Мұздай балмұздақтың кесірі Ботаның тамағына ашкүзенше жабысты. Найзағайлы биылғы жаздың маусым айында көктегі алтын күн төңіректі өртеп жіберердей көрінген. Сондықтан қазбауыр бұлттар жер бетіне жаңбырын жиі-жиі төге салады. Бота өзі қағілез бала, ауырғалы анасы қанша тықпаласа да, бір қасық балға қарағысы, бір кесе айранды жұтқысы жоқ, нəр татпастан минерал суын ғана ұнатып ішеді. Тіпті тəуір болса да бөтелкедегі суға төніп тұрады, шетінен сіміре бергеннен жалығар емес.
Назым ауладан жүгіріп кірді, шөлдеп, шөліркеп су ішті.
— Бота менің минерал суымнан ішпе! — деп оған тыйым салды. Себебі, бұл үйде бала сəл сырқаттанып қалса, соған айрықша ықылас танытатынына үйренген.
— Жоқ, ішпесін, су менікі, ол ауырған жоқ, — деп қиқарлық танытты Бота өзімшілдікпен, ылғи сіңлісіне озбырлық қылуға дағдыланған əдетпен. Үстел басында қаз-қатар отыратын екі баланың дүрдараз болып татуласуы да оп-оңай, ұялас күшіктер тəрізді таласа кетеді. Артынша Бота тісті бақадай жабыса кетіп, Назымның шашынан жұлып, үстіне сорпа төгіп жіберді. Назымның көзінен жас ыршып кетті. Ботаның шатаққұмарлығынан əбден шаршады. Шырқ бұзып өкпелете берсе, қашанға төзсін. Сол-ақ екен, анасы мөлдір көк құтының ішіндегі əжептəуір мол суды Ботаның басына құя салды.
— Ылғи жанжал шығарасың да, бауырыңа күн көрсетпейсің! Мə, саған керегі осы шығар!
Соңғы кезде өзін ерекше мəпелеп, бағып-қаққан сүйікті анасынан мұндай мазақ қылық күтпеген. Бота қатты шамданып бақырып жылады. Мойындау керек, бұл екеуі шыбық тимей, шыңқ етер балалардан. Ол балконға атып шығып, есігін сырттан жауып алды. Көз жасынан һəм аянышты үннен анасының жаны күйзеле бастаған. Көп ұзамай Бота бақыруын қойып, сап тиылды. Бірақ дегбірі қашқан анасы іштен, əйнектің ар жағынан анық көрді, оның нəзік иығы дірілдеп, əлі де жылап отырғандай.
— Күнім-ау, тамағыңды іше ғой, суып қалады, — деп дауыстады анасы қызын біртүрлі аяп кетіп, алайда төбесінен су құйғанына еш өкінбестен. — Өзің кінəлі, түкке тұрмайтын нəрсені ұлан-ғайыр қылған.
Бота мен Назымның анасы қызық. Мінезі жұмсақ, ұзақ қатал бола алмайды. Ол көп кешікпей, кішкене қызын балконнан жалынғандай, сүйрегендей құшақтап алып шықты. Бағанағы бақырған дауыс қайта жанданды, мүлдем күшейіп, озандап бір басылды. Беті-қолын жуып, бетінен бір сүйсе баласының көз жасы лезде құрғай қалатынын біліп, сыралғы анасы Ботаны айналып, үйіріліп-ақ жатыр. Ең қызығы, анасы еркелеткен сайын жылауық қыз бала бұлақша аққан көз жасын кілт тыя қойды да, анасының бетіне күле қарап:
— Мама, мен көрдім, ұяда бес жұмыртқа жатыр екен, — деп айтты.
— Қайдағы ұя?
— Біздің балконның шетінде ұя бар.
Бұл мағлұматтың ерекше маңызды екені оның бадырайған үлкен танакөзінен білінді, ал кірпігі бөлек-бөлек, су-су. Қас қаққанша Бота өкпесін ұмытқысы келмей, қайтадан бұзыла қалды, жас тағы саулап кетті. Еркенің көзі жасты. Арада бес минут өткенде ол ас бөлмеде монтиып тамағын ішіп отырды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі