Өлең, жыр, ақындар

Мәртебең дүниең болса асады екен...

— Біздің атамыз Елкелдіге түсінде бейтаныс бір адам «өлең аласың ба, көген аласың ба» дегенде, «өлең аламын» деген екен.

Көген алса бай болмақ екенбіз, өлең алғандығынан кедей болыппыз. Менің әкем Айнатас марқұмның өмірі де үнемі жоқшылықпен өткен. Ол кісі қыр қазағына аты шыққан Шәріп ноғай деген Ақмоланың белгілі сәудегерінде өмір бойы жалшылыққа жүріп, менің он бес жасымда қайтыс болды. Жиырма екі жасымда күнкөріс үшін жұмыс іздеп Қарағандыға келдім.

Ол кездегі шахтердің тұрмысы қандай ауыр десеңізші?! ...Таңның атысы, күннің бастысы жер астында жұмыс істейсің. Бірақ ештеңе өнетін емес. Жағдай жаман. Тапқаным тамағыма да жететін емес...

Ол кезде бүкіл Қарағандыны Немков деген біреу басқарады. Әлгінің жүзіктің көзінен еткендей қос күрең аты бар. Ой, қандай аттар! Тек ұрлыққа ғана салатын аттар.

Содан бір күні «Тәужи, не де болса осының бір күреңін мініп қашайын» деген ой келді. Бірақ қолға түсіру қи-ы-н! Өйткені екі атты Немков күні-түні қолдан босатпайды. Есігінің алдында тастан салған биік сарайы бар. Жаз болса төбесін жаңалап жауып көлеңкелеп қана қояды. Екі ат күні-түні сол сарайда тұрады. Түн болса, есігін сыртынан жабады да, алдына тайын шадай бір көк итті байлайды да қояды.

— Қалай алу керек?

Күзгі салқын түсе бастаған кез еді. Ел жатып, кісі аяғы басылды-ау деген кезде Немковтың үйіне жақындап келдім. Үйдің айналасында ешбір жан көрінбейді. Ұйықтап қалғанға ұқсайды... Ат тұрған сарайға жақындауым-ақ мұң екен, ит шабаланып қоя берді. Дереу Немковтың үйінің есігін сыртынан бекітіп тастадым. Ит арсылдап, өршелене үріп тұр. Енді итке жақындайын. Ұмтылған иттің тұмсығы тиер-тимес жерге барып тоқтадым да, дәл қара тұмсықтан дәлдеп тұрып қолымдағы темірмен перейін. Иттің жайын сонымен бітірдім. Есіктің құлпын бұрап тастап, қос күреңді сарайдан шығарып-ақ әкеткенім емес пе?! Сол кеткеннен мол кеттім. Бір күреңді соғымға үйге жығып бердім де, біреуін түсін өзгертіп мініп жүрдім.

Түсін өзгерту үшін түсі елеуішке ұқсас, бірақ сирек тесілген шлапшын арқылы үстіне бір шелек қайнаған ыстық су құйып жібердім. Су тиіп күйген жерлері ақ теңбіл болып шыға келді. Ақырында күрең ат шұбар атқа айналды...

Бірақ Немковтың көзі құрығанша Қарағандыға қайтып оралмадым. Кейінірек Қарағандыда тек жаз айларында ғана жұмыс істеп, қысында ауылда болатын болдым...

1916 жылы жаз айында «қазақтан солдат алады» деген хабар дүңк ете қалды. Онда мен Қарағандыда жұмыс істеймін. Кешікпей-ақ хабар шындыққа айналды. Жастарды болыс-билер тізімдей бастады. Тізімге іліккендер жұмысты тастап, Қарағандыдан қашып кетіп жатты.

Спасс заводының сыртқы жонына халық қаптап кетті. Ауыл адамдары мен жұмысшылар. Көтерілісті басқарушылардың бірі — кәзіргі Бекбосын Сыйқымбаевтың Бөлеген деген інісі еді.

Ой, шіркін, ер жігіт еді! Болыстардың көмегімен іш жақтан келген карательдің адамдары өлтірді гой.

Мен де әр жерде паналадым. Спасстан Қарағандыға қайыра қашып келдім. Сөйтсем, жұмысты тастап өз бетімен кетіп қалған, болмаса Бөлеген сияқты көтеріліске қатысқан жұмыскерлердің семьяларына қожайындар мен простоптар неше түрлі қысым жасап, қуғын көрсетуде екен. Қарағандыға қайтып келгеннен паналайтын жер таба алмаймын. Өзімнің бір деген сыйласып жүрген жолдасым Сасық деген жігіт достық ниеттің орнына, нағыз дұшпаным болып шықпасын ба? Паналатудың орнына простопқа бұрын Немковтың атын ұрлағаныма дейін
айтып қойды. Және Бөлегеннің тобында болғандығымды білдірген. Сонда:

— Мәртебең дүниең болса асады екен,
Көңілің ағын судай тасады екен.
Қолында мал, қорегің болмай қалса,
Жуыспай туысқаның қашады екен.
Қолыңда нәрсең болса, дос дейді екен,
«Тәужиім, не алсаң да бос» дейді екен.
Қолыңнан мал, қорегің табылмаса,
Туысқаның жуыспай қош дейді екен.
Япырмай, Сасық, саған мен не жаздым,
Дос адам бір-біріне өсти ме екен?!
Кедейдің қасиеті болмайды екен,
Алтынын жез орнына алмайды екен.
Гауһар, жақұт тізілтіп тілден өрсең,
Бес тиын қара пұлға тұрмайды екен.
Бұлбұлдай тілді безеп сайрасаң да,
Ескеріп сөзге құлақ салмайды екен.
Басыңа бақыт құсы қона қалса,
Қарғаша қарқылдасаң, тыңдайды екен.
Басыңнан өтті осылай, көрдім бәрін,
Көз көрді бұл дүниенің кең мен тарын.
Нар туған Бөлегендей батыр ұлдың,
Естідім елге сәлем, айтқан зарын.
Ағайын, құрбы-құрдас, туған-туыс
Жұбату міндетіміз сонын бәрін.
Бұрынғы бірге жүрген достар қайда,
Сүрініп етекті аяқ басқанында.
Көрінер келді кезі нағыз достық,
Тал қармап, суға кетіп сасқанында.
Өлді ол ерлікпенен елі үшін,
Ата-ана, туып өскен жері үшін.
Ақ патша өміріне қарсы шыққан
Көп халық көрді оның қайрат-күшін.
Салғанда залым патша елге қармақ,
Жатқанда қыршындарды жұтып, жалмап.
Жөн сілтеп, ел бастаған батырлардың
Есімі ел аузында мәңгі қалмақ.

деп өлең шығардым. Естігендердің бұл өлеңге жыламағаны болмады және жаттап алды.

Амал бар ма? Қарағандыдан бір түні қашып кеттім де, елге бардым. Елде патшаның жарлығына қарсы көтеріліс жасап, Сарысуға қарай шегіне көшіп барады екен. Онда Көнек елінің болысы Тақыр Омар Ақмурзин, Жыланды елінің болысы Белгібайдың Қасембайы, Қарағаш елінің болысы Шоңның Ахметжаны еді. Болыстар әуелде спеске жасап солдатқа кісі бермек болды. Бірақ елдің ыңғайын байқағаннан кейін ол пікірлерінен тайды. Солдатқа кісі бермеді. Сонда Ақмола уезінен қасында төрт жүз солдаты бар жандарал шықты. Елден кісіні солдатқа
күшпен жібермек болды. Ел бағынбады. Солдаттармен соғыса отырып, ел кейін шегіне көшті. Аймысық — Көккезге дейін барды... Солдаттардан да көп қырылды. Бізден де өлім болды. Ақыры, солдатқа бармадық...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз