Өлең, жыр, ақындар

Балабақша жұмысын бастау туралы шешімді жергілікті білім басқармасы қабылдайды

ҚР Білім және ғылым министрлігі төтенше жағдай режимінен кейін балабақшалар қалай жұмыс істейтін мәлім етті.

«COVID-19 инфекциясының өсу деңгейі жеті күн ішінде 7%-дан аспаған жағдайда мектепке дейінгі ұйымдар санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жұмысын бастайды. ҚР Білім және ғылым минитрлігі жұмыс алгоритмін әзірлеп, аймақтық білім басқармаларына жіберді. Мектепке дейінгі ұйымдар жұмысын бастау туралы шешімді жергілікті білім басқармалары және білім бөлімдері өздері қабылдайды.

Балалар мен қызметкерлерге қауіпсіз жағдайды жасауға, олардың өмірі мен денсаулығын сақтауға басшысы жауапты», делінген хабарламада.

Балабақшаларға бірінші кезекте ата-аналары жұмысқа баратын және үйде жалғыз қала алмайтын балалар қабылданады. Содан кейін ата-аналардың қалауы бойынша келетін балаларды қабылдайды.

«Ата-ана баласын балабақшаға әкелгісі келсе, тәрбиешілерге айтуы керек. Тәрбиеші басшысына балабақшаға келгісі келетін бүлдіршіндердің санын хабарлайды. Басшылық күн сайын бірдей жастағы немесе әртүрлі жастағы балалардың топтарын құрайды. Әр топта бала саны 15-тен аспауы керек.

Бала санына байланысты жұмысқа шығатын қызметкерлер тізімі жасалып, күн сайын түзетіліп отырады.

Әкімшілік ата-аналарға баланың балабақшаға келу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек (жұмыс режимі, жас топтары, денсаулық жағдайы, тиісті киім, күн тәртібін сақтау және т.б.)», делінген хабарламада.

Бүлдіршіндерді тәрбиеші мен медицина қызметкері қабылдайды, балалардың терісін қарап, температурасын өлшейді.

«Балабақшада 3 күннен артық болмаған жағдайда, учаскелік педиатрдан денсаулық жағдайы туралы анықтама ұсынылуы тиіс.

Сондай-ақ, күн сайын таңертең медицина қызметкері балабақшаның барлық қызметкерін тексеріп отырады. Медицина қызметкері күніне екі рет топтарды аралап, балалардың жағдайын бақылап отырады.

Ұсынылатын жұмыс уақыты — сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін», делінген хабарламада.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар