Өлең, жыр, ақындар

Сын түзелмей, мін түзелмейді

1933 жылдың декабрінен бастап Қарағандының осы Киров атындағы үшінші шахтасына забойщик болып жұмысқа түстім. Ол кезде No3-26 шахта деп аталатын. Донбасстан забойщиктікті үйреніп келген бізге ауылдан келген бір-бір жасты қосып беріп жатыр. Өзіміз донбасстықтардан үйренсек, бұл жерде басқаны үйрететін болдық. Менің қасыма да бір кісіні қосып берді. Оның аты Жолдыбай еді. Ой, өзі де жалқау еді. Рас, ауылдан келген жастардың ішінде жұмысты ынтасымен істеп, забойщиктікті тез үйренгендер де көп болды. Ал Жолдыбайдың басы толған ұйқы, қай жер болса да сол жерге қисая кетеді. Және нағыз ас ішіп, аяқ босатардың өзі еді. Құрбылары:

— Ұйқысы бір қанбаған,
Он кашыны жалмаған.
Қыз, келіншек күледі
Бүйен деп сені оңбаған, —

деп өлең айтатын. Содан әлгі «бүйен» аталып кетті.

Бір күні мынадай бір қызық болды. Біз ол кезде ылғи жастар бір жатақханада жатамыз. Жұмыстан шығып комнатада дем алып жатыр едік, сол Бүйенмен бірге жататын бір жігіт жүгіріп келді.

— Жұмыстан қашан шықтыңдар? — деп сұрайды.

— Күндегі шығатын уақытымызда шықтық, — деймін мен.

— Бүйен сендермен бірге жұмысқа түсті ме?

— Түскен.

— Ендеше ол қайда жүр?

— Білмеймін.

— Шахтада авария болып, өліп қап жүрген жоқ па екен? — дейді ол. Өйткені ол кезде авария жиі болып тұратын.

— Жоқ, біздің сменада амандық. Ал түсуін бірге түскен, шыққанда аңғара алғаным жоқ. Әрине, шықты ғой. Қайда кетті дейсің, жүрген шығар...

Сөйтсек, ұйықтап қалыпты ғой. Келесі сменаға барғандар оятып жіберіпті. Ойпыр-ай, ішек-сілеміз қатып күлмесіміз бар ма? Әлгінің ұйықтап қалғаны күллі жұртқа жайылсын.

Бір ретте айдың аяғында ақша алуға бардық. Күллі жұрт жиналған екен. Бізбен бірге әлгі Бүйен де барған. Жиналған жерде жұрт әзілсіз, қалжыңсыз бола ма? Басқа бір забойщиктер бригадасының бригадирі Рақышев Мағауия дейтін жігіт әлгі ақша алуға келген Бүйенге:

— Болғанда ұйқың қанық, бойың сергек,
Шахтаға түсіп, шығып еттің ермек.
Көп шапқан көміріне, Бүйен салым,
Қазына қанша айына ақша бермек? —

деді. Сонда Әбілқарыс дейтін бір жұмыскер:

— Тамақ тоқ, көйлегің көк, өзің толдың,
Түзуін айырмайсың оң мен солдың.
Аталып «бригада жалқауы» деп,
Жағылған біздің бетке күйе болдың, —

деп оның сөзін іліп ала жөнелді. Ой, күле, күле жұрт. Ой, жалқау еді. Тіпті кей уақытта күрегін әкелсе қайласын, қайласын әкелсе күрегін ұмытып кетеді. Саймансыз шахта астында не бітірмек? Көбіне уақыты бос өтеді. Ал кәзір айтқаныңды ертең ұмытып кетеді. Өзімді әбден қажытсын. Содан әлгімен бірге жұмыс істеуден мен бас тартайын. Өйткені өмірі күндік беретін көмірді орындай алмаймын. Норма деген орындалуды қойды. Норма орындалмаса, ақшаны да аз аласың. Сонсоң бригадирге, одан участканың бастығына арыз бердім: «Бүйен айтқанымды тыңдамайды, жұмыс істегісі келмейді», — деп. Әлгіні менен басқа забойщиктерге қоспақ болды. Ешкім алмасын. Тіпті керексіз адам болсын. Рақышев Мағауияның бригадасына жібереді. Ол өзі ақындығы бар, өлеңдетіп, тақпақтап сөйлейтін жігіт еді. Бүйенге:

— Күрек алсаң қолына,
Қайланы үйде ұмытқан.
Сендей кежір адамды,
Түсінбес сөзге наданды,
Маңыма да жуытпан, жөнел аулақ! —

дейді ғой. Бұл өлеңдердің бәрін Бүйеннің құрбылары жаттап алып айтып жүретін болды. Қайда барса әлгі өлеңдер алдынан шығады. «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» дейді ғой. Содан біраздан кейін, жоқ, Бүйеніміз бұрынғыдай емес, жұмысқа ынталы қимылдай бастады.

Бір күні күллі жастар жиналған. Жігіттердің кейбіреулері әлгі өлеңдерді айтып Бүйенді мазақтай берді. Осы сөздің өзінен де Бүйен қажып біткен болу керек. Бір уақытта Бүйеннің:

— Әй, бауырларым, осы өлеңдеріңді айтпаңдаршы. Тілегім болсын! Ақысына...

Сонда біреу:

— Бұл сөзді, бұл өлеңді жұрттың бәрі біледі. Білгендерді бәрін суаруға ақшаң жете ме сенің? Одан да бұдан былай жалқаулығыңды тастасаң, бұл өлеңдер де тасталады, — деді.

Бүйен:

— Ал, ендеше, жалқаулығымды тастадым, — десін.

Шынында, содан кейін әлгі Бүйеніміз таңдаулы жұмыскерлердің бірі болып, түзеліп кетті. Бірақ Жолдыбай аты жоғалып, Бүйен аты қалды. Әнеки, «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сол екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз