Өлең, жыр, ақындар

Мақтаншақ

Қара күшіне масаттанған бір мақтаншақ балуан:

— Балуан атаулының бәрін жығып болдым. Енді кім қалды менімен ұстасатын, — деп жар салыпты.

Мақтана сөйлейтін кісіні жаны жек көретін бір қарапайым арық жігіт:

— Мен күресемін, — деп халықты куә қылып, мақтаншақ балуанға қарсы шығыпты. Балуан тыртыйып тұрған арық жігітті келемеждеп:

— Бел омыртқаң үзіледі ғой, сорлы, — депті.

Жігіт:

— Үзілсе үзілсін, маған сонысы керек. Сондықтан мына шартпен күресейік: ұстаса кеткенде бірімізді біріміз қысып ойбайлатайық. Сол жыққан болып есептелсін, — деген екен.

Күшіне сенген балуан жігітті кекете-мұқата келісімге келіпті. Жиылған халық куә бола мақтаншақ балуанның жығылуын тілепті. Сол екі арада екі балуан ұстаса кетіпті. Шын балуан жігіттің белін үзіп жібермекші болып, сойылдай қолын ойқастыра бергенде, жігіт алақанына қысқан тебенін беліне сұғып алыпты да лақтырып жіберіпті. Балуанның жан даусы шығып, жігітті қоя беріп, ытып кетіпті. Жиылған жұрт «жығылдың» десіп, мақтаншақты мазақтап, жігітке алғыс айтысыпты. Ызаланған балуан даурыға өзеуреп:

— Алдады, денеме бір пәлені тығып алды. Нанбасаңдар қараңдар, қаны ағып тұр, — деп көйлегін шешіпті. Жұрт қараса қан түгілі сайтан да жоқ. «Бұл қалай» деп аң-таң болған балуанға жұрт:

— Балуандығың жақсы, мақтаншақтығың жаман. Мақтаншақтың жолы бір-ақ тұтам, — десіпті.

Сонымен, қарапайым жігіт қан шығармайтын дәрімен дәріленген тебенмен мақтаншақтың үнін ақыл-айламен өшірген екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз