің тілімді ешкім түсінбейді. Мен
олардың тілін түсінбеймін. Не істеу керек, көшеге жаяу қаңғып шығып кеттім. Келе жатырмын. Бір адам қарсы кездесіп, менің түр-тұлғам бөтен, шетелден екенімді сезіп:

— Сіз Россиядан емессіз бе?» — деді орысша.

— Иә, Россиядан келіп едім. Гостиницаны сұрасам, ешкім тілімді білмейді. Соны іздеп, тіл білетін біреу кездесе ме деп көшеге шығып едім, сіздің кездескеніңіз мұндай жақсы болар ма? Ал енді гостиницаны қалай табамын? Қолына кішкене книжка алды да көшені, үй нөмерін жазып:

— Машинамен көтеріліп, үшінші этажға елу сегізінші комнатаның қоңырауын қақсаң, сізді қарсы алады, — деді. Мен рахметімді айтып, жүріп кеттім. Айтылған көшені, үйді тауып, үшінші этажға шығып, елу сегізінші комнатаның қоңырауын бастым. Ар жағынан бір адам есікті ашып:

— Сіз пәленше емессіз бе? — деді.

— Иә, мен сол адаммын.

— Кіріңіз, келіңіз! — деп қарсы алды. Кеңсесіне кіргізіп жағдайды білді. Бір комнатаға әкеліп бұрыштағы бір төсекті көрсетті.

— Осында жатып он бес күн демаласыз, тамаққа, ештеңе- ге төлемейсіз, мына столға, мына кнопкаларды бассаңыз, тілеген тамағыңыз өзі аптаматты столыңызға келіп тұрады. Он бес күннен кейін қызметке шығасыздар, — деді. Сол комнатада әр мемлекеттен келген инженерлер қырық адам жатырмыз. Он бес күн тегін жатып демалдық, содан қырық қыз алып келді. Бәрі инженерлік институтты бітіргендер. «Ал, жігіттер, мына қыздардан көңілдерің ұнатқанын жолдастыққа алыңдар» деді. Бір-бір қыздан алдық. «Енді қызметке шығасыңдар» деп барлық үй-іші жабдықтарымен, дайын квартираға орналастырды. Қызметке кірістік. Америка өмірі соғыс көрмеген, бай мемлекет қой. Дүние арзан, бәрі молшылық. Бір жыл ғана тұрам деп барған адаммын ғой, қызықтан шыға алмай үш жыл тұрып қалдым. Үш жыл тұрғанда бір қайыршы көрмедім. Тұрмысына наразы бір кісі көре алмадым. Еңбекті ең аз алатын дворник те тұрмысына разы, көшеге шықса, байлардан айыра алмайсың. Сол дворниктер вечер істеп, үйіне бай инженерді шақырса, олар тартынбай келіп, тамағын, ішкілігін ішіп, билеп, рахаттанып қайта береді екен. Мен үш жыл емес, өмір бойы сонда қалатын едім. Өміріме қойған сертіме хилап қылмаймын деп, қызықтан қашып шықтым, — деді.

Бұл кісі жақсы инженер екен, сол күнде еңбекақысы мың сом еді. Завод бастығы: «мың жарым сом, еңбек төлейік. Енді бір жыл қал» деп өтінген екен. «Жоқ, өмірлік сертіме хилап қылмаймын» деп, ендігі көрмеген жерім — Башқұртстан. Сонда барамын» деп, кетіпті. Инженерлігімен қосып жазушылығы да бар екен. «Өмірімде көрген-білгенімді кітап қылып жазамын», — депті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз