Өлең, жыр, ақындар

«Бірегей» – бірлікке бастаған көшбасшы

Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады.

Н.Ә.Назарбаев

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев- Қазақстан елінің дамып, жетілуіне үлкен үлес қосқан дара тұлға. Нұрсұлтан Назарбаев өте көреген, ақылды, әділ, әр қадамын аңдып басатын айбарлы адам. Ол 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүние есігін ашқан. Ал 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев- елбасы болып сайланған соң, қазақ халқы тәуелсіздік алды. Елбасы егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап, жатса- тұрса ойлайтыны да, айтатыны да еліміздің тыныштығы мен бірлігін сақтап қалу болды. Бар уайымы, халықты аштыққа, жалаңаштыққа ұрындырмау болды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналар жолында, не қилы қиындықтар кезінде халқын қолдап, рух-жігерін көтерді. Қазақ халқының құлаған іргесін қайтадан көтеру оңай болған жоқ. Алайда, елбасымыз бар күш-жігерін елінің аяғына нық тұруына бағыттады. Елбасымыздың арқасында біз көп жетістіктерге қол жеткіздік. Мысал келтірер болсақ, байтақ еліміз, тұңғыш Президентіміздің басшылығымен әлем мойындаған, жаһанға аты жеткен мемлекетке айналды. Сонымен қатар, еліміздің экономикасын жақсартып, халқымыздың әл ауқатын көтерді.

2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын Қазақстан халқына арнады. Өзінің Жолдауында Елбасы өткен 15 жыл бойынша республика дамуының негізгі нәтижелерін талдады, қазіргі заманның басты үрдістері мен түйіндерін белгілеп, «Қазақстан – 2030» Стратегиясындағы көптеген тапсырмалар сәтті орындалды, енді елдің алдында жаңа тапсырма орын алып тұр – ол «Қазақстан – 2050» Стратегиясының іске асу негізіндегі дүниежүзінің дамыған 30 мемлекет қатарына кіру».

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылар жетекшілігімен өтетін көптеген ғылыми шаралар мен конференциялар өтеді. Атап айтар болсам, т.ғ.д, профессор Қозыбақова Фатима апайдың  ғылыми жетекшілігімен «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының аясында филология және әлем тілдері факультетінде «Қазақстан – 2050» стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты: Болашаққа бағдарланған даму бағыттары» атты конференциясы болып өтті. Аталмыш конференцияда «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі бағыттары, оның мәні мен маңыздылығы, еліміздің болашағының дамуына әкелер пайдасы туралы талқылаған болатынбыз. Бұл шара өз кезегінде жас студенттердің сана-сезімін оятып, мәдени әрі рухани бағытта дамуына зор ықпалын тигізді.

Тарихты бірегейлер жасайды. Олар уақыттың тезінен де оза шауып, тіпті болашақтың сара жолын салып кетеді. Жер ғалам­шарының түкпірінде есімдері мәңгі жаңғырады. Ал мәңгіліктің шегі жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сол бірегей тағдырды еншілеген тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылдай Мемлекет басшысы болған тұста Қазақстанның жаһандық аренадағы мәртебесінің бекуіне орасан зор еңбек сіңірді.  

2019 жылдың 19 наурызында кешкі сағат 19:00-де Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына соңғы рет мәлімдеме жасап, өзінің президент өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Осылайша, Назарбаев ҚР президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтатып, отставкаға кетті. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті Қазақстан халқының жүрегінде ұлы адам, дана көшбасшы, кемеңгер дара тұлға ретінде ғана емес, сондай-ақ 30 жыл бойы өз халқына тыныштық пен бейбітшілік сыйлаған Ұлт көшбасшысы ретінде тарихта аты қалды.

Ф.А Қозыбақова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология, этнология факультеті, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор;
Досанова Зарина,
Филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз