Өлең, жыр, ақындар

ҚазҰУ-да өткен студенттердің ғылыми онлайн-конференциясы жайында

2020 жылдың 6-9 сәуірі аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, соның ішінде тарих, археология және этнология факультетінде студенттер мен жас ғалымдардың дәстүрлі «Фараби әлемі» конференциясы болып өтті. Жыл сайын тұрақты түрде өтетін конференцияның биылғы жылы екі ерекшелігі болды. Біріншіден, конференция әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы құрметіне арналды, сондықтан да конференция аясында әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеу мен зерделеуге арналған әр түрлі тақырыптар кеңінен қамтылды. Сонымен бірге, конференция бағдарламасы бойынша әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасы мәселесін талқылауға арналған бірнеше дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Атап айтқанда: «Әл-Фараби және бақытқа жету философиясы» (модераторы: т.ғ.к., доцент Картабаева Е.Т.), «Отырардың аңызы мен ақиқаты» (модераторы: т.ғ.к.  Мухажанова Т.Н.), орыс топтарында «Аль-Фараби и его взгляды на развитие общества и человека» (модератор: к.и.н., доцент Мийманбаева Ф.Н.), «Духовно-этические нормы аль-Фараби в ценностном измерении университетского образования КазНУ» (модератор: к.и.н., доцент Нурпеисова Б.Е.).

Биылғы жылғы студенттік ғылыми конференцияның екінші ерекшелігі – оның онлайн форматында өтуі болды. Өздеріңізге белгілі, әлемді коронавирус індеті жайлап отырған жағдайда, 2020 жылдың 16 наурызынан бастап елімізде төтенше жағдай енгізілген болатын. Осыған байланысты басқа да оқу орындары сияқты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ да қашықтықтан оқыту форматына өтіп, тек сабақтар ғана емес, барлық басқа да  шаралар осы форматта өткізілуде. Осы орайда, дәстүрлі «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдар ғылыми конференциясы да онлайн-конференция форматында ұйымдастырылды. Менің жетекшілігімдегі, ежелгі дүние және орта ғасырлар тарихының өзекті мәселелерімен айналысаты «Ника» атты ғылыми студенттік клубтың ұйымдастырумен өткізілген «Антика дәуірі және орта ғасырлардағы әлем тарихы» секциясының жұмысына барлығы 12 студент қатысты. Секция барысында осы кезеңнің әр түрлі өзекті тақырыптары бойынша студенттердің дайындаған баяндамалары тыңдалды. Ең бір қызу талқылау туғызған баяндамалар: 2 курс студенті Батиханов Беріктің «Әл-Фараби және бақытқа жету жолы» (ғылыми жетекшісі: т.ғ.к., доцент Қартабаева Е.Т.),  4 курс студенті Набидулла Жандостың  «Томаззо Кампанелланың әлеуметтік-гуманистік идеялары» (ғылыми жетекшісі: т.ғ.д., проф. Жұмағұлов Қ.Т.), 2 курс студенті Асқарова Ботагөздің «Ортағасырлық түркілер тарихындағы хазарлардың орны» (ғылыми  жетекшісі: т.ғ.к., доцент Қартабаева Е.Т.), 2 курс студенті Давутова Гулинурдың «Отношение к детям в средневековой Европе» (ғылыми жетекшісі т.ғ.к., доц. Мийманбаева Ф.Н.), 4 курс студенті Азим Аружанның «Эфталиттердің саяси тарихы» (жетекшісі: т.ғ.к., доцент Мухажанова Т.Н.) болды.

Секция мәжілісі аяқталысымен, «Ника» студенттік ғылыми клубының ұйымдастыруымен «Әл-Фараби және бақытқа жету философиясы» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел барысында негізгі спикерлер: 3 курс студенті Аманулла Еңлік және 2 курс студенті Батиханов Берік әл-Фарабидің бақытқа жету философиясы бойынша қысқаша баяндамалар жасады. Дөңгелек үстел барысында студенттер әл-Фарабидің бақытқа жету философиясын талдай отырып, өздерінің бақыт туралы көзқарастарын да ортаға салды.

Жалпы, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Фараби әлемі» студенттер мен жас ғалымдардың онлайн-конференциясы қызу талқылаулармен, жоғары деңгейде өтті. Конференция қорытындысы бойынша студенттердің ғылыми жұмыстары әр түрлі марапаттауларға ұсынылды.

 Конференция жұмысына байланысты жасайтын ең басты  қорытындымыз – мына, әлемді жайлаған коронавирус індеті жағдайында және сонымен байланысты университетімізде жаппай енгізілген қашықтықтан оқыту технологиясы жағдайында студенттердің ғылымға деген қызығушылығының бәсеңдемегені, керісінше арта түскендігіне көз жеткіздік. Бұл университет оқытушыларын ерекше қуантқан жағдай болды.  Мұның өзі қазақ жастарының еліміздің болашағы ғылым мен технологияда екендігін жақсы түсінетіндігінің айқын айғағы деп білеміз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану

кафедрасының доценті, т.ғ.к. Қартабаева Е.Т.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер