Әйтеуір бір әсер алдыңыз ғой. Неден алдыңыз сол әсерді? Қандай әсер еді? Ойланып көрейікші. Сезім дүниесінің өзі сансыз көп пернелер мен сансыз көп ішектерден тұратын болу керек. Тиіп кетсе әлденендей бір дыбыс дың ете қалады. Тиіп кеткені рас. Әсер деген үн шығар. Сонда сіздің қай пернеңіз басылып, қай ішегіңіз қағылды екен? Әйтеуір бір құбылыстың болғаны хақ. Сіз сурет көрмесінде болсаңыз, Айвазовскийдің «Тоғызыншы валын» көрдіңіз. Кітапханада отырсаңыз, Пушкиннің «Жәбірәйілнамасын» оқыдыңыз. Жоқ, сіз оның екеуінде де емессіз. Сіз өз үйіңізде, күндегі орыныңызда отырсыз. Бірақ бұл отырған өзіңіз емес, өзге жан сықылды. Сіз оған таңдана, жатырқай қарап қалдыңыз. Таңданбаңыз, бұл сіз, өзіңіз. Айырмаңыз: жаныңызда үлкен бір мұң ба (мұң деу де қиын), не бір ыза-кек пе (оған да болмас), қайрат-қайырам ба — әйтеуір бірдеңе бар. Көз алдыңызда жайнап тұрған сурет, көрініс жоқ, қолыңызда, сыртын сипап отырған жарты қарыс томыңыз жоқ. Қарсыңызда қамыға ойланып, домбырасын өңгере ұстап біреу отыр. Басы түсіп кеткен. Ол біреуге жақсылық жасап тастап, өзі соған дән ырза болып отырған адамнан гөрі, абайсызда біреудің желкесіндегі шиқанын осып алып, не қолындағысын қағып төккен «айыпкерге» көбірек ұқсайды. Жүзінде масаттанудан гөрі қынжылу басым. Болмысында алғыс, дәме етуден гөрі кешірім сұрау күштірек. Не істеді соншама? Ол ма, ол «Абыл» күйін тартып берді. Сонымен сіз Айвазовскийдің «Тоғызыншы валын» көрген жоқсыз. Пушкиннің «Жәбірәйілнамасын» оқыған жоқсыз. Кәдімгі «Абыл» күйін тыңдадыңыз. Күй көсіп, көсіп келді де, тына қалды. Жаңағының бәрі содан кейінгі жайлар. Көзіңіз көрген, қолыңыз ұстаған түк те жоқ. Сіз әсер ғана алдыңыз. Үлкен әсер. Күй не айтты соншалықты? Жалпы күймен бір нәрсе «айтуға» бола ма? Әсерді, үн түгіл, сөзбен айту қиын ғой? Өте қиын. Бірақ бұл болмайды деген сөз емес. Күйші Абыл ақын Абыл болса лиро-эпикалық, философиялық осындай бір ірі дастан жазар еді. Күйші Абыл суретші Абыл болса осындай бір үлкен полотно жасар еді. Тіршіліктен алған мол әсерін қайғы-шерін, тәжірибесін, ой-философиясын осындай бір шедеврмен қорытындылар еді. Сонда Абыл осы күймен не айтты екен? Ойланып көрейікші. Ол үшін күйдің өзін қайта бір тыңдайық. Сіз Айвазовскийдің «Тоғызыншы валын» көрсеңіз, Пушкиннің «Жәбірәйілнамасын» оқысаңыз, таңданғаннан басқа да бірдеңе айтуыңыз әбден жөн. Біз де «Абыл» күйін қайта бір тыңдап көрейік. Мүмкін, бір нәрсе көзге көрінер, ойға бір нәрсе оралар. Өйткені күйде бояу да, үн де бар. Сөз, тіл ғана жоқ. Есесіне, көңіл, жан ырғағы басым.
Сонымен «Абыл» күйі екінші рет басталып кетті. Жәй, күңірене, қоңыр басталды. Бір ағын алып барады. Бірақ қойтас-тарды қоймай кезіп көпіріп, көкемсіп ағатын тау суының тайыз, мақтаншақ ағысы емес, кең арнамен көлбеп ағатын даланың ауыр, сабырлы ағысы: су емес, балқыған қорғасын ағып бара жатқандай. Жұлып алып, лақтырып тастайтын тез, жеңіл қимыл емес, шым-шымдап тартып, шым батыратын мол, қыңыр қозғалыс. Бір үлкен жан өзі жайлы сөйлей бастады. «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп өжеттенеді-ау деймін. Теріп, іздеп сөйлейтін сараң уақиғалы, самарқау тірлік иесінің сөзіне ұқсамайды бұл. Көпті көрген көне көз күрескер, жыққанынан жығылғаны көп, айтқанынан айтпағы ауыр адамның ақырғы ақтарылуы.
...Ол төсекте отыр. Жаралы. Қауқылдасқан ағайын-туғандар жұбатып бағады. Жазыласың дейді. Жазыла ма? Жо-жоқ! Дәл қазір өлмегенмен ертең осы төсектен тұрмайтынын іші сезеді. Мұның өлгісі бар ма? Өлмесіне қоймайды ғой. Зорлап өлтіреді.
Атағы бүкіл Атырау алабына белгілі күйші болыпты. Одан не тапты? Қандай пайда болды? Түк те. Ойлап тұрса көрмеген азабы аз екен. Соның бәрі осы бір қара домбыраның кесірі. Жұрт құсап тымағын киіп, түйесін бағып жүре берсе, мұнда кімнің не шаруасы бар? Әй, қара домбыра-ай, қайтейін. Сен домбыра болмай, мылтық болсаң, мұндай қуғын көрмес еді ол. Абылды жұрт әуел бастан-ақ бөлек санаған-тұғын. Күйін тыңдаған жұрттың көбі мақтайтын. Сол мақтау біреулерге шаншу болды. Шаншу асқына-асқына ауруға айналды. Ақыры мынау. Жұрт мұны неге өзгеден бөлек санайды екен? Мұның басқаға ұқсамайтын не кереметі болмады? Есіне алса, ештеңесі болмаған сықылды. Бұл да басқалар құсап дүниеге келді, енді міне, басқалар құсап сол дүниеден өткелі отыр. Қайта жұрт ат мінді, ас ішті. Мұнда ол да болған жоқ. Сонда күндегені күй ме? Мә, сендер-ақ ала қойыңдар сол күйді! Күй күрсініп жіберді. Домбыра зарланады, жылайды. Бірақ күйшінің көзінде жас жоқ. Күйші, сөз жоқ, жылап отыр. Көзінің жасы қайда? Көзінің жасы жүрегіне құйылып жатса керек. Күй күрсініп жіберді. Үлкен бір өкініш, қайғы-күйік бар. Ез қайғы емес, ер қайғы. Күй: «Жеңдім, бітірдім» деп төс ұрып отырған жоқ, «жеңе алмадың, бітіре алмадың» деп ерегіседі. Әлдекімді қайрайды. Әлдекімді өзіне-өзі қарсы салады. Қарыс қайратқа ешкімнің батылы барар емес. Күй әкетіп барады, әкетіп барады. Қаумалаған адамдар үнсіз. Күйдің бітетін түрі көрінбейді. Өзі төрт бөлек, төрт кезең екен. Адам өмірінің төрт белесі іспеттес. Балалық — жастық, егделік — кәрілік. Екі ішек кезек-кезек бебеулейді. Астыңғы ішек (қатты ішек) күш-қуат, ашу-ыза білдіреді. Үстіңгі ішек (бос ішек) бұған қарсы мұң, езілу, түңілу сөзін айтады. Екеуі бір домбырада тұрғанмен екі түрлі сыр түйеді. Екеуі бір күйшінің саусағы астында жатқанмен екі түрлі емеурін танытады. Екеуі көп жерде келіскенмен, көп жерде шалыс келеді. Біреуі, үзілдім-ау, тындым-ау деп ышқынса, екіншісі, ерегіскенде тынбаймын, үзілмеймін деп күдірейеді. Екеуі де нанымды сөйлейді. Қалтқысы жоқ, шын сөз. Бірақ күйшінің айтылмыш халін аңдасаңыз үстіңгі ішектің «айтқанына» көбірек сенесіз. Күй төменгі (сағадағы) пернеге шапшып бір шықты да, сылқ түсті. Қаумалағандар сәл аңырып қалды, артынша біреулер: «Күй шертті, бұл жазылады, тірі қалады»,— десті. Енді біреулер үнсіз бас шайқасып, кемсең-кемсең етісті. Өмір бойы жауырыны жерге тимеген бір балуан жан тәсілім қыларда төсегінен атып тұрып, жанында жатқан қайыс белбеуді қос қолына орап-орап алып, «әуп» деп бір тартып, етбетінен түсіп өлген екен. Күйші Абыл да соның керін құшты.
Атақты «Абыл» күйі осылай туды деседі ел іші. Әдетте ұлы өнерпаздардың өмірін халық жасайды. Әсерлірек болу үшін қызық пен қуаныштан гөрі өзі білетін қайғы-қасіреттің, мұң-мұқтаждың салмақтырақ жағын бір соның басына үйіп-төгеді. Бұған күдікпен қарауға әбден болар еді, бірақ күйді, «Абыл» күйінің өзін қайда қоямыз? Тыңдап байқасаңыз, «Абыл» қымыз ішу мен қыдырыс қызығынан тумағанын өзі айтады. Сіз тек тыңдауды ғана біліңіз. Өнер институтының студенті, жас күйші «Абылды» жеткізе алды-ау деймін сізге. «Абыл» тағы да: Ол да сәби болып келді, домбыраны бала болып ұстады, ойнап ұстады, кейін шындап күй шертті. Жұрт алғашында бала көріп, саусағын ғана қызықтады. Оған бәрі күліп, кешіріп қарайтын. Кейін күйін тыңдайтын болды. Күлкіні қойып, ойланып қалатындар көбейді. Бертін келе жүздері сұрланатынды шығарды. Біреулер көзіне қадалды, біреулер кеудесіне үңілді. Көзіне қадалғандардан күндес шықты, кеудесіне үңілгендерден қызғаныш табылды. Әйткенмен ешқайсысы оны жеңе алған жоқ. Оны төрде отырып тыңдағандар емес, үйге сыймай, жабықтан сығалағандар жақсы көрді. Оның үстіне «Абыл» күйінде ғаламат зор арман бар. Мұны өлгелі жатқан кісі шығарып тартты деген сөзге сүйеніп айтып отырғамыз жоқ. Домбыраның соңғы, сағалық (ре) пернесіне келіп қадалған саусақ соны айтады. Әдеби шығарманың шарықтау шегі секілді. «Абыл» күйінің де шарықтау тұсы осы ара. Осы жерде үстіңгі ішек кетеді. Үстіңгі ішек: «бардым, бардым — жоқ болды, іздедім, іздедім — таппадым» деп сөйлеп тұрған жоқ па? Күйдің де лирикалық, эпикалығы болады десек, «Абылда» бұл екеуінің үстіне, философиялық элементтер бар. Ол күйдің өнбойына, эпикалық сарынмен араласып, жүріп отырады. «Абыл» өзінің характері жағынан, жаңа бас білген тай құсап, шекесінен қарап, қырындап тұрған күй емес, байсалды, тіпті «босбелбеу» күй. Оны қуып тартуға әсте болмайды. Өйткені, қайғы-қасірет, өкініш, арман, ой дегендер жеңіл дүниелер демессіз. Қысқасы, «Абыл» күйі, неше рет тыңдасаңыз да:
Күн барады өткелі,
Ай барады батқалы,
Қуғаныма жетпедім,
Жығылмады атқаным,—
деп, сонау бір алыс тағдырды, ұлы күйші тағдырын, оның қайғы-арманын шертіп тұрғандай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі