Аспан ауық-ауық оқыс қозғалыс жасайтын секілді: жұлдыздар тамып-тамып кетеді.
Қараңғы, Айсыз қараңғы. Бірақ мына екеу бірінің жүзін бірі көріп келеді. Екеуі де сөзшең, көп сөйлейді. Әсіресе жігіт. Ортақ тақырып, не ажарлы, ұтқыр ештеңе іздемейді. Талғап, таңдауға басса, үнсіз қалары хақ, содан қорқады. Қыз бен жігіт, Айсыз түн. Бұдан артық не керек? Сонда тіл қата алмасы — хас масқара емес пе?! Жігіт көңілі аласұрады. Ыстық-ыстық бір сөздерді алқынып-ақ айтқысы бар. Әтте-еең, осынау үміт-тілегі, пиғыл-ойы тіл ұшынан үзілгенде суып, әлдеқалай жансызданып шығады. Содан да ылғи бір өңкей, сұрқай сөйлемдер, жылтсыз сөз, жылусыз тіркестер түзеді. Мейлі ғой, мейлі деп ойлайды ол, әйтеуір, үнсіздіктен тәуір. Өстіп түйеді де, тілі жаңа шыққан сәби құсап өз шүлдірін өзі қанағат қылады. Ауыз жаппағанына мәз. Сөзінің кілең сұрақтан жасалып бара жатқанын да аңғармайды.
— Қалай, оқу қызық па?
— Не десем болар екен сізге? Білмейім. Әйтеуір, екі жыл өте шықты.
— Сын тапсырдыңдар ма?
— Экзамен, что ли? Әрине. Қыста бір, жазда бір.
— Қиын ба?
— Конечно, оңай емес. Кілең профессор, доцент, кандидат. Күллісі ауызыңнан шыққанды аңдиды. Брюкіңе түскен қыртысқа шейін көрініп қалады (күледі).
— Сынақта мектептегіше белет суырта ма?
— Суыртады. Но, айтқаныңды аяғына дейін ешкім тыңдамайды.
— Неге?
— Обязательно біреуі бөледі. Не сұрақ тастайды, не жі ңішкелеп әзіл қыстырады.
— Онда көңілді болды ғой? (күрсінеді).
— Әуелгі кезде қысылып бітуші ек, кейін...
— Кейін елең қылмай сабақтарыңды айта бердіңдер, солай ма?
— Жоқ, біз... мен де әзілге қайтаруға үйрендім (күледі).
— Імм. Үлкен өнер.
— Ағай деп тұрып, қақпағын қайырып жіберсең, екіншіде аңдап сөйлейді (күледі).
— Топтап па, бір-бірлеп кіргізе ме?
— Қайда? Аудиторияға ма?
— Әлгі емтихан алатын жерге.
— Көбіне бес-алтыдан бөліп кіргізеді, но кейде қылқитып жалғыз өзіңді де шақыра салады, ага.
— Імм.
— Оңаша тапсырған рақат. Ешкіммен қысылмайсың.
— Мұғалім ше? Профессор, доцент, кандидаттар ше?
— Өй, олар аға десең түсінеді (күледі).
— Нені түсінеді?
— Кісінің жанын. Сіз оқып жүргенде аңқау едіңіз, әлі сол қалпыңыз, дым өзгермепсіз.
— Імм (күрсінеді). Қой қулықты білмейді екен. — Қыз сыңқ-сыңқ күлді. «Остроумие», «остроумие» деп қайталады. Бірақ бұнысы серігін мақтаудан гөрі кінәлауға тақау естілді. Әрі үнінен кекеу, кемітудің сызы білінді. Бір сәтке қызға мына жігіт суыртпақтап, өтірік мүләйімсіп сыр тартатын құрбы-күндестері сықылды көрінді. Сол-ақ екен, әлгіден бері қайырған жауап-тарын, ойша қайыра екшеп, қайта тыңдаған. Бет қызартар пәлендей ештеңе таппады. Мейлі, деп түйді сонсоң, мейлі, баяғыда бірге оқыды демесе, айдаладағы қойшының не ұғып, не қойғанында ісі қанша!
Жігіт әлгі сұрақтарды ілкіде тек сөз болсын ниетімен, үнсіздіктен қорқып қана жаудырған. Бір сауалына жауап алып үлгермей, ішінен екіншісін әзірледі. Сонда қыз бен осынау жым-жырт аймақ алдында сөзуар, тіпті шешен кісіге ұқсағысы келген. Осы себепті кластасының сөзін естіп қана келе жатты, тыңдаған жоқ-ты. Енді қыз жауабына еркінен тыс елтіп кеткенін таңдана мойындады. Оның әр сөзінен астар іздеп әуреге түсті. Ойда жоқта ауыр жүк көтеріп, ескі жарасын ауыртып алған кәрі жауынгердей көптен ұмыт, қалтарыс бір қуысының азынап қоя бергенін де жаңа сезінді. Жанын тағы да намыс биледі: ой үстінде үнсіз қалғанын көріп, тағы үрейі ұшты. Өзі құралыптас жігіттер бірін бірі кемсіткенде: «Әншейінде ауыз жаппас, қыз алдында түк таппас», — деп, белгілі халық мәтелін өзгертіп соғатын. Жігіт сол «түк таппас» атанудан қашады. Қазір де, міне, әлсін-әлсін маңдайы шып-шып терлейтін сияқты. Неткен масқара! Онды бірге бітірген томпақ көз торы қыздан мұнша қысылады, болашақ жары, нағыз сүйері кездессе қайтер еді? Мұнша үргелек болар ма бейшара, жүрегі жарылып кетпесе игі де. Ол өстіп қиналғанда жылап жібере жаздады. Өйткені өзін жасық, сөзге шорқақ санайтын-ды.
Құлағына кенет жаңағы, соңғы айтқаны қайыра шалынды: «қой қулықты білмейді екен», жанына тиген бұ сөздердің мағынасы емес, үні, екпін-рухы. Жылап тұрған кісінің ауызынан шыққанға ұсайды. Әр әріп, әр дыбысында көз жасы мөлтеңдейді, сәл қозғаса мына аспанның жұлдыздары құсап тамып-тамып кетердей. «Қой қулықты білмейді екен». Бұ қайткені? Қой бағудың қорлығын мына жаман қызға шаққаны ма? Тапқан екен сорлыны!
Жігіт дереу ішін жиып алды. Көкірегін кере, барынша ашық үнмен:
— Сонымен, менің баяғы сәби қалпым, а? — деп сұрады.
— Туу, ренжіп қалдыңыз ба, әншейін айтқаным ғой, — деді қыз.
— Менікі де әншейін (күрсінеді).
— Түн қандай тамаша!
— Ұмытып қалдың ба?
— Нені?
— Құмның түнін? Сен ауылда жүргенде де осындай-тұғын.
— Мүмкін. Анда, қалада жұлдыз көре алмайсың.
— Неге? Аспандарың жоқ па?
— Бар ғой, бірақ жұлдызы көрінбейді (күледі), машинаның газы, пыл, тозаң...
— Немене, машина аспанмен жүре ме?!
— Әрі баған басы сайын шам, жарқырап тұрады.
— Імм. Киноға барасыңдар ма?
— Боже мой, сіз не, орта ғасырдың кісісі құсап, әрине, кино көреміз. Жаңа да көріп шыққамыз жоқ па!
— Сонда да. «Ұзынобаның» киносы мен сіздің кино бір емес шығар дегенім ғой. Көп барасыңдар ма?
— Шет елдің кинолары келгенде болмаса, сирек, қол тимейді. Сабақ, лекция. — Жігіт сұрақтары түгелімен, әсіресе, соңғысы қызға мүлде ұнамады. Талайдан бұ сынды тура, тіпті, тексеру, тергеу ниетінен де құр емес, сауалды естімеген-ді. Қыздың пайымынша, әлгі тәптіш сұлудан дәмесі бар кісінің ауызынан шығатын сөз емес. Тәлкек пе, әлде бас пайдасына елікпейтін есердің тантық тәкаппарлығы ма?
Қайсысы жетісіп тұр? Екеуі де қорлау ғой? Қыз қоңырайып жүре берді. Ер адамның тілінен тек мақтау, не астарлы әзіл күтуге үйренген үкілі көңілі басылып қалды. Тап мына кещені кеміріп тесер тісі бар-ды. Сол пиғылға құлап барып, дереу түзеле қойды... Келесі сәтте өз қысқалығына өзі күлді. Оқыған адамның қалған, қараңғы жұртқа жасайтын кеңшілігі болмаушы ма еді?!
Кешірімі қайда? Жас басынан қой соңында салпақтаған бұ бедниден не күтеді? Өстіп ойлағанда, табиғатына тән жылы жүрегі бір бүлк еткен.
Мына сөздер іштегі сол жылудан еріп, балқып тамған тәрізденді.
— Миың ашып құрыдың-ау әбден! — деді. Осы арада «Сізден» «сенге» қалай көшкенін аңғармады.
— ?
— Екі жылың биыл бітпей ме?!
— ?
— Оқуға жүресің ғой?
— Шет ел кинолары көп келе ме?
— Аа-а? Да, достаточно.
— Імм. Лекцияларыңды қайтесіңдер?
— Қайтейік — тыңдаймыз, жазып аламыз (күледі).
— Картина көруге мешайт етпей ме?
— Жоқ, сабақ күндіз өтеді, ал картина...
— Кешке, сабақтан шыққасын барасыңдар, солай ма?
— Ага.
— Ертеңгі сабаққа қай уақытта дайындаласыңдар?
— Ертеңгі сабағы несі, семестр ме?
— Мейлі, солай-ақ болсын.
— Семестр күн сайын болмайды да (күледі).
— Есесіне кино күн сайын (күледі).
— Конечно. Бәріне бірдей бара бермейсің.
— Өкінішті-ақ.
— Не өкінішті?
— Бәріне бара алмайтындарыңды айтам.
— Аа-а (есінейді).
— Қалада Ай жоқ шығар?
— Неге?
— Жұлдыз көрінбесе, Ай қайда...
— Боже мой, что за вопросы! Әрине, көрінеді.
— Қайдан білейін (күрсінеді). Степендияларың жете ме?
— Жетпей қалсын. Қазір қырық-отыз сом деген ақша ма.
— Үйден салып тұрады.
— Ага. Бәрібір шақ келмейді. Киім-кешек, туалет, анау-мынау.
— Киноға, тамаққа жігіттер шақырса (күледі) шығын аз емес пе? — Қыз мырс етіп бір күлді: шақырмай қалсын деп ойлады, қалталарын қағып ішіп, қыздардан қарыз сұрап қылқиятын қайсыбір құрбыларын есіне алып.
— Әрине, — деді сонсоң, мына қойшы қазақтың жүйкесіне тағы бір ойнап қалуды мақсұт қып, қулана, — әрине, жігіттер обалдары не, бишаралар жақсы ғой, асырайды. Кино, рес-торанға шашы-лғаны аздай, апта сайын сыйлық, подарка. Тіпті ыңғайсыз. Қасқаларды кейде аяйсың. Бір қыздың үстінен тәуір киім көрсе — сенің де соны кигеніңді қалайды. Әкелерінен сұратады, қарызданады, әйтеуір, әпермей қоймайды.
— Әлемет екен.
— Ага.
— Қыз болған рақат, а? (күледі).
— Сұлу қыз болған деңіз.
— Імм.
— Ага!
«Ұзыноба» шамдары алыстап барады. Қайсыбірі қалың тал, терек жапырақтары арасынан қызара жылтырайды; дамылсыз, жыпың-жыпың кірпіктерін қаққандай болады: саусаған бұта, жапырақтардан көз қорғаштап, жасқанатын сияқты. Аспан бірте-бірте аласарып, төніп келеді.
«Құс жолы» — сұлы дәнін тасыған құмырсқа керуені тәрізді, ағал-жағал. Бұлар арттарына қараған: он бес, жиырма үйі, сол шамалы бағаны, шамы бар «Ұзыноба» салбырап түсіп кеткен түнгі аспанды әлуетсіз саусақтарымен кеудеден тіреп, тыртысып жатқанға ұсады...
Қыздың үйі арқа жақтағы шағыл қабақта. Оқшау жалғыз балшық қыстау. Батып-шыққан, ирек-иір қора, бітеу үстіне үйілген пішен — шоғырлана қарауытады, шеткі жалғыз терезеде ғана жарық бар. Бұлар қыстаудың құбыла батысымен айналып бара жатқан, қыз еңкейіп, жігіттің иығына қол арта сыңар туфлиін шешіп алды. Көл жақта бақа бақылдайды.
— Ішіне құм толып кетті.
— Асфалтқа үйренген аяққа қиын ғой.
— Біздің үй мынау.
— Білем. — Қыз аяқ киімін ағараң-ағараң еткізіп, бірер сілкіп қайта киді.
— Бітіргесін ауылға келесің бе?
— Білмеймін, әлі ойланғам жоқ.
— Ауылда да кісі қызығарлық ештеңе болмас. Бүгіннің өзінде есі бар жұрт қала, асфалт қуып кетіп жатыр.
— Асфалтты мұнда да төсеуге болмай ма?
— Бұ құмға асфалт тұрмас.
— Неге? Теміржол келді ғой!
— Асфалт пен сұлу қыз тұратын жер емес.
— Жақсы, рақмет шығарып салғаныңызға.
— Мен таң ата қырға жүрем.
— Жолыңыз болсын.
— Үй баяғы Ақитөлгенде.
— Естігем.
— Отар иесіз қалды. Ауданға сессияға шақырғасын келіп ем.
— Көмекшіңіз жоқ па?
— Жоқ, көмекші де, көсем де өзім.
— Қиын екен. Қой қанша?
— Көп.
— Оқуға жүрмейсің бе?
— Азаптанбағаным жөн секілді.
— Неге?
— Асфалтқа үйрене алмаспын.
— Еркіңіз білсін (күледі).
— Қаланың сұлу қыздарының шырқын бұзғым келмейді (күледі).
— Қорықпай-ақ қойыңыз, қала қыздарының шырқын бұзу кім көрінгеннің маңдайына жазылмаған (күледі)
— Қайдан білейін, әлгі құшақ-құшақ подарка таситын жігіттеріңнің біріне жақпай қалып жүрмесем дегенім ғой (күледі).
— Жағып қана күн көрем десеңіз, жақсы азамат екенсіз.
— Міне, міне, өстіп, адамша сөйлесеңші (күледі)
— Мені кекетіп-мұқату үшін келген екенсіз де.
— Рас, тек сол үшін (күледі).
— Онда сөзіңіздің бәрі босқа шықты деңіз.
— Біздің сөз сатусыз.
— Көрініп тұр.
— Әлі қанша боласың?
— Қайда?
— Елде, үйде.
— Қажеті қанша.
— Сонда да.
— Көп. — Қыздың үнінен ашу, ыза білінді. Неге екені белгісіз, жігіт содан бел алып, әжептәуір желпініп қалды.
— Бірте-бірте ол ата жауының осал жерін тапқан қаныпе-зердей қунап бара жатты да, кенет, жөні дұрыс, тағы да сенімге ендіріп, сыр аштыратын сөздер іздеді. Бірақ ауызынан түскенді талғамайтынын, талғаудан қорқатынын тағы түсінді. Кенет:
— Екеуіміз он жыл қатар отырып ек, — деп салды.
— Қазір де қатар екенбіз ғой, — деді қыз. Бұдан айтатының болса не бітірдің, менің кінәм — сенің жасықтығың деген секілді өкпе, сыз иісі білінді.
— «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген рас екен.
— Конечно.
— Бәрі бір күнгідей болмады.
— Ага (есінейді).
— Ұйқың келді ме?
— Да-а... жоқ, ә.
— Есінегеніңе қарап айтып ем.
— Простите. Өзіңіз сықылды көңілді жігіттермен сөйлескенде өстетінім бар еді.
— Онда ұйқың қансын.
— Ұйқы қандырмағанда не бітірем.
— Імм.
— Ага.
— Кешір, мен... ойламап ем. — Жігіт тілін тістей қойды. Нені ойламадым дегенін іші сезгенде өзінен өзі жиіркенді. Аңдаусыз айтылған осы сөздердің шын мағынасын қыздың санасына жеткізбей қайтарып алу керек екенін түсінді. Қыз да әлгі айтылғанды бұның өзіне ұсап дәл ұғатын, жазбай танитын тәрізденді. Ойша, кеш бойы көрсеткен кесірлігінің бәрін жуып-шаятын жарқын, кінәсіз сөз іздеп жанталасты. Оқыған қыз мына меңіреу құмда туып өскенмен, тәлім-тәрбие алған, өзі сұлу — менің мұнша міндетситіндей не жөнім бар деп ойлады, қыр адамының анайы сөздерін қайдан сіңірсін, жарастық іздеп, жабайылық танытқаным қалай? Өстіп бұ да өзін тұқырта бастады. Тарыққанда тіліне оралған сөз:
— Оқу деген кісіні өзгертіп жібереді-ау, — болды. Айтпақ сөзінің бұл емес екенін де бірден сезінді. Сол-ақ екен, манадан бергі ауызына түскеннің бәрі бөтен біреудің пікірі құсап, алыс тартып жүре берді. Неткен мылжыңдық!
— Рас, — деп қостады қыз, — сіздің мына болмысыңызға қарағанда, адам мінезіне қой да біраз әсер жасай ма, қалай.
— Імм. Сонда мен қойға ұсаймын, солай ма?
— Мен өйдегем жоқ. Сөз келісі де.
— Түсіндім.
— Сонымен, оқуға жүресіз бе?
— Оны қайтесің?
— Қалыңдығыңыз жіберсе, барғаныңыз жөн.
— Иә, ол қызғаншақтау (күрсінеді).
— Солай ма?
— Ага.
— Папаңыз қыз айттырып жүр деп еді, рас екен ғой?
— Қараңғы халық өтірік айтпайды (күледі).
— Енді менің қасымда неғып келесіз?
— Шығарып салып келем.
— Қалыңдығыңыз көріп қалса қайтесіз?
— Ол қорқады, түнде қыдырмайды. Қаладағыдай шам жоқ.
— Со-олай деңіз (күрсінеді).
— Ага. Да (күледі).
Күншығыс жақтың жұлдызы солғындап, ірге бозғылдана түріліп келеді. Ат тағасындай Ай арқан бойы көтерілген, о да боп-боз.
Қыз жалт бұрылып, анадай қалған үйіне қарай жүгіре беріп, артына қайырылды.
— Қойыңызды елу миллионға жеткізуіңізге тілектеспін!
— Сен бес жылдық оқуыңды үш жылда бітір, — деп дауыстады жігіт.
* * *
Қыз көз жасын жасыра алмады. Үйіне кіре көйлек-көншегін жинастырды, студенттің байырғы қоңылтақ, қол сандығы есік көзіне қойылған соң ғана тізе бүгіп, дәм ауыз етті. Түкке түсінбей үрпиіскен аға-жеңгесіне: «Институттан телеграмма келді», — деген сылтауды ұстатып, асығыс, сағат тоғызда өтетін пойызға шықты.
Ал Ақитөлгендегі Қалау қария со күні кешке қой фермасының меңгерушісіне: «Ұлым, шүкір, есті, кәрі әке-шешесін тастап қайда барсын, әрі келін әперіп қолымды ұзартатын болды», — деп желпініп отырды...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі