Өлең, жыр, ақындар

Қамшының ізі

— Жетпей желкең қиылғыр! Ту сыртымыздан шыққан ащы айқайға апам екеуміз де жалт қарадық.

— Жан-жағын жұтқан жалмауыз...

Шаңдау жолдың үстімен бізге қарай әлдекім алақұйын боп ұшып келеді. Соңында ауыздығымен алысқан ақ көбік аттың үстінде қолында дырау қамшыны көтере ұстаған кебежедей біреу.

— Балам-ay, анау кім? — деді сасқан апам, қапелімде жан ұшыра дауыстап.

— Нені бүлдірді екен? Бұл сәт атты өңмендей жетті де, қамшы сілтеді.

— Мм... Мм... Жан тітіркенер балаң ұн. Ат жалт беріп еді, үстіндегі озбыр әрекеттің иесі ұшып кетуге сәл-ақ қалды. Артынша боқтық араласқан өктем айқай шықты.

— Қаныңды ішем, иттің баласы. Үй, арам қатқыр!.. Жарау жылқы тізгінмен алысқан дүр денеліге бағынбай, аспанға атылып, алақандай жерді шыр көбелек айналды. Осы сәтті пайдаланған қашқын бізді қарасынып бері салды.

— Мм, еф, еф.

— Апа-ау, мынау Бәкейдің мылқау баласы Жапатай ғой. Анау Ожар басқарма, — дедім. Бұл екі ортада Жапатай аққан күйі кеп апамның кең көйлегінің ішіне сүңгіп кетті.

— Үйбай-ау, байғұс-ай. Мұның не? — деді апам мәре-сәре боп. — Бейшара-ай, әбден қиналған екен-ау. Жетімнің күні құрысын-ай.

Ожар басқарма қанын ішіне тартып, сұп-сұр боп ентелей жетті.

— Иттің баласын жіберіңіз, қанын ішемін дедім ғой, қанын ағызамын. Апамда үн жоқ. Ожарға бедірейе қарап түсі суып сала берді.

— Балада шатағың болмасын, — деді осы сәт бүрқ еткен апам.

— Не дейді?

— Сөйдеймін.

— Өлтірсем де өз қаным. Көлденең көк аттының қажеті аз.

— Қаншылын мұның. Садаға кет. Әлиманың аруағын силасаң етті, — деді апам жүзі қуқыл тартып.

— Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Жаман болсын деген мен жоқ, — деді енді Ожар бітімге шақырып.

— Жіберіңіз.

Басқарманың жүзіне ұрлана көз тастасам, қос беті шиқандай, көзінің еті қызарып, жылтыр шекесінен шып-шып тер ағып тұр екен. Доң мұрнының астындағы қара мұртының түгі тікірейіп, қос езуінен түкірігі шашырап, ауық-ауық жалақ адамдай ернін жалай береді. Апамның сұсты жүзі көгерең тартыпты. Имек таяғын қымқыра ұстаған қолдары дір-дір етеді. Ожар қапелімде атын өңмеңдетсе қақ бастан қайқайтуға тайынбайтын сияқты. Табиғаты ауыр адам бір қозғалса, тау қопарып, тас домалатары анық.

— Ат бауырына алып сабайтындай бұл пақырдың жазығы не? Адам өлтірмеп пе, — деді апам Ожарға сыздана қарап.

— Бүлдірді, — деді көзінен ашу оты жылт еткен Ожар.

— Әруақтың жазығы не? Тарт тіліңді. Ожардың талағы тарс етті.

— Әу,шеше. Өз ақылымды да сататын жер таба алмай жұрмін.

— Құнсыз ақылдың алушысы да табылмас.

— Тфу. Сен кемпір де тірілейін деген екенсің. Жақсылықпен жібер ана доңызды. Апам Ожарды оқты көзімен жеп қоярдай тесілді.

— Ә, енді сен де табаладың ба? Шалды құдай өзі жіберіп өзі алды. Ақтайымды пашес өлтірді. Бекайдардың тірі жүргенін көп көріп тұрсың ба? Бірақ сен иттің айтқаның келмейді. Ол соғыстан тірі оралады. Тұра тұр, сол кезде мен тірілемін. Сол уақыт, әттең тезірек келсе екен. Апам жасын төгіп-төгіп жіберді.

— Әттең, анамын ғой. Әйтпесе, қарғысымды бір басыңа үйіп-төгіп жіберер ем...

Ожар одан арғы тілге келмеді. Атын кері бұрып ап, ауылға қарай салды.

— Тұра тұр, жетімек. Жоныңнан таспа тілемін. Күлшінбайдың шаңырағына сіңіп кетсең көрермін, — деп кіжіне айқайлап бара жатты.

— Әй, доңыз, айтпады деме, Жапатай енді табалдырығынды аттамайды, — деді апам артынан дауыстап.

— Баламның орнына бала, анасының орнына ана боламын. Құдай алдында, уәде...  

Ат тұяғының дүрсілі саябырлай Жапатай апамның етегінің астынан сопаң етіп шыға келді. Домалақ жүзді, көзі жалт-жұлт еткен қарашығы үлкен Жапатай апама ұяла қарады да, артынша сонадайда қара үзіп бара жатқан Ожарға жұдырғын түйіп әлде не деп былдырлап жөнелді.

—  М... м... апа... па...

— Бейшара бала-ай. Жүрегіне кек орнап, әбден запыс болғаны-ау. Пау, үлкендер-ай. Балаларда несі бар? Онсызда оң-солын аңғармаған байғұстар, тағдырға не жазып қойыпты, — деді апам Жапатайдың басынан сипап. Қам көңіл, аялы алақанға зәру Жапатай өксіп-өксіп қоя берсін.

— Апа, — деді ол. — Е... е... е... е... Қос қолы ербеңдеп, аузы қомпандап, апамның құшағына құлай кетті.

— Алда сығыр қылған құдай-ай... Ес көргені-ау, мына жаман кемпірді. Ух, дүние-ай...

Құдды аспан астын, жер үстін мұң басып кеткендей. Өн-бойым дір-дір етіп теріс айналдым. Жанарыма жас кептеліп,тамағыма ащы өксік тығылды. Осыдан сәл бұрын Жапатайды үйге кіргізіп алсақ, мұндай сойқан мүмкін болмас та еді. Жапатайдың шешесі апаның немере сіңлісі. Ожармен де сүйек туыс, әкелері ата аралас. Тілі шықпай, кемтар атанған. Жапатайдың әкесі майданға кетіп, соңынан қара қағаз келген. Бөкейдің көзін ашып көрген жалғызы.

— Ех, дүние-ай, Бөкең момын еді. Ағайын-туысқа барды бергенді жақсы көреді. Есбике де қарағым еді-ау. Ауру меңдеп, оның үстіне күйеуі мен жалғыз қарғасының қайғысынан құса боп көз жұмды, — деп апам бірде Жапатаймен Ожардың арасындағы кикілжің барын елден естіп кеп, көзіне жас алған.

— Еркек деген басы бар. Сол тәрбиелесін деп ем...

— Жапатайдың туыс екені анық. Неге алып келмейміз, — сөзін киіп кеттім.

— Әй, балам-ай. Қаны бір туыс. Жүз шайысып қалған шығар. Оның үстіне елдің сөзін қайтесің. Еркек тұрғанда, әйел араласып демей ме, — деген.

Бүгін апам бар дүниеге қанықты. Енді аспан айналып жерге түссе де шешімінен қайтпайтыны қаһ.

Сөйткенше көзінен жасы сорғалап қасірет шеккен Жапатай шыңғырып жіберіп, жерге отыра кетті. Апамның құшағы ашылып сала берген. Сұмдықты қара! Қырық құрау ақ бәтес көйлегінің сыртына қан шығып білеуленіп тұр. Шамасы апамның қолы тиіп кетсе керек.

— О, содыр бейшара! Құйттай баланы осыншама сабайтыңдай, қабағына қан қатқан сорлы. Үйбұй-уу... Тіліп түсіпті-ау. Шеш, көйлегіңді. Жапатай түсінбей апама қарады да әлде не деп қолын сермей ымдай жөнелді. Бұл тірлікке апам шыдамады білем, ары-бері бұлқынғанына қарамай, Жапатайдың үстіндегі көйлегін шешіп алды. Дырау қамшы тиген жері шүберекке жа- бысып, желімденіп қалғандай. Жапатай бауыздаған лақтай бақ етті.

— Ии... Қарғам-ай. Қабырғасы ырсиып, сүйегі қалыпты-ау. Тұр орныңнан. Бөлетай, қолынан жетекте, — деді апам.

Ауылдың шетіндегі қоржын үйге жеткенше көз астымен біресе маған, біресе апама ұрлана қараумен болды. Жалаңаш түрінен қаймығатын түрі жоқ. Тек әлсін-әлсін қабағын түйіп ауырсынып қояды.

Апамның ем-домы Жапатайға жаққан сияқты. Арық басынан жұлып әкелген әлде бір шөптерді қанжылым тұзды суға салып, білеу-білеу арқасына жапсырып, сонау күні сойған ешкінің терісінің бір пұшпағын кесіп алып, үстінен бастырып байлап тастады. Сонан соң мен жататын кәннің бір бұрышына төсек салып, осында жатасың деп ымдады. Жапатайдың сол сәттегі түрін көрсең. Алдымен сұқ саусағымен кеудесін нұсқап:

— Мен бе? — деді ымдап.

Апам басын изеді. Жапатай басындағы көнетоз тақиясын жұлып аспанға лақтырып жіберді де, әлде не деп қуана дауыстады. Сөйтті де қос тізерлеп апамның алдына жетті.

— Әлгі тік қалпақты, гәлепи шалбар киген Ожар бұл үйге келмей ме? О ғажап! Мұндай сәтте адам мылқаудың да не деп тұрғанын іші сезеді екен-ау.

— Ол енді келмейді. Бұл үйге бас сұқса, төбесіне шай қайнатып, айдап шығамын, — деді апам кәдімгідей қатуланып.

— Ожар бір ауылды билеген басқарма. Оның үстіне қара күштің иесі. Еркек емес пе? — деді Жапатай күдігін білдіріп. Жапатай мен апам құдды бұрынғыдан бір-бірімізбен мылқауша сөйлесіп жүргендей. Апам құшырланып-құшырланып, жұдырықтарын бір-біріне соғып қояды.

— Ой, мен ол сұмырайдан көп таяқ жедім ғой. Қымс етсе қамшысын ала жүгіреді. Етігімен бүйірімен, басымнан сан тепті ғой. Анау келіншегі де араша түспейді.

Бұрынғы әйелі жақсы еді. Мен үшін ол бейшара таяқ та жеді.

— Шыдамады ғой, байқұс.

— Апа... е... ап... Жапатай әп-сәтте өзіне тиіселі ала сиырды Ожардың тартып алғанын, Қаракөз атты майданға жібергенін, шешесінің абдыра сандығын көршідегі Бағила кемпірге өз қолымен бергенін, оның екі баласының әскерге кетіп, олардан қара қағаз келгенін, жаны ашитынын там-тұмдап жеткізді де, бір сәт қабағы түйіліп кән үстіне отыра кетті.

— Шешесі ойына түсіп кетті-ау, байғұстың, — деді апам күңк етіп.

— Жапатай, не болды ? — деймін.

— Жай, — деді Жапатай ымдап.

Сонау бір дүрбелеңнен кейін Ожар біздің үйге бас сұққаңды қойды. Жапатай мәз-мейрам. Қолым да жеңілденіл қалған сияқты. Мылқауша сөйлескенде алдыма жан салмаймын. Қарауылға барып жусанды бірге шабамыз. Қала бере балық аулауға барамыз. Оқу басталуға әлі біраз уақыт бар. Апам күні-түні қырманда. «Соғыс бітуге жақын. Жаудың күлі көкке ұшуға таяу деген қауесет, жер басқан тірі пенденің жүрегіне қуаныш ұялатып, еңсесін көтеріп тастағандай.

— Әкем келген соң, өз үйіме кетемін. Кеше барып қайттым. Тентек балалар терезенің кірпішін түсіріп тастапты. Әттең көзіме көрінсе төбесіне шай қайнатар ем, — деді ол бір күні.

— Ожардың да сазайын тартқызамын... Жапатайдың қою қабақтары түйіліп, жүзі қызараң тартып, аузы қомпаңдап, түсі суып шыға келді.

— Әй, Бөлетай. Екеуміз Ожардікіне барамыз.

— Қашан? — деппін аңтарыла қарап.

— Бүгін түнде, — деді ол маған күлімсірей қарап.

— Иә, кеш батқан соң... Жапатай қолымен дөңгелек күн жасап, алдымен қиырды нұсқап, артынан құбылаға тіреді.

— Оңда не істейміз? Ожардан қорықпайсың ба? — деймін жұлып алғаңдай. Ол сұқ саусағын шошайтып:

— Ол бізді көрмейді. Пәлеге жолап неміз бар, — деді Жапатай кеңкілдей күліп.

— Не үшін барамыз? — деймін Жапатайды жұлқылап.

— Барған соң көресің. Тек апам біліп қоймасын. Ренжиді ғой, — деді Жапатай асықпай түсіндіріп.

— Мен оны бәрібір аламын. — Нені?

— Айтпаймын.

— Ал Ожар ұстап алса, жонымыздан таспа тіледі ғой, — деймін қорқынышымды жасыра алмай.

— Тіліп болған шығар. Еңді кезек біздікі, — дейді Жапатай жайбарақат.

— Қайтіп? Кәдімгідей.

Ары-бері сандалып жүрмін. Әлгінде табынның алдынан шығып, ала сиырды байлап, кешкі асты іштік.

— Ал, жолға дайындал. Мен қазір келемін, — деп Жапатай сыртқа шығып кетті. «Мынау бір қатерлі сапар болды-ау деймін. Ертең малатасқа баратын кезегім. Басқарма ұстап алса ше? Бәленің басталғаны. Апамның басына қара бұлт орнайды. Бірақ... Бірақ Жапатай бәрін ойластырын қойған шығар. Қорыққанға қос көрінеді».

— Кеттік, — дейді Жапатай күлімсіреп. Қолында қабы бар.

— Мұның не? — деймін.

— Майлыаяқтың тамағы ғой. Ожардың иті. Өзіне ұқсаған қабаған. Жапатайдың көзі жалт-жұлт етіп, ғажап бір келбетке енген. Неден болса да, тайынар түрі жоқ.

Түн. Көзге түрткісіз қараңғы. Әр жерде бір лапылдаған жерошақ оты. Анда-санда маңқ-маңқ етіп үрген төбеттердің үні. Үйреккөл жақтан бақалардың ұзын ақаулы даңғазасы естіледі. Құбыладан қиырға қарай тартылған жібектей шуатылған құс жолы. Жамыраған жұлдыз. Қара көк аспан. Алда Жапатай, артта мен. Көкиірімнің терең сайынан өтіп, арғы беттегі жарқабақты сыналай кеткен соқпақ жолға түскенде, Жапатай қалт тоқтады.

— Мен қазір келемін. Осы арадан қозғалма, — деді ол ымдап.

— Мақұл.

Су қараңғыға сүңгіп кеткен Жапатай сәлден соң қайта оралды. Қолын ары-бері ербеңдетіп есі шыға ымдап әлек.

— Ожар үйде екен. Майлыаяқпен де сәлемдесіп қайттым. Ұмытпапты. Ырылдаған жоқ, төсіме асылып, еркелеп есі шықты...

— Иә, сонан соң?

— Терезеден қарадым. Ожар сұлу келіншегінің жанында шай ішіп отыр.

— Солай делік.

— Ал, мен қимылдадым. Алда-жалда қауіп төнсе сайға түс те, жалғыз аяқ көпірдің жанынан күт.

— Жапатай, сен өзің не істейін деп жүрсің? — деймін жан ұшыра.

— Мен кеттім, — деді ол жауап орнына.

— Жолың болсын.

Қарақуыстың жылы желі кең аңғарды кеулеп түнгі даланы бір сипап өтті. Сылдыр-сылдыр аққан Көкиірімнің сарқырамасы. Қаптап жүрген көп қасқырдың бірі мені бас салса ғой. Масқара! Түте-түтемді шығарады. Кейінгі кезде, итқұс дейінші, құрғырды, ауылды басынып алды. Биғайша кемпірдің бұзауын тападай тал түсте жеді. Айғанымның ата қазын алып кетті. Сауап болды, өзіне. Тістеуіктің тістеуігі еді. Анадайдан ұшып кеп, басыма қонып, қанатымен сабалап, тұмсығымен шоқып ойбайлатқан.

Сөйткенше жоғарыдан кесек домалап түсті. Жерден басымды жұлып алдым. Әлде кім қарандап жақындап келеді. Зытып жөнелуге енді бұрыла бергенім сол еді, Жапатай да жөткірініп қалды. Пыс-пыс етеді. Арқасына әлденені арқалап алыпты.

— Ізді адастыру ұшін, Қыдырмолданың талына қарай жүреміз, — деді Жапатай сол тұсты нұсқап. Ол әмірші, мен орыңдаушы.

— Ожар нағыз оңбаған. Менің әкеме туыс. Сөйте тұра менімен өрттей өш, — деді тал ішіне кіріп сәл аялдаған сәт.

Үйге кіріп, есікті ішінен байлап, терезені көлегейлеп, жетілік шамды жаққан соң, Жапатай қаптың ішінен олжасын алып шықты. Күміс ертоқым, оқалы жүген. Жанатайдың қуанышында шек жоқ. Жанарынан жас тамшысы жылтырайды.

— Ақыры қолым жетті ме? — дейді кеудесін соққылап.

— Бұл Қаракөздің ертоқымы мен жүгені. Ожар тартып алған. Әкем соғыстан келгенде не деймін.

— О сұмдық! Жапатай бір сәт еңіреп қоя берді.

— Қойсаңшы, — деймін жалынып. Қуанғаны ма, қайғырғаны ма белгісіз.

— Осылар үшін екі күннің бірінде таяқ жедім ғой, мен сорлы.

— Ештеңе етпейді, Жапатай. Сен ерледің. Ертоқымды да, жүгенді де қолыңа түсірдің ғой, — деймін ымдап түсіндіріп.

— Ие, — дейді ол. Енді әкем де майданнан аман-есен оралатын шығар.

— Оралады, — деймін жұбатып.

Содан бері талай жылдар өтіпті. Жапатайдың әкесі де өртенген қалың қамыстың ішінде аман-қалған бірлі жарымдай періштесі қағып елге оралған. Арқасында дырау қамшының ізі қалған өз тұстастарымызды көріп «ух» деп күрсініп қаламын. Жапатай өз міндетін орындағанына, әкесі ұлының тірлігіне қуанған шығар.


Пікірлер (2)

Байдалы

баланың намысы гой, ер токымды тугендеп, шанырактын йесі екенин билдиргени

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз