Өлең, жыр, ақындар

Оңқай асық

Асқардың жалғыз атасы бар. Сақалы кеудесіне түскен, бозғылт мұртты, қыран мұрынды, қарашұбар шал. Әттең, жүзін әжім қаптап, белі бүгіліп қартайып кеткенін айтсаңшы. Осыдан екі ай бұрын көшіп келгенде, Асқардың қуанышында шек жоқ еді. Тек Қалима әжесін көрмеген Асқар беймаза күй кешті. Жүкті төменгі үйдегі өздері ет, тамақ сақтайтын кілетке тығып, екінші қатардағы өз бөлмесіне беттегенде барып:

— Ата, ата, әжем қайда? — деп сұрап қалған.

Алғашқыда атасы да, әкесі де абыржып, жалт қарады.

— Әжең бе, әжең о дүниеге сапар шеккен, — деді шешесі Есбике.

— Ол қашан келеді? — деп сұрады Асқар. Шешесі басын төмен салған күйі мырс етті.

— Ие, балам, әжең ол жаққа демалуға кеткен, — деді әкесі Ғазиз.

— Е, мамам сияқты демалыс үйіне барған ғой.

— Қайран балам-ай. Шүлдірлеген тіліңнен, түсінбеген түйсігіңнен айналдым, — деді атасы қабағын түйіп. Асқар жан-жағындағыларға таңдана қарады.

— Жазылғаннан соң қайтып оралады, — деді әкесі.

Міне, содан бері Асқар әжесін күтулі. Әкесі мен шешесі жұмысқа кеткенде атасы екеуі оңаша қалып, төменге түсіп, мектепке барғанша ұзақ қыдыратын әдеті бар. Атасының әңгімесі сан қилы. Бір қызығы ауылдағы көрген қызық, бейнетін айтып, құрдастарын еске алып, тіпті балалардың есімін де қайталаумен болады.

— Пау, Қаракөздей жер бар ма! Шөбі шүйгін, суы бал, ғажап мекен ғой. Тағдыр осылай болған соң не шара, менің оңқай асығым, — дейді атасы ауық-ауық маңдайынан сүйіп. «Оңқай асық» деп Асқарды атауының да сыры бар. Ғазиз әкесі — атасының жалғыз баласы. Ол осы қалада инстотта оқып ауылға бармай, қалада қалыпты. Шешесі Есбикеге осы қалада үйленіпті. Атасы бар малын сатып, пұл етіп бүкіл ауылды жинап той жасапты. Атасы айтпақшы «жалғыз баладан несін аяйды.» Ғазиз әкесіне де үйді сатып әперген атасы. Сөйтіп жүргенде Есбике шешесінің аяғы ауырлапты. Мұны естіген атасы қуанғаннан бөркін аспанға атып, әжесіне білдірмей асық жинапты. Атасы баланың ұл
болғандығын армандапты. Ұл — ұрпақты жалғаушы ғой. Сонымен бірге ол немересі басқа балалармен атасы жинаған асықтармен ойнамай ма?

Асқардың еншісіндегі бір дорба боялған қызыл, көк түсті асықтарды атасы ауылдан әкеп берген. Асық ойнау баланы дәлдікке, мергендікке үйретеді. Ал атасының өзі осы қалаға қонақтап, әжесінің демалыстан оралуын күтеді.

Кейінгі кезде атасының қабағы түйіліп, ренжіп жүргенін Асқар бірді — екілі байқап қалған. Есбике шешесі бір қызық адам. Атасы екеуі бірге отыра қалса:

— Әй, Асқар, сабағынды оқы, — деп бөлек алып кетеді. Ондайда атасы:

— Иә, оңқай асығым. Кітапты көп оқығаның жөн. Мамаң дұрыс айтады, — деп бәйек болады.

Асқар мектептегі дайыңдыққа баратын болды. Ертеңнен қара кешке дейін атасына жақындай алмайды. Оны да шығарын жүрген Есбике шешесі:

— Асқар! Мен ақша төлеп қойдым. Мектепте бәрі рахат. Сабағынды жаттайсың. Тамағынды ішесің. Оқуыңа барасың, — деп мәймөңкелеген.

— Әй, балам-ай. Енді немереммен бірге жүргенімді де көп көрдің бе? Сенің асығың болса, менің оңқай асығым ғой, бұл, — деп қапаланған атасы.

— Атасы-ay қатарынан қалып қалады ғой. Осы күні оқу қиын. Оның үстіне, ойын баласы. Мына асығы құрғыр да пәле болды. Мұғалімі «кейінгі кезде сабағы нашарлап кетті» деп арыз айтты, — деді Есбике шешесі.

Атасы тырс үндемей теріс айналды.

Жазға қарай уақыт ұзарып, Асқар кешкісін атасымен қыдыруға мүмкіндік алған. Ондағы әңгімелері:

— Ата әжем қашан келеді? — дейтін.

— Кешігіп жатыр ғой. Бір күні өзім барармын, — деп атасы тұнжырады.

Атасы қызық қой. Кейде Асқарлармен бірігіп асық ойнап кетуші еді. Шыны керек, мергендігінде шек жоқ. Сонадайдан дәл тигізетінін айтсаңшы. Тіпті, шешесі Есбикеден жасырып бөлмеде қызылшеке боп асық ойнайтын кездері де бар. Бірде шешесі үстерінен түсіп:

— Пах, жарасып кетіпті,түге. Үйді шашып, жұмыс тауып қойғандарын қарашы, — деп бөлмені басына көтерген. Атасы саспады.

— Атасы мен немересі бір-бірімен ойнаса несі айып, келін-ау, — деп жауап қатқан.

Кешкісін сабақтан оралған Асқар атасын көре алмай әуре-сарсаңға тұсті. Әдеттегідей: — Ата, бүгін бес алдым, — деп Асқар дауыстай кірген.

— Ә, бәсе. Біздің Шоқпар әулетінде тегін ұл тумаса керек еді. Жарадың, оңқай асығым, — деп құшағын жая ұмтылатын атасы көрінбеді. Асқар шарқ ұрып бар бөлмені аралап шығып, асханаға кірді.

— Атаң әжеңе кетті, — деді Есбике шешесі қатқыл ғана.

— Әжең сияқты атаң да келмеймін деп кетті.

— Өтірік айтасың. Атам мені күтетін, — деді көзіне жас алған Асқар: — Ол саған өкпелеп кетті. Атам келгелі сен қабағынды ашқан жоқсың.

— Дұрыс айтасың, — деп мырс етті шешесі. — Асық ойнайтын адамның кетіп қалғаны-ай.

Асқар  кілт  бұрылып, өз бөлмесіне кіріп ұзақ жылады. Әлсін-әлсін: «Қайран менің атам. Неге ғана қоштаспай кеттің? Қай жерде жүргенінді білсем, іздеп барар едім. Енді мені кім «оңқай асығым» деп еркелетеді. Жазғы демалыс тезірек келсе екен» — деп күбірлеумен болды. Қолына бір асығын ұстап, жылай-жылай сілесі құрып ұйықтаған Асқардың атасы бұл кезде Алатау беткейіне қоныс тепкен, кір жуып, кіндік кескен ауылына оралып бара жатыр еді. Кемпіріне құран оқып, мұңын айту да ойында.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз