Ханның Жанпоз атан деген түйесі болыпты. Бұл Жанпоз атан ханның ханымы келіншек болып түскенде оның ақ отауының шаңырақ түйесі болып келген бозінгеннің ботасы екен. Ханым өзімен бірге келген ботаны өте жақсы көріпті. Бота еркін атан болыпты. Ауыр жүкке мықты, алыс жолға өте шыдамды болғандықтан, ол «Жанпоз атан» атаныпты. Хан өрік, мейіз, күріш, Бұхардан шай, қант, кездемені алдырады екен. Жолдың алыстығы соншалық — ханның керуендері кей жылдар қыстап қалып келеді екен. Сонда жолай қанша түйе өлсе, соның жүгін әлгі жануар Жанпоз атанға арта береді екен. Қанша артса да, ол атан көтере береді екен. Өзіне артылған жүктің бәрін хан ордасына әкеле береді
екен. Сондықтан, болмаса ханым үйінен келген бота болған соң ба, Жанпоз атанды хан да жанындай жақсы көреді.
Ол өзінің бір күні малшы жалшыларын жинап алып:
— Сендер білесіңдер, менің барлық ырыс, құтым мына Жанпоз атанда тұр. Байқаңдар, егер де кімде-кім осы Жанпоз атанды ұры алды, ұраға жығылды немесе өлді деп естіртер болса, мен оның көмейіне қорғасын құйып өлтіремін! — деп ескертті. Осыдан былай малшылар Жанпоз атанды ойға қарай тайраңдатпай, өрге қарай маймаңдатпай, жазық жерге бағады. Жайлы жерге жатқызады. Оны ұрыдан да, ұрадан да сақтайды.
Сонымен айлар өтеді. Жылдар өтеді. Бір күні ел көшеді. Хан ордасының шаңырағы хан мен ханымның жақсы көретін Жанпозға артылады. Барлық көштің басы — ханның көші. Хан көшінің басы — Жанпоз атан. Оның бұйдасы қара жорғаға мінген ханымның қолында болады. Көш жүріп келе жатады. Хан өзінің игі жақсыларымен ол қонатын жерге озып кетеді. Жануардың қартайғаны ма, әлде жазым болды ма, жарты жолға жетпей бір ордан ойға қарай ылдилап түсіп келе жатқанда Жанпоз атан сүрініп кетеді де, омақаса құлайды. Құлайды да, өз омыртқасы үзіліп, тұяқ серіппей пышаққа ілінеді. Адам атаулы ат үстінде, түйе атаулы жүк астында көш тоқтап, ел аңырып қалады. Хан көшінің алдына басқа көштің түсуі жақсы ырым емес. «Сен бар, сен бар!» дескенімен, ханға хабар етуге ешкімнің батылы бармайды. Ақырында ел Жиреншеге қолқа салады. «Сіз барыңыз», — дейді. «Жарайды, барайын. Өзім үшін туыппын, өзім үшін өліппін», — дейді де Жиренше кете барады. Ол далақтап шаба жөнелмейді, өзінің әшейіндегі жүрісімен бүлкілдете береді. Бір белден асқан соң, бір белден асады. Бір бұлаққа кідіріп, атын да шалдырады. Сөйтіп жүргенде шалқай түс болады. Ел қонатын жерге келіп, атынан түскен ханның көзі көш келетін жақта. Ыстық күн құрып барады. Шаңырқап шөлдей бастаған ханның шыдамы кетіп, халі де азаяды. Ол бір кезде дөңнен асып келе жатқан Жиреншені көреді. «Ау, жүрсеңші!» деп айғайлап та жібереді. Оған асығатын Жиренше ме, бір тебініп қойып бүлкілдете береді. Ханға жақындаған сайын белі түседі.
— Апырай амандық па, көш қайда?
— Амандық, тақсыр, амандық.
Осыны айтып Жиренше асықпай атынан түсіп, ханның жанына келеді.
— Амандық болса, көш неге келмей жатыр?
— Әлгі жануар Жанпоз атан сүрініп кетіп, содан жұмған көзін ашпайды, көсілген аяғын жимайды. Сонымен көштің кідіріп тұрғаны, соны қайтеміз деп сізге ақылдасуға жіберді.
Жиреншенің сондалық аспай-саспай сөйлегеніне шыдамаған хан:
— Ойбай-ау, ол итті өлді десеңші, — деп айтып қалыпты.
Сонда Жиренше іліп әкетіп:
— Әлей, тақсыр, өлді деген өз аузыңыздан шықты, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі