Жиренше шешен әкесі ертерек өліп, жетім қалған бала екен. Әз Жәнібек хан бір жақтан келе жатса, бір жас бала жаяу, мал өрісі жерде жүр екен. Айнала қарап тұра қалып:
— Шырағым, елсіз жерде не қылып жүрсің? — деп еді.
— Бір жалғыз түйем бар еді, сонан айрылып қалып, соны қарап жүрмін, — дейді.
— Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма? — деді.
— Түйемнің тұсауы өліп қалып еді, — деді. «Тұсап қой түйеңді» деп айтатұғын әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.
— Балам, біз қай үйге қонайық? — дейді.
— Бір қой жесеңіз, қай үй де болса берер, екі қой десең, біздікіне қон! — дейді.
— Мырза бала екен ғой, осыныкіне қонайық! — деп, үйінекеліп түсе қалды дейді.
Бір буаз саулықты жетектеп келіп бала: «илаһи амин!» дегенде,
— Шырағым, бойдағы жоқ па еді? — депті.
— Мана далада айтпап па едім жоғын, бойдақ қой жеймін десең, қай үйден табылады, екі қой жеймін десең, біздікіне қон дегенім, буаз қой сойғызамын десең, онда бізге қонасыз дегенім емес пе еді? — дейді.
Баланың жауабына қайран қалып, тамаша қылысты дейді. Сол замандарда әз Жәнібек хан қырық уәзірін жиып: «Маған өтірік пен шынның арасы неменен айырылады, соны тауып беріп қалағандарыңды алыңдар, болмаса, бастарыңды аламын. Қырық күн мәуліт бердім!» — депті. Сонда һешкім керек қылмай әңгіме естимін деп Жиренше өз бетімен барған екен. Уәзірлер тарқасып кетіп, қырық күн ойлап дәнеме таба алмапты. Қырқыншы күн болғанда хан жинап алып:
— Өтірік пен шынның арасы неменен айрылатындығын таптыңдар ма? — дегенде,
— Жоқ, тақсыр! Таба алмадық, — десіпті.
Хан: «бастарыңды алдырамын!» деп қаһарланған шақта, Жиренше шешен айтыпты:
— Анау күні хан хандығымен бас-басыңа бір күннен қырқыңа қырық күн мәулет берді ғой. Енді, өздерің тіленіп ер басына қырық күннен мәулет алсаңдаршы! Соған шейін бірің болмаса, бірің табарсыңдар, — деді.
Хан:
— Жарайды, бұл баланың сөзі де дұрыс көрінеді, менің мақсатым — сендерді өлтіру емес, сынау, «ханда қырық кісінің ақылы болады» дейді. Сендер ақылды болсаң, сонда һәр қайсыңнан бір ақыл алған соң, менде қырық кісінің ақылы болатұғын себебі сонымен дағы. Сендердің бірде-біріңде ақылдан шайнам дәнеме жоқ болса, менде ақыл қайдан болсын. Табыңдар осыны, ер басына қырық күннен мәулет бердім, — деп таратып жіберді дейді. Ханның алдынан шыққан соң он екі жаста жас бала Жиренше бұл сөзді біреу болмаса, біреу білуші болар, соны іздеп табамын деп, жаяу, жалғыз елден елді кезді дейді. Қаңғып келе жатып бір қорғаны бар шаһарға келді дейді. Намаздыгерден төмен, намазшамнан жоғары дарбазасынан кіріп келе жатса, дарбазаның ішкі жағында темір қара көк ат мінгені, дулыға, сауыт, шарайна белдік кигені, ер қаруы — бес қаруды асынып, найзасын жерге шаншып біреу тұр екен. Дарбазадан кірген, шыққан бәрі сәлем берісіп өтеді екен. Жиренше сәлем бермей, мойнын бұрмай, керек қылмай өте берді дейді. Сонда найзасын жерге тіреніп, ат үстінде шіреніп ширатылып сөйледі дейді:
— Сенен басқа осы дарбазадан кірген, шыққан сәлем бермей өтпеуші еді, сәлем неге бермей, мойныңды неге бұрмай барасың? — деді.
— Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме? — дейді.
Бұл шаһардың жөнін бұрын көріп-білмеген жан екенсің, кел артыма мінгес. Біздікіне мейман бол! — дейді. — Ер тоқымды аттың алдын бізге, артын сендерге Құдай бұйрық қылған еді. «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз бар еді, жүр үйіңді көрсет, жаяу-ақ барайын, — деді. ол атты, бұл жаяу үйіне ертіп келді. Мейманханасына кіргізді. Өзі үйіне барып түсті. Мейманхана кірген кісі шыққысыз, жалғанның бейішіндей үй екен. Маржандай тізілген жаңа өспірім қыздар пар-парымен неше түрлі тамақ, қонақ жабдықларын даярлап тіке тұрып күтті. Ас жеп болған соң, қара көк аттың үстіндегі мырза келіп:
— Қонағым, әңгіме айт, — деді.
— Біріміз бүтін, біріміз жарты, әңгімеміз келісе ме? — дейді, отыра алмай ұялып шығып кетті дейді. Сөйтсе, өзі қыз екен. Сол шаһардың патшасының қызы екен. Атасынан рұқсат алған екен: «Еркек киімін киініп, дарбазаның алдында тұрып, келген-кеткенді сынаймын, сыныма келген жанға тиемін» деп. Ал, жолаушы, жобаушының бәрі мұның әйел екенін білмей, иіліп сәлем беріп өтеді екен.
Жиренше көрген жерден, атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені — «біріміз еркек, біріміз ұрғашы, қалай сәлем берісеміз?» — дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын «біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзінен біліп, ұялып тұра жөнелген себебі сол екен. Атасына қыз кісі салдырды дейді: «Менен білімі асқан кісі кез келді, мені осыған берсін» — деп. Атасы қош көріп, қабыл алып, жорға бие сойып, жоғарғы елді шақырып, ту бие сойып, төменгі елді шақырып, үлкен, зор тамаша той қылып, қызын Жиренше шешенге никахлап қосты дейді. Жиреншенің жақсы, аяулы, данышпан қатыны осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып, құрмашаны сындырып, көңілдерін тындырып, ұйқылары ашылған соң, мауқы әбден басылған соң, Жиренше шешен «мен қайтамын» дейді.
Қалыңдығы:
— Сіз қайда қайтасыз? Әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлген соң осы дәулетке кім ие болады? Енді не іздейсіз? «Есіктен табылса, төрге озба» деген бар емес пе еді? — дейді.
— Жоқ, қайтатұғымның мәнісі бар: әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне «өтірік пен шынның арасын айырыңдар» деп қысым қылып еді уәзірлеріне. Соны солар таба алмай қанша күнге мәулет алысып еді. Мен соны білуші болар ма екен деп, іздеп шыққан жұмысым сол еді. үй
ден шыққанда ойлап шыққан жұмысымды аяқтамай тұрып қалсам, «бұқа қарап жүріп жасауылға тұрғанның» құдды өзі болғаным ғой! Онан соң менің адамшылығым болмайды ғой! — дейді. Онда қалыңдығы айтты:
— Болмашы нәрсенің өзі керек қылып іздеушіге әлде-қандай қиындап кетеді екен-ау! Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді: «өтіріктің түбі бір-ақ тұтам» деп. онының мәнісі: көзбен көрген шын емес пе, құлақпен естіген өтірік емес пе? Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе? Өтірік пен шынның айырмасы осы емес пе? Көзбен көрген анық, құлақ естіген танық демеді ме? — дейді. Бәрекелді, іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны барып әз Жәнібекке есіттірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп тастайды ғой! Солардың ажалына ара тұрсам, тіршілігімнен зор пайда тапқаным ғой — деп жүруге ыңғайланғанын білген соң, қыз атасына
кісі салдырды:
«Жат жұртқа жаралған әйелмін, күйеуім ел-жұртына қайтамын дейді, мені қалдырмасын, ұзатсын», — деп.
Әкесі қызының айтқанын құп көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп, қызын ұзатты дейді. Қырық уәзірін қосты:
— Қызымды берген күйеуімнің жері қандай, суы қандай, елі қандай екен. Алып барып салып, көріп келіңдер, — деп.
Бұл ханның жұртынан былай ұзап шыққан соң Жиренше шешен: «мен ілгері озып барып, ел-жұртымның аман, жаманын білейін» деп жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, әз Жәнібек хан дәл сол күні уәзірлерді жиып алып: «Таптыңдар ма?» — деп сұрап, қысып отыр екен. олар таба алмай, енді бәрін өлтірейін деп тұрған үстіне келіп:
— Тақсыр! Бұларды өлтірмейтін болсаңыз, керек қылған сөзіңізді мен айтып берейін, — деп қалыңдығынан үйренген сөзді бастан-аяқ түсіндіріп айтып береді.
Хан өте риза болып, Жиренше деген атқа шешен деген сөзді қосып, «Жиренше шешен» деп атап, «маған бас уәзір болуға лайықтысың» деп өзінен соңғы бір деген бас уәзірі қылып сайлап, алтын жабулы арғымақ ат, қалы кілем, қара нар, қамқа тон, тоғыз қылып сый беріпті.
Мұнан кейін:
— Тақсыр, арызым бар едің, — деді Жиренше.
— Айт! — деді хан.
— Мен сондай жат жұртқа барып, Құдайдың бұйрығы болып бір ханның қызын алып қайтып едім. Ол хан қырық уәзірін қосып еді: «Күйеуді еліне апарып салып, қайтыңдар!» деп. Олар жолда көшіп келе жатыр еді. Мен сізді көрейін деп озып келіп едім. Не оймен қосқанын кім біледі. Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық, дұшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық, соларды орта жолдан қайырып жіберсек екен, — деді. Хан мұнысын ұнатып, қырық уәзірін қосты.
— Қазынадан қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын жөнелтіп келіңдер, — деп.
Жиренше қырық уәзірімен алдынан шығып, ханның берген ат, тонын тарту, таралғыларын оларға сый қылып, орта жолдан қайырып жіберген соң, олар риза болып қайтты.
«Бәрекелде, бала теңіне қосылған екен. Күйеу ханның өзінен соңғы бас уәзірі, бір деген жігіт екен. Түзден мынадай қылып жөнелтті, үйіне барсақ, бұдан да үлкен сый, құрмет көретін едік» десіп қайтты. Қайдан білсін, Жиреншенің екі кісі бас паналап отыратын үйі жоқ екенін. Екі қанат ит арқаның кигізі де түгел бүтін емес. Үйі де жоқ екенін. Міне, жігіттер, бір ауыз сөздің түбін, төркінін білемін деп іздегендіктен, қалыңсыз ханның қызын алды, өзі бас уәзір болды.
«Жігітке жаннан кеш те, іс қыл, өлсең, өлерсің, өлмесең, кісі боларсың» деп бұрынғылардың айтқаны бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі