Өлең, жыр, ақындар

Жиренше шешен (V нұсқа)

Ертеде Жиренше деген шешен өткен екен. Ол үйленбей тұрғанда бір адаммен кездесіп, екеуі бірге жолға шығыпты. Жанындағы жолдасы қарт кісі екен. Біраз жол жүрген соң:

— Ата, жол қысқартайық, — депті Жиренше. Шал мұны жақтырмай жауап қатпапты. Тағы біраз жүрген соң:

— Ат ауыстырайық, — дейді. Бірақ шал жауап қатпайды.

Түс кезі болып қалғанда олар бір ауылдың жанынан келсе бір топ кісі бір адамның өлігін алып бара жатыр екен. Шал өлген адамды таниды екен. Жиренше шалдан:

— Жаңағы өлген кісі өлі ме, тірі ме? — деп сұрайды. Шал Жиреншеге:

— Егер өлмесе көмер ме еді? — деп жекіреді. Енді Жиренше шалмен еріп кете береді. ол жолда тағы да сұрақ қояды.

— Ата, бауыңыз бар ма, мәуесін жедіңіз бе? — дейді. Шал Жиреншені тентек деп ойлапты. Жиренше де шал қайда барса сонда баруға бел байлайды. Кеш бола олар бір ауылға келіп түседі. Үй шалдың үйі екен. Олардың алдынан жас қыз жүгіріп шығып, шалды аттан түсіреді. Жиреншені үйге кіргізіп, шалдың жанына отырғызады. Ол ол жақ, бұл жаққа қарап, күбірлеп отырады. «иә, өзі көп жасаған адам екен. Дәулеті де, сәулеті де өзіне дұрыс екен, бірақ терезесі сәл қисық екен», — депті. Мұны естіген шал Жиреншені үйінен қуып шығады. Қыз шалдан: «Неге қуып жібердің?» — деп сұрапты. Шал қызға қарап:

— Өзі бір тентек екен. Жолда келе жатқанда «ата, жол қысқартайық» дейді. Тағы біраз жүрген соң «ат ауыстырайық» дейді. Онан өткен соң бір ауыл шалы өлген екен. «ол өлі ме, тірі ме» деп сұрайды. Ол ауылдан өткен соң «ата, бауыңыз бар ма? Мәуесін жедіңіз бе» дейді. Міне, үйге кірген соң да «дәулеті де, сәулеті де келіскен адам екен. Тек терезесі сәл қисық екен» деді. Мен оны үйден қуып шықтым дейді.

Қыз мұны естіп болған соң әкесіне бәрін түсіндіріп береді.

— Жол қысқартайық дегені — әңгіме қыл жол қысқарсын дегені. Ат ауыстырайық дегені — атымызды қайта ерттеп мінейік дегені. Ал шалды өлі ме, тірі ме дегені — артында перзенттері бар ма, жоқ па дегені. Бауыңыз бар ма дегені — келін түсіріп, қыз ұзаттыңыз ба дегені. Ал терезең қисық дегені — өзің шал болсаң да еш нәрсе білмейді екенсің дегені еді, — депті қызы әкесіне. Мұны білген шал Жиреншеден кешірім сұрап, қызын әйелдікке беріпті дейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз