Өлең, жыр, ақындар

Асылдың атасы

Асылдың атасы ауылда тұратын. Бозқырау сақалы кеудесіне тұскен, қыр мұрынды, қияқ мұртты, алып денелі адам. Ауылдың шетіндегі биік қақпалы қораның ішіндегі ұстаханада темірді отқа салып қыздырып иіп болғасын, нән балғамен ышқына соғып, маңдайы шып-шып терлеп жатқанын талай көрді.

— Менің құлыным атасының ұстаханасын көргелі келген екен ғой, — деп жерден тік көтеріп алып, Асылдың бетінен шөп-шөп сүйетін, қысып-қысып құшақтайтын еді.

— Міне, менің асылым...

Жан-жағындағы жұртқа масаттана қарап, мұртын сипап, сақалын тарамдап, жүзі бал-бұл жанып, мақтаныш сезімге бөленетін. Кейіннен түсінді. Асылды атасы асылға теңейді екен ғой.

Асыл қалаға ораларда әжесі Бағила екеуі мұны құшып-сүйіп, қимай аттандыратын. Әуелі ауыл шетіндегі аялдамаға дейін еріп келетінін айтсаңшы. Осы соңғы жүздескенінде атасының көзінен жас парлап тұрғанын Асыл байқап қалған.Өзі де жылағысы келіп кетті де онысымен қоймай:

— Ұят-ай! Үлкен ата да жылай ма екен, — деп қолын шапалақтағаны бар.

— Сені сағынамын ғой,— деді атасы елге байқатпай көз жасын сүртіп.

Сөйтсе атасы алдын-ала сезген екен. Ол Асылмен ішінен қоштасып тұрыпты ғой. Ал Асыл болса атасын соңғы рет көріп тұрғанын білмепті. Әлі де сенбейді. Енді сонау қарағайлы ауылының құбыла бетінде күмбезінің төбесіне ай ілінген, ақ кірпіштен салған бейітте атасы Құрымбай мәңгілік ұйқыда жатыр. Былтыр күзде әкесі екеуі ауылға барғанда, атасының басына құран оқытыпн, мандайшаға ілінген суретін сипап, біраз жылап алған. Қатты сағыныпты. Кейінгі кезде Асылдың түсіне жиірек кіріп жүргені де рас.

Жазда күн жылыған соң, үйде бір күн де қалмай, Қарағайлыға атасының мекеніне аттанып кетеді. Бұл жолы өзі жалғыз бармақ...

... Ызғып келе жатқан троллейбус аялдамаға жақындай бере қалт тоқтағанда, Асылдың ойы бұзылып кетті. Балабақшадан келе жатқан беті. Адамдар бірі кіріп, бірі шыға бастады. Кенет.. құдды атасы. Еңгезердей шал есіктен кіріп келе жатты. Ойынан бір сәтке ғана арылған Асыл ойда-жоқта: «Ата!» — деп дауыстап қалған. Шырқырай шыққан бала үні көлікте отырған жолаушыларды бір сәт селт еткізді. Орындықтан ұшып тұрған Асыл аққан күйде атасының құшағына барып сүңгіп кетті де бір сәт қартты сұраққа көміп салды.

— Сен қашан келдің, ата?— деді жүзін аймалаған қарттың бетіне бажайлай қарап.

— Ел өтірік айтқан екен ғой. Сені өлді дегені қайда?

— Мен тірімін,— деді кемсеңдеген қарт.

— Сендер үшін мен ешқашан өлмеймін. Бозқырау сақалы омырауын жапқан қоңыр дауысты қартты Асыл мойнынан тарс құшақтап алыпты. Сөйткенше қарт тағы да кемсеңдеп қоя берді.

— Жаным-ау, құлыншағым-ау. Сен маған қайдан тап болдың. Ата деген тіліңнен айналайын! Е, жаратқан ием, Ақсарбас, Асқарбас, Періштенің құлағына шалынсың, — деді ол егіле түсіп.

— Ата, ата, сен неге жылайсың? Мені тауып алдың ғой. Енді жылама, — деді Асыл атасының сақалынан сипап. Троллейбустағы жолаушылар бала мен атаның сөздеріне құлағын тігіп, тынши қалыпты. Қарт қалтасынан ақ орамалын алып, әжім-әжім жүзін сүртті.

— Балам, мен енді жыламаймын. Мен сенің үнінді, көп болды, естімедім ғой, сағынып кеттім. Сонан соң жылағаным ғой...

— Мен де сені сағындым...

Асыл атасын қыса құшақтап, мейірлене жүзін тақады. Бұл екі ортада елдің:

— Немересі ғой. Шын сағынған екен. Әй, бұл заманның қиындығы-ай, — деген сөздері естіліп қалды.

Асылдың мамасы дел-сал күйі отырып калған еді. Бірдеме деуге дәрмені жоқ. Осы бір сәттің немен бітері белгісіз. Біраздан соң троллейбус тоқтап Асыл атасымен, мамасы үшеуі жерге түскен. Қарт пен Асылдың анасы бірін-бірі үнсіз ұққан еді.

— Құлыным,— деді қарт Асылға мейірлене қарап.—  Мен қазір дәрігерге барып қаралуым керек.

— Қашан келесің?— деді Асыл қапелімде.

— Жазылған соң, үйге барамын, құлыным. Ал, мынаған әнеу дүкеннен барып тәтті алып же,— деді қарт Асылдың маңдайынан сүйіп.

— Ал, сау бол, жаным.

Асыл жақын маңдағы дүкенге қарай құлдыраңдай жүгіре жөнелген. Қарт Асылдың мамасына бұрылды.

— Айналайын, айыпқа бұйырма. Кемпірім екеуміздің жалғыз ұлымыз бар еді. Үйленгеніне он шақты жыл болды. Бір сәбидің шыр еткеніне зарығып жүрген жайымыз бар. Шамасы, сәбидің атасы көз жұмып кеткен-ау? Сағынып қалыпты. Көңілімді жібітіп жіберді. «Ата» деп мойныма асылғанды ырым көріп, Ақсарбас айтып, ырым көргенім ғой,— деді қарт дауысы дірілдеп.— Немере көрсем, мен де есімін Асыл қоямын. Тфә, Тфә, сүйіншім өзімнен, қарағым. Екі Асыл бір-бірін жетектеп жүргенге жазсын. Әттең, мені іздеп, күтіп жүрегі ауыратын болды-ау... Ал мен кетейін айналайын...

Сонан бері Асыл өте қуанышты. Атасын күтулі. Атасы да Асылды сағынын жүрген шығар.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз