Өлең, жыр, ақындар

Құлпытас

Жем бойына қонған ел кешқұрым дүбірлесіп қалды. Әсіресе, Төремұрат батырдың отауы жанындағылар әңгіменің көрігін қыздыра түседі.

— Е, Төремұраттың төрінде малдас құрып отырған қонақ қашқын көрінеді. Көрмеймісің ұзақ жол жүріп аты да әбден болдырыпты.

— Қай қашқынды айтасың?! Бұл — қалың қазақ даласына аты мәшһүр күйші Құрманғазы емес пе?!

— Болса болар. Қашқын екені де рас болар. Төремұрат батырды жағалап келген ғой.

— Әй, тоқтатыңдар қызыл сөзді. Біздің Таздар руына бұл Құрекеңнің келісі жай келіс емес. Кәрі нағашысына сәлем бергелі келген жиеншарды осынша сөз қылып. Дабырламай әрі жүріңдер, — деп мосқалдау кісі жиналғандарды қайырып тастады. Рас. Бұл келген Құрманғазы күйші еді. Көз сұғы түсіп басына бұлт үйірілгенде “ел бар ері болса” деп, “кәрі нағашыларымның сүйегі жатырқамас” деп әрі атышулы Төремұрат батырды ес тұтып асығып жеткен беті осы еді. Батыр күйшіні сырттай білетін. Домбыраның үнімен жеткен сыйқырлы әуен жан—жүйкесін босатып, шіркін—ай, Құрманғазыдай алыпты көретін күн туар ма дейтін. Күйші тағдырдың жазуымен босағасына келіп басын сүйеді. Батыр күйшіге құшағын ашып: “Бұл ел — сенің де елің. Күйші күңіренгенде күй шығарады деп естуші ем. Күңіренбе, күйші! Елдік пен ерліктің жасампаз күйін төк қара домбыраның шанағынан. Төр де — сенікі! Мынау елдің ақ жүрегіндегі тілек те — сенікі” дейді. Жаралы көңілінің жан жарасына ем тапқандай Құрманғазы шабыттың пырағына мініп Жем, Үстірт бойында “Адай”, “Маната”, “Төремұрат”, “Тас астау — тас дере”, “Ақсақ киік” атты атақты күйлерін шығарады. Күйші ел құрметіне бөленіп, ел күйшінің өнеріне сүйініп таң атады, кеш батады.

Сол маңайдағы ел—жұрттың тағы бір тамсанып айтары — ақылына көркі сай Данай қыз екен. Бір тойға қыз Данай бармақ дегенді естіп, қыз ауылына Төремұрат жанына Құрманғазыны ертіп арнайы келеді. Қыз Данай қос бұрымы жерге түскен, қиылған қас, ақша бет ақмаңдайдың өзі екен. Қынама бел камзолының өңіріндегі меруерт моншақтар сұлу қыздың өзін ақ моншаққа ұқсатып жібергендей. Төремұрат келді дегенде Қыз Данайдың жүрегі аттай тулап кетті. Екі беті албырап, езуіндегі жымиысын жасыра алмай отырып қалды. Төремұрат пен Құрманғазыға қыз жанынан орын тиді. Ән—жыр айтып, күй тартып дастархандағы әдемі отырыс қыза бергенде, Төремұрат Қыз Данайға көзінің қиығымен бір қарады. Қарады да көзін ала алмай қалды. Онысын байқап қалған қыз: — Батыр көзіңіз қисайып кетпесін, — деп күлімсірей сыбыр етті. Бұл сөз Төремұраттың намысына тиіп кетті. Жүзі күреңітіп үн-түнсіз отырды да, Қыз Данайға бұрылып: — Сол иығыма құстың еркесі аққудың өзі келіп жайғасқандай, — деп еді, Қыз Данай:

— Сол аққуыңыздың ұшатын уақыты да таяу, — деді. Мұнысы: Басым бос емес. Айттырулы жерім бар деген еді. Төремұрат: “Сол аққу құс өз қалауымен өзі ұша ала ма? — дегенде, Қыз Данай: “Сыңарын тапқан аққу құсқа шынжыр бөгет бола алмас” деді. Төремұрат: “Онда аққу құстың арманына өз арманымды матап байладым” дегенде, Қыз Данай: “Аққулар ажырамас болар?” — деді. Сөз бітті. Той тарқады. Төремұрат батыр Қыз Данайды атына мінгестіріп алып, еліне жүріп кетті. Ел аузындағы Қыз Данай Қыз Данай десе, дегендей еді. Әйтпесе, Құрманғазыдай күй құдырет иесі “Қыз Данайдың күлкісі”, “Қыз Данайдың жүрісі”, “Қыз Данайдың ажары”, “Қыз Данайдың шәй құйғаны” атты күйлерін шығарар ма еді?! Сиқырлы сазға толы әсем ырғақты күйлер құлаққа сіңісті жүрекке қонымды болып ел арасына тез тарап кетті. Намысы күйген, келіні қолды болған жоқ қарулы қолмен өре түрегелгенімен ел ақсақалдары басу айтып араға елші жіберді. Төремұрат батыр бізді басынбасын, келінімізді қайтарсын десті. Төремұрат бұған жауап жоқ деді. Ақыры шарасы таусылған жаушы жақ бір әдіс ойлап тапты. Елде айтқаны қате кетпейтін қарғысшы қара кемпір бар еді. Күн көрісі — қарғау. Қарғағанына қарай ақы алады. Қарғысы жасырын емес. Ашық түрде. Қара қарғысшы кемпір келді. — Ей, Төремұрат! Қайтейін батыр десе батырсың. Ел батырысың. Қарғайын десем жалғызымсың. Қарғамайын десем жалмауызымсың. Қарғауға алған ақым бар. Қарғамай тұрғанда Қыз Данайды кері қайтар. Жөнге кел, — деді. — Қарғыстан қорқып қайтарар қатыным жоқ! Жөнел! — деді, Төремұрат қарғысшыны оқты көзімен бір атып. Қарғысшы:

— Ей, Төремұрат! Жетінші күннің батуына жетпей желкең қиылсын!” — деп ақыра бір қарғады да жөніне кетті…

Көңіл—күйі көтеріңкі Төремұрат Жем бойындағы Қамыскөлге асығулы еді. Сонда Қыз Данайды келін ғып түсіріп, ұлан-асыр той етпек. Құрманғазы бастаған бір топ серіктері болашақ той жабдығымен елге хабар бермекке ілгері озып кеткен. Қарғысшы діттеген жетінші күннің бозамықтанып таңы да атты. Бұл қалай дерің бар ма, Төремұрат көшіне Маңғыстаудың ойынан Қоңырат асатын ұзын жолда Хиуаның жолтосар қарақшылары тұтқиылдан тап берді. Жасанған жауға аз қол төтеп бере алмай қалды. Соңғы деміне дейін шайқасып, жастығын алып шәйіт өліммен Төремұрат батыр бақилық болып, айдай сұлу Қыз Данай жау қанжығасында олжа болып кете барды. Сол түні бұл хабар ызыңдаған желмен қазақтарға жетті. Соңынан қуды. Жаудың ту талақайын шығарып, Төремұратты “Қырымның қырық батыры” делінетін Манашының анасы Күйкен ананың моласының қасына жерлеп, Қыз Данайды айттырулы жеріне қайтарады. Қайран, Қыз Данайдың күйеуі Қитарбай екі езуі жиылмайтын, нағыз қылжақбастың өзі екен. Қыз Данай келгенде:

«Өзің кеттің Қыз Данай,
Өзің келдің Қыз Данай,
Жүрегім сенен мұздады-ай.
Мұздағанмен қайтейін
«Қыз Данайдың күлкісін»
Ала құйын бұзбағай»,

— деп өлеңдетіп қарсы алыпты. Сырты бүтін, іші түтін Қыз Данай сұлу балалы болғаннан кейін құсадан қайтыс болады. Төремұраттай арысынан айрылған ел қайғы жұтып, құсаланды. Әсіресе, Құрманғазы асыл досынан айрылғанына сене алмай, алай—дүлей өкінішті сезімнің тереңіне бір батып, бір шығып жүріп, “Қыз Данайдың қырғыны” атты күйін шығарды. Жүректегі запыраны “Бозқаңғыр” атты күй болып тағы шықты. Құрманғазы қара шанақты бебеулеткенде тыңдаған жанның жанарындағы жас қақ болып жерге тамды…

Ел арасы тынышталып арада біраз жыл өткен. Күндердің күнінде Төремұраттың басында белгі жоқ, бір төмпешік боп елеусіз жатыр деген қаңқу сөз алыстағы Адай Сүйінғара батырдың құлағына да жетеді. Бұл хабарды естігенде тыпыршып төсегінде жата алмаған Сүйінғара бір топ қосшысымен Төремұрат жастанған жерді іздеп жолға шықты. Түс ауа жеткен аттылардың ішіндегі Сүйінғараның қалың қабағында мұң қонақтап тұр еді. Қалың қорым ішіндегі елеусіздеу бір төмпешікті көргенде Сүйінғараның жүзі жауар бұлттай түнеріп сала берді. Дұға оқылып, қол жайылып бет сипарын бітірген тұста Сүйінғараның өткір көзі сол қорымдағы әдемі салынған молаға түсіп: — Бұл кімнің моласы? — дегенде, жанындағылар: — Бәленше деген байдікі деп жамырай үн қатқан. — Ақ қаймаққа қылшығын қосып жеген сасық бай! Тірлігінде кісіге қайырымы тимеген сасық бай өлгенде ешкімді де желеп жебемейді. Қопарыңдар тасын! Бұзыңдар моласын! Төремұрат тек Таздың батыры емес, елін, жерін жаудан қорғаған арлы батыр! Елдің мақтаны. Төремұраттай есіл ердің басына мола салып белгі қоялық! Тентектің емес, еркектің ісін қылайық, жігіттер! Жауабын ертең Алла-Тағаланың алдында өзім берем! — деп ақырды Сүйінғара қанталаған қаһарлы жанарымен де жұртты жасқап.

Батыр әмірі орындалды. Белгісіз байдың тамы бұзылып, тасы Төремұрат батырдың басына көшті. Ертеңінде Төремұрат басында айбарлы мола тұрды. Ойылып аты құлпытасқа жазылды. Құрбандыққа мал шалынды. Рухына бағышталып құран оқылғанда қол жайған Сүйінғараның жанарынан бір тамшы жас жерге үзіліп түсті…

P.S. Екі ғасырға жуық уақыт өткен соң Жылыойдағы Таздар — Төремұрат батырдың ұрпақтары бабаларының құлпытасын Маңғыстаудағы Үстірт бойынан іздеп тапты. Төремұрат батырды ардақтап, басына кесене тұрғызған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз