Өлең, жыр, ақындар

Күлкі

Уақытша ұйымдасқан құрылыс тресінде істеп жүрген кезім еді. Алматыдан бір өкіл келе қалды.

Екеуміз таңертең облыс орталығынан шығамыз да аудандарға барамыз. Салынып жатқан астық сарайларын көреміз. Бастық біреуге ақыл айтады. Екінші біреуге ұрсады. Ал үшінші біреудің жер-жебіріне жетеді. Қорқытады, қызметтен алып тастаймын деп столды ұрғылайды. Содан кейін... Ие, содан кейін қазіргі техника заманында жердің алыс-жақыны бар ма, тәйірі - кешке қарай қала қайдасың деп бір-ақ тартамыз. Мен өкілді қонақ үйге алып келемін. Өзіне арналған бөлмеге жайғастырамын. Ваннасын дайындаттырамын, тамағын әзірлетемін. Ертеңіне машинаны алып тағы да қонақ үйге келемін. Бастық тұрып жуынғанша, тамағын ішкенше күтіп отырамын.

Несін жасырайын, мені мұндай «командировка» жалықтырып жіберді. Бірақ өкіл айтқан соң амал қанша, ұнатпасаң да үндемеуге тырысасың, дегенін істей бересің ғой.

Бұл бір өзі лайсаң, салқын шақ болатын. Ұзақты күн аспан әлемін тұнжыр күздің жылауық бұлты қоршап, жаңбыр бүркіп тұрды да, кеш түсе алақаншықтап қар жауып кетті. Біз бұл кезде «Қызыл қия» деген колхозға келген едік.

— Осындай қарбалас уақытта қонып жатудың өзі қылмыс болады. Қалаға жетіп бір-ақ тоқтаймыз, — деп өкіл кесіп айтты. Шофер жігіт желкесін қасыды.

— Қалаға әлі отыз шақырым бар. Жол болса, жаман.

— Далада қалып қойып жүрмейік, - дедім мен.

Өкіл үндемеді.

Амал қанша... зорға жүріп келеміз. Жентектелген жабысқақ қар машина шынысын соққылайды. Әлде біреу тасада тұрып әдейі атқылап тұрған секілді.

Машина жарығы үш-төрт-ақ адым жерге ғана түседі. Алдыңғы бет әуелі ақсұр перде ұстап қойғандай бозамық тартады да, арғы жағы қалың кілегей қараңғылыққа айналып тас түйін болып кетеді.

Біз бір ағаш қылтасына киліктік. Машина қар аралас лай суды сызып келе жатыр еді, бір заманда арты бұлғаңдап, қырындай тартты да, күрт тоқтады. Содан кейін өрмекші торына түскен шыбындай зуылдай бастады. Ілгері де жұлқынады, кейін де жұлқынады. Сонда да, лықсып барып әлгі бір өзі қазған шұңқырға түседі.

Біз машинадан шықтық. Өкіл шалбарының балағын қолымен көтеріп, аяғының ұшымен бірер рет жиіркене аттай берді де, тәйкесінен түсті. Мен оған қарамадым. Аяғымдағы керзі етікпен көстеңдей басып, машинаны итеріп жатырмын. Біраз уақыт өтті. Мен болсам терге малшындым. Шофер жерге түсті де, машинаны бір айналып шықты. Артқы доңғалақтарына үңілді. Содан кейін:

— Трактор сүйреп шығармаса, отырған шығармыз мықтап тұрып, — деді.

Енді бірде өкілге қарасам, пальтосының жағасын көтеріп, желге жонын тосып бүржиіп тұр екен.

— Ал, енді не істейміз? — деді ол. Тісі-тісіне тимей сақылдап тұрғанын сонда білдім.

— Не істеуші едік. Осы арада жатамыз. — Ашу буса да сызды үнмен ақырын ғана сөйледім.

— Үсіп өлеміз ғой.

«Өзіңе де керегі сол еді» — деп қойдым ішімнен.

— Тым болмаса, жарты литр спирт болса... — деп өкіл бүкжие түсті.

Кенет ойыма сап ете қалды. Осы қылтадан екі-үш шақырым жерде орман қорушы Мұстафа дейтін қарт тұратын. Үйінде бір-екі рет болғаным да бар еді. Ақ көңіл, аңқылдаған мырза кісі болатын. Машинаны бір тәңірдің өзіне қалдырдық та, өкілді ертіп біз сонда тарттық.

Бағымызға қария да үйінде болып шықты. Түн ортасы ауып кетсе де, құрақ ұшып қарсы алып жатыр.

— Ау, балалар, амансыңдар ма? Төрлетіңдер, төрлетіңдер. Ал, қатын, іздесең таппайтын қонақтар келді. Қимылда. Ал, Тайлан, аман-сау жүрсің бе? Бала-шағалардың дені сау ма? — Мұстафа қарт ортадағы аспалы шамға қолын қалқалады, — ал мына бала кім?

— Алматылық. Өкіл, — дедім мен кекетінді дауыспен. — Қалада тығыз шаруасы болып, түнделете жүріп кетіп едік, отырып қалдық.

Қарт онымды аңғармады білем, бәйек бола берді.

— Е, өз баламыз екенсің ғой. Былай шық. Ойбай-ау балам, өзің жаурап қалғансың ба? Қатын, әлгі ана біреуің қайда еді? Әлгі бала келіп қала ма деп, сақтап жүрген тентек суыңды айтамын.

Мен өкілге қарадым. Жақ жүні торайдың қылтаныңдай үрпиіп бозарып тұрса да, шегір көзі күлімдей қалған екен.

— Ал, шырақтарым, тоңып қалған екенсіңдер, тамақ піскенше жылына тұрыңдар, — деп қарт бір ала мойынның түбін көтере берді...

Өкіл қолының қалтырағанын сездірмейін дегендей, стаканды аузына еппен апарды да, төңкере салды.

— Пай-пай, жастың қимылы, міне, осындай болу керек қой, — деп Мұстафа қарт ауыз үйге қарай беттеді.

Өкіл тірілейін деді. Бетіне бірден қан жүгірді. Маған қарап басын шайқады.

— Форточкасы жоқ екен, қалай жатамыз?

«Онда далаға жат» дейін деп бір оқталдым да, өзімді өзім ұстап қалдым.

— Үйі кір екен. Электр жарығы жоқ, — деді ол тағы да. — Қалай тұрады?

Мен үй ішіне еріксіз көз салдым. Терезелері үлкен екі кең бөлме. Оң қабырғада әлі өңі таймаған парсы кілемі тұр. Маңдай қабырғада шыныланған суреттер. Үй іші жинақы, таза. Жалғыз-ақ қабырғалар жергілікті жердің ақ балшығымен сыланған екен. Керосин шамымен сәл күңгірт тартады. Өкілдің «кір үй екен» деп отырғаны да сол болса керек.

Әлгіндей болмай буы бұрқырап үйеме табақ ет те келді.

— Балалар дәмді әлгі айырымен жейтін шығар, — деп қойды қарт. Лезде - ақ шанышқылар, екі-үш бутылка ала мойындар да жетті.

— Балалар тоңып келді ғой. Бірер рет көтеріп жібер, — деп қарт ыдыс-аяқ әкеп жүрген жігітке қарады. Өзі шарт жүгініп отырды да, шоқша сақалының ұшын тарамдап, ерніне қыстырып қойды. Дәмді тамағымен бірге тағы да стакандар сылдырады... Өкіл іркілмеді. Тастап - тастап жіберді де, етті көмекейлей асап жатыр.

— Алыңдар, шырақтарым! Бұйырған дәм ғой.

— Әй, шал, өзің бір жақсы шал екенсің, — деді бір кезде өкіл. — Ал мына үйің неге кір?

Мұстафа қарт естімеген, елемеген кейіп білдірді.

— Алыңдар, суытпай алыңдар, шырақтарым. Балам - ау, аузыңды ашып отыра бергенше, қонақтарыңды күтпейсің бе! Құйып жібер!

Мен өкілге қарадым. Байқаймын «ақаң» шіркін буынына түсіп кеткен болу керек, көзі тұманданып, шалықтай бастаған екен. Мен жігітке «құйма» дегендей белгі бердім.

Өкіл аузын қисаңдатты. Содан кейін ебі кеткен қолын табаққа апарды. Етті шеңгелдей алды да аузына апара беріп қарияға қарады:

— Ылғи ет жейсің, шал ә?

— Е, бұйырғанын, шырағым... Алыңдар, алыңдар, балалар. Сарқыт беретін келін жоқ мұнда.

Өкіл ықылық атып, шалқая берді:

— Біз бүгін осында жатамыз.

— Е, мына жеті түнде қайда бармақшы едіңдер. Жатасыңдар. Қатын төсекті қалың етіп салып береді.

— Бүрге жоқ па? — деді өкіл тілі күрмеліп. Қария мазасызданып қалды.

— Ондайды білмейміз, шырағым.

— Ә, ылғи ет жегенше... ә? Әлгі ана борщ... Мына үйді айтам... кір... Мұстафа қарт бар даусымен селкілдеп қатты күлді.

— Ха-ха-ха-ха!..

Өкіл басын көтеріп алды.

— Әй, шал, неге күлесің? Мұстафа сұсты бір қалыпқа түсті.

— Сіз сияқты лауазымды адам үйіме келіп, қолымнан дәм татып отырғанына қуанып отырмын. Қуанғандығымнан күлемін де... — деді ширақ үнмен.

Өкіл көзін шалықтата берді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер