Абылай хан Қалдан Шерінге жауласпай тұрған күнінде көп елші жіберген екен. «Қазақ, қалмақтың тыныштанып, бір-біріне тимей тұруы үшін елдесіп, бітісіп келіңдер» деп. «Қазақтан көп жолаушы келіпті» деп естіген соң, Қалдан Шерін ханымы Қарабас ханымды атқа мінгізді дейді:
— Қазақтан келген жолаушыларды аралап, жансыз байқап, ішінде бітім алып қайтуға тұрарлық кісісі болса, сынап, маған алып кел. Бітім алып қайтуға тұрарлық кісісі жоқ болса, мені көрсетпей, қайырып жіберіңдер! Жөні түзу сөз білерлік біреуін жіберсін, — деп айтқан соң, Қарабас ханым аралап көріп, төрт кісіні таңдап, Қалдан Шерінге алып барды дейді. Бірі — қаз дауысты Қазыбек, бірі — Айдабол бидің баласы Тайкелтір би, бірі — Балтакерей Тұрсынбай, бірі — шаржетім Шақшақ Жәнібек.
Сонда Қалдан Шерін ханымынан сұрапты:
— Бұларды не сынмен алып келдің? — деп. Сонда Қарабас ханым айтты дейді:
— Мынау отырған Қазыбек ұйықтағанда, екі қолын екі жаққа, екі аяғын екі жаққа жіберіп, керген төстіктей жатады екен. Оның мәнісі: «Дүниенің төрт бұрышын тірей туған ұлмын» дегені. Қара бақайына шейін құт екен. Өлгенде арулаған жерін басып өткен ел бай болар — дейді, — мынау отырған — Тайкелтір. Кішкене тілінің ұшы екі айырыла біткен екен. өнері қара санынан келеді екен. Ер көмей, темір жақтың барып тұрған өзі екен. Екі жақты, бір тілдіге өмірінде сөз бермес, — дейді, — мынау отырған — Балтакерей Тұрсынбай. Құлағы жоқ шұнақ, құйрығы жоқ шолақ екен. Ерлігінен де міні жоқ, еңбектілігінен де міні жоқ. Жалғыз-ақ айыбы — жауы желкесінде екен. Онан басқа қорқар нәрсесі болмаса керек, — дейді, — мынау отырған — Жәнібек. Екі аяқты, бір бастының сырттаны екен, өзінің оққағары бар екен. Күнінде ыңыршағыңды отқа жағып, бақайшағыңның майын шағатұғын осы екен, — дейді.
Сонда Қалдан Шерін:
— Мұны осы жерде өлтіріп тастасақ болмай ма? — дейді.
Сонда ханымы айтты дейді:
— «Ханның ақылы баланың шөметейімен бір бәс» деген осы екен-ау! «Қазақ, қалмақтың тыныштығы болсын, — деп, — елші жіберсін» дейсің. Келген елшіні «өлтірсек, қайтеді» дейсің. Осы отырған төртеуі дүниенің төрт тіреуі сықылды кісі емес пе? Атса, мылтық өтпейтұғын, шапса, қылыш өтпейтұғын деп осындай жандарды айтады, — депті дейді.
Қалдан Шерін сонда бұл төртеуіне ер басына тоқсан жесірді (долгсыз) берген екен. Бұрын қазақ, қалмақ арасында шабыншылықта түскендерді мал беріп, сатып алады екен. Бұл жолы бұлар сатусыз алып қайтты дейді. Сонда бір келіншек қатын Қазыбекке:
— Би ағалар-ау, мен қалып барамын! — деген соң, Қазыбек
Қалдан Шеріннен сұрап алған екен дейді.
— Келін мұндарды кісі бұрын танып қоятұғын екен-ау! — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі