Өлең, жыр, ақындар

Қарт мұғалім Бейсенбаев Жәкіштің айтуы

Он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасыр аралығында Жетісудағы найман-садыр, матай елін билеп-төстеген даңқты адамдардың бірі Тұрысбек екен. Ол өз дәуірінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» дейтіндей дәрежеге жетіпті. «Біржан сал мен ақын Сараның кездесуі Тұрысбектің алдында болып еді» дейді сол елдің көне қарттарының бірі, Әріп ақынның серігі Әбізиұлы Жәкей ақсақал.

Сарыарқа жерімен, ондағы ел жақсыларымен танысу үшін Тұрысбек бірде Атбасардың жазғы жәрмеңкесіне барады. Тұрғын ел оны үлкен құрметпен қарсы алады. Екі-үш үй тігіп, арнайы қонақасы даярлайды. Елдің білікті адамдары, зиялы ақсақалдар кезекпе-кезек құрметті мейманға сәлемдесуге келіп тұрады.

Атығай, қарауыл тобын сол елдердің даңқты адамдары Тұтанұлы Қарабатыр мен Бәубекұлы Мағзұм мырзалар бастап келеді. Екеуінің аты-жөнін білгеннен кейін, сыртқы сипатына қарап, Тұрысбек оларға қатал сын тағады:

— Етегіне қарап, жер шұқыған жігіт ел билеп, не жарытар дейсің, — деп сын тағады Қарабатырға, — қабағы тым қалың екен, елге жақсылығынан забытасы көп болар, — деп бағалайды Мағзұмды.

Қозған, Қақсал тобын бастап, бұрынғы әдетінше сәнді киініп келген Сәркеұлы Жанбай (Жаманкөз) мырзаны да батыл сынайды:

— Шіңкілдеген әйел дауысты, қызтеке жігіт те ел билей ме? — деп әсем киінгенін ұнатпайтындығын байқатады. Қуандық, Сүйіндік тобын бастап атақты Жанайдарұлы Мейрам мырза келеді. Оның түсі сары, көзі көк болатын. Сол бейнесіне қарап Тұрысбек:

— Ағамыз жорықта көп жүреді деуші еді, жеңгеміз ұйқысырап кеткен болар ма, — дейді.

Тұрғын ел адамдары Тұрысбектің бұл өрескел сынына қатты наразы болады, сый-сияпаттың бәрін тоқтатып, өзін масқаралап қуып жіберуге әрекеттенеді. Соның оңай амалын іздейді. Ел билеу ісіне қатыса бастаған жас жігіт, Қозған ішінде қадірлі ақсақал Шорманның баласы Беркінбай ызалы көпшіліктен өзін Тұрысбекке сәлемдесуге жіберуін өтінеді.

Беркінбайдың ұсынысы бойынша бір топ адам Тұрысбекке сәлемге барады. Үлкендер төрге жағалай отырғанда Беркінбай босаға жақта аяғын көсіліп, шынтақтап жатады. Төрдегілер мен жағалай таныса келіп, Тұрысбек:

— Ана бір күлге аунаған есектей сұлап жатқан көргенсіз, әдепсіз жігітің кім? — деп сұрайды. Таныстырып отырған адам:

— Шорман ағамыздың баласы Беркінбай мырзамыз ол, — десе, Тұрысбек:

— Жақсыдан жаман туады, азып туған сұмдардың бірі десеші, — дейді.

Жанында отырғандар:

— Бірдеме демейсің бе? — деп Беркінбайды түртпектейді.

— Ит те малтиды, Тұрысбек те малтиды. Тұрысбек малтиды екен деп, мен де малтиын ба? — дейді Беркінбай зілді дауыспен. Тұрысбек ләм дей алмайды, дереу атын жектіріп, тайып береді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз