Өлең, жыр, ақындар

Электронды форматтағы құжаттық жарияланым

Мухтaрoвa Aйгeрим Мурaтқызы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курc мaгиcтрaнты

Ғылыми жeтeкшici: Төлeбaeв Тұрғaнжaн Әбeуұлы т.ғ.д., прoфeccoр

XXI ғасыр ақпараттық технологиялардың дәуірі екендігі айқын, соның негізінде Қазақстанда да ақпараттық технологиялардың ерекше дамуы байқалады. Қазіргі кезеңде жаңа технологиялар арқылы жасалатын электронды түрдегі ақпараттар құнды дерек көзіне айналуда. Сол себепті де бүгінгі таңда электронды құжат айналымын жүргізу, электронды архивтердің қалыптасуы, оларды электронды тасымалдаушыда сақтау заманауи технологияларды ұйымдастыру мен электронды нұсқада жарияланымға ұсыну қажеттігін күн тәртібіне қоюда.

Отандық орта және жоғары білім беру саласына ақпараттық технологияларды енгізу, Қазақстанның біртұтас дүниежүзілік білім беру кеңістігінің құрамына енуінің алғышарты болып табылады. Компьютерлік желілік технологияны әмбебап қолданумен қатар, компьютерлік ақпараттық технологияларды да қолдану барған сайын маңызды рөл атқаруда. Тарихи дереккөздердің электронды басылымдары қазіргі заманғы тарих ғылымының дамуының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі ғана емес, бүкіл әлемдік мәдени кеңістікті дамытудың маңызды элементтерінің бірі болып табылады деп айтуға болады. Осыған байланысты электронды форматтағы құжаттық жарияланым мәселесінің мүмкіндіктері мен даму жолдарын ұғыну міндеті үлкен өзектілікке ие болады. Қарқынды дамып келе жатқан ғаламдық Интернет желісі ғылымды ақпараттандыруға, оның ішінде тарихи тұрғыда ақпараттандыруға үлкен әсер етеді.

Осы орайда, болашақ архивші мамандардың тарихи құжаттарды Интернет желілерінде электронды форматта жариялаудың теориялық және қолданбалы мәселелерін талдауға және компьютерлік іздеу құралдары мен электронды ғылыми анықтамалық аппаратты жасауға қабілеттілігін қалыптастыру мақсатында, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Тарих, археология және этнология факультетінде «Электронды форматтағы құжаттық жарияланым пәні» оқытылады. Пәнді меңгеру барысында біз, магистранттар, электронды құжаттық басылымдарды дайындау, құжаттарды археографиялық өңдеу, мәтінмен жұмыс істеу және электронды форматтағы басылымдардың ғылыми-анықтамалық аппараттын құрастыру үшін теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды қолдануды үйрендік. Сондай-ақ, археографияның компьютерлік және тәжірибелік негіздерін, электронды форматта құжаттық басылымдарды құрудың нормативтік базасын, электронды форматта жарияланымдарды дайындаудың жалпы принциптері мен проблемаларын, отандық веб-сайттардағы электронды басылымдар туралы білімдерімізді шыңдадық. Мультимедиялық форматта электронды құжаттық жарияланымдарды құрудың халықаралық тәжірибесімен таныстық. Тарих ғылымындағы халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – шежіренің мәтінімен жұмыс жасау және электронды форматта жариялау ерекшеліктерін меңгердік. Сондай-ақ, құжаттарды жариялау феноменологиясын, құжаттарды электронды түрде баспаға даярлау тәжірибесін, еліміздегі құжат айналымы мен электронды құжаттарды жариялау мен басылымдары мәселелерін қарастырдық.

Уақыт өте келе электронды құжаттық басылымдар, еліміздің тарихи-мәдени мұрасының бір бөлігіне айналатының айтып өткен жөн. Ақпараттық технологияларды енгізу ғаламшарлық сипатқа ие болған қазіргі жағдайда,  электронды құжаттық жарияланымдар Интернеттің виртуалды кеңістігінде түрлі елдер мен халықтардың мәдени мұрасына on-line түрде қолжетімділікке мүмкіндік береді. Сондықтан, осы мәселені оқытуды орта және жоғары білім саласына енгізу, болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған үлкен қадам болып табылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз