Бұрын жергілікті халық Ырғызды «Жармола» деп атаған. Сол кездерде қан базар, қызу сауда орталығы болған Жармоланың жәрмеңкесі мен базарына сонау Орынбордан орыс көпестері мен татар байлары, алыстағы Тәшкен мен Самарқаннан өзбек саудагерлері жиі келіп жататын көрінеді.
Бір жылы осы Жармолада халық көп жиналған бір жәрмеңке өткізіледі. Оған Шекті руының атақты байы Мырзағұл да келіпті. Базарға жағындағанда ол қасындағы біреулеріне:
— Бұл жәрмеңкеге Төртқара Бұзаубай келді ме екен, біліп келіңдерші, — дейді. Айтқандай-ақ ол ығы-жығы базардағы көп адамның ішінен тап бола кетеді. Өзі сирағы шыққан кедей болғандықтан, ағайындас бір байдан он шақты құлынды биені сауынға сұрап алып, соның қымызын сатып жүр екен.
Мырзағұл бай бастаған 4-5 кісі сынау үшін Бұзаубай жатқан бір ноғайдың үйіне сау ете түседі. Қонақ келіп қалған соң Бұзауекең кедейлігін білдірмей, оларға қонақасы беріп, 5-6 күн сый-сияпат жасайды. Бір күні қонақтар жатқан үйдің иесі Бұзаубайға:
— Бұзеке, қонақтарға беретін ет таусылды. Енді қайтеміз? — дейді.
— Саспа, қазір мен бір кісіні жұмсаймын, — дейді.
Айтқандай-ақ, ол бір жігітті шақырып алып:
— Қала сыртында жүрген жылқыдан бие деме, айғыр деме, тіпті қонақтікі деме, іштеріндегі ең семізін алып кел де сой, жауабын өзім беремін, — дейді.
Жылқы алып келуге барған жігіт Мырзағұлдың торы атынан басқа семіз жылқыны кездестірмей, соны сойып алып келеді.
Шылқыған май мен қазы-қартаны ұртын толтыра асаған Мырзағұл:
— Бұзеке, сойған қонақасыңыз өте семіз екен, — депті.
Сонда Бұзаубай тұрып:
— Е, шырағым-ай, бұйырғаны шығар. Жеңдер, жеңдер, — дей беріпті.
Тағы да 3-4 күн қонақ болғаннан кейін Мырзағұл Бұзаубайға:
— Бұзеке, он шақты күн сіздің дәміңізді татып, қадірлі қонақ болдық. Кедей болсаңыз да сырыңызды білдірмедіңіз. Көп қонақты күтетін бай адам емессіз. Сізге ризамыз. Енді сол ризалықтың белгісі болсын. Менімен бірге базарға жүріңіз. Сізге ат сатып алып мінгіземін, — депті.
Бұлар базарға келсе, біреу бір торы ат сатып тұр екен. Бұзаубай соны ұнатып қалады да:
— Уа, байеке, мен осы атты ұнатып тұрмын, — дейді.
— Бұзеке, — дейді Мырзағұл, — ат таниды екенсің. Мына торы ат менің атымнан да артық қой, — дейді.
Бұзекең аяқ астынан рахметін жаудырып, торы атты алып үйіне қайтады.
Ертеңіне Бұзайбай жігітіне:
— Қонақтардың қайтар кезі болды. Аттарын алып келіп ертте, — дейді. Бұған сасып қалған жігіт:
— Мырзағұлдың атын сойып тастадық қой, енді не әкелем, — дейді. Бұзаубай оған:
— Саспа, кешегі базардан алып келген торы атты ерттеп әкел, — дейді.
Аттанар кезде Мырзағұл:
— Мынау менің атым емес, кешегі базардан алып келген торы ат қой, — дейді. Сонда Бұзаубай тұрып:
— Байеке, дұрыс айтасыз, соның өзі. Кеше осы атты сатып аларда сіз маған «ат таниды екенсің, мынау менің атымнан да артық қой» деген едіңіз. Демек, тәуірін сіз мінбей, мен мінемін бе? — депті. Сөзден жеңілген бай одан әрі өз атын сұрастыруды лайық көрмей, жөніне кете барыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі