Қазақ тілі пәні: «Омонимдер» тақырыбын Блум таксономиясы негізінде оқыту тәжірибесі - Тураева Дина Абдрашовна

Қазіргі білім беру жүйесінің негізгі бағыты – оқушыны дайын білімді қабылдаушы ғана емес, оны ізденіс арқылы меңгеретін, ойлай алатын, талдай білетін тұлға ретінде қалыптастыру. Осы мақсатта қазақ тілі пәнін оқытуда заманауи педагогикалық технологияларды қолдану – уақыт талабы. Соның бірі – Блум таксономиясы негізінде ұйымдастырылған сабақ жүйесі. Бұл тәсіл оқушының танымдық қабілетін сатылы түрде дамытып, білімді терең меңгеруіне мүмкіндік береді.

Осы бағытта «Омонимдер» тақырыбы бойынша өткізілген сабақ – тілдік білімді меңгертумен қатар, оқушылардың ойлау, салыстыру, талдау және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған мазмұнды сабақ үлгісі болып табылады.

Сабақтың негізгі мақсаты – оқушыларға омоним сөздер туралы жан-жақты түсінік беру, олардың мағыналық ерекшеліктерін ажыратуға үйрету және тілдік бірліктерді дұрыс қолдана білуге дағдыландыру. Сонымен қатар, оқушылардың сөздік қорын байытып, сөйлеу мәдениетін жетілдіру көзделеді.

Оқыту нәтижесінде оқушылар топтық жұмыс барысында өз ойларын еркін жеткізуге, пікір алмасуға, бірін-бірі тыңдауға және өзара бағалауға үйренеді. Бұл олардың коммуникативтік дағдыларын дамытып қана қоймай, жауапкершілік пен ынтымақтастық сезімін қалыптастырады. Сондай-ақ, оқушылар өз бетімен ізденіп, алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдануға дағдыланады.

Сабақтың негізгі идеясы – оқушыны тек біліммен қаруландыру емес, сонымен қатар оны сыни ойлайтын, дәлелді пікір айта алатын, шығармашылықпен жұмыс істей алатын тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл мақсатқа жетуде жұптық, топтық жұмыстардың, проблемалық сұрақтардың және бағалау парақтарының рөлі ерекше.

Сабақ құрылымы Блум таксономиясының алты деңгейіне негізделіп ұйымдастырылды.

Бірінші кезең – «Білім» деңгейі.
Сабақ басында ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, үй тапсырмасы сұрақ-жауап әдісі арқылы пысықталды. Оқушылар өткен тақырыптағы көп мағыналы сөздер туралы білімдерін еске түсіріп, белсенділік танытты. Бұл кезеңде оқушылардың базалық білімі жаңартылып, жаңа тақырыпқа негіз қаланды.

Екінші кезең – «Түсіну».
Жаңа тақырып түсіндіріліп, омоним ұғымының мәні ашылды. Мұғалім нақты сөйлемдер мен мысалдар арқылы омоним сөздердің әртүрлі мағынада қолданылатынын көрсетті. Оқушылар сөйлемдерден омонимдерді тауып, олардың мағыналық айырмашылығын түсіндірді. Бұл кезеңде оқушылардың есте сақтау және түсіну қабілеті дамыды.

Үшінші кезең – «Қолдану».
Оқушылар омоним сөздерді қатыстырып сөйлем құрау тапсырмаларын орындады. Топтық жұмыс барысында олар бір-бірімен пікір алмасып, ортақ шешімге келді. Бұл кезең оқушылардың теориялық білімді тәжірибеде қолдану дағдысын қалыптастырды. Сонымен қатар сергіту сәті арқылы сабаққа деген қызығушылықтары артты.

Төртінші кезең – «Талдау».
Оқушылар омоним сөздер мен көп мағыналы сөздерді салыстырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтады. Бұл тапсырма олардың сыни ойлау қабілетін дамытып, тілдік құбылыстарды терең түсінуге мүмкіндік берді. Оқушылар омоним сөздердің әртүрлі сөз табынан да жасалатынын ұғынды.

Бесінші кезең – «Жинақтау».
Оқушылар омоним сөздерді пайдаланып сөйлемдер құрастырды, мақал-мәтелдер келтірді. Бұл кезеңде олардың шығармашылық қабілеті дамып, алған білімдерін жүйелеу дағдылары қалыптасты. Оқушылар өз ойларын еркін, нақты жеткізуге талпынды.

Алтыншы кезең – «Бағалау».
Сабақ соңында оқушылар омоним сөздердің тілдегі рөлі туралы өз пікірлерін білдірді. Өзара бағалау және топ басшыларының бағалауы арқылы әділдік, жауапкершілік және өзін-өзі бағалау мәдениеті қалыптасты. Бағалау парақтары арқылы оқушылардың оқу жетістіктері нақты көрініс тапты.

Сабақ барысында қолданылған бағалау жүйесі – оқушының білім деңгейін әділ анықтауға, олардың оқу мотивациясын арттыруға ықпал етті. Әр кезең бойынша жинақталған баллдар оқушының пәнді меңгеру деңгейін нақты көрсетті.

Сабақтың тәрбиелік мәні де зор болды. Оқушылар бір-бірін тыңдауға, сыйлауға, топта жұмыс істеуге, өз пікірін дәлелдеуге үйренді. Бұл олардың тұлғалық дамуына оң әсер етті.

Қорытындылай келе, «Омонимдер» тақырыбы бойынша өткізілген сабақ – Блум таксономиясы негізінде ұйымдастырылған тиімді сабақ үлгісі. Бұл әдіс оқушылардың тілдік білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың сыни ойлауын, шығармашылығын және коммуникативтік қабілетін дамытатын заманауи педагогикалық технология екенін дәлелдейді.

Осылайша, қазақ тілі сабағында жаңа технологияларды жүйелі қолдану – сапалы білім берудің, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың басты кепілі болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.