Қалмақ ханы Ғалдан Церен қайтыс болды. Ежелгі дәстүр бойынша хан тағына оның жұрағаттарының бірі ие болуға тиіс. Ғалданның Әмірсанадан басқа баласы жоқ, әрине мұрагер сол ғана. Бірақ ел бұл дәстүрді қолданбады, хандыққа басқа біреуді сайлады. «Қалмақ ханы қалмақ нәсілінен болуға тиіс, Әмірсана қазақ нәсілі, оны сайлай алмаймыз» деп жұртшылық Әмірсананы мұрагер деуден үзілді-кесілді бас тартты.
Бұл ойдан шығарылған жала емес, елдің оған нақты дәлелі бар екен. оқиға былай болыпты.
Ғалдан жасы ұлғайған кезде өзіне қашықтағы елден Жайық бойындағы қалмақтан бір қыз айттырыпты. Қызды алып келу үшін ол елге өзі баруды хан басына лайық көрмепті. Қалыңмалын, түрліше жол-жоралғыларын жеткілікті етіп беріп, бірнеше адаммен өзінің сенімді уәзірін жіберіпті. Бұлар қызды алып, зор қуанышпен еліне қайтады.
Сол жылы қыс қатты болыпты. Қалмақ жолаушылар жолшыбай ұлытаудағы қазақ аулына аялдайды. Күні-түні бірдей түтеген боран толастамайды да, жолаушылар сол ауылда бірнеше күн тосқауылдауға мәжбүр болады. Күн ашылғаннан кейін ешбір шығынсыз еліне келіп жетеді.
Ханның тоқалы сол сәтте жүкті болып, айы-күні жетіп босанады. Ер бала туады, оған Әмірсана деп ат қойылады. Ел арасында пыш-пыштаған өсек тарайды: «жас тоқал бұл баланы жолшыбай көтеріп келді, қазақ батыры Өтегеннің баласы» деседі. Әрине, мұны ханға естіртпейді, тек ол өлгеннен кейін ғана жарыққа шығады.
Әмірсана елді өзіне бағындыра алмайды, хан тағына оған байланысы жоқ біреу отырды. Амалсыздан сырттан көмек іздеуіне тура келді. Әкесі Ғалдан хан өзі достастырған, одан кейін ұзақ уақыт достық қарым-қатынас жасап келген Абылай досқа барды. Ол досын ықыласпен қарсы алды, оның елін өзіне қаратып беру шараларын ойластырды. Бірақ қалмақтардың қарындастық сөзін қабылдамайтынын, тіпті оның арты ренішке соқтыратынын білген Абылай осы жөнінде орыс патшалығымен ақылдасуды ұйғарды.
Бұл ұйғарым Әмірсанаға да ұнады. Хандық лауазымы үшін екі елді жауластыруды екеуі де лайық көрмеді. Орыс патшасына өкіл жіберді. Ол генерал бастаған әскери топ жіберіп, «қалмақтар ризалықпен бағынбаса, күшпен еріксіз бағындырыңдар!» деп тапсырды.
— Хан тахыты үшін елімді күйзеліске ұшырата көрмеңдер, — деп Әмірсана Абылай мен орыс генералынан өтініш етті. Олар бұл өтінішті мақұлдады.
Сонымен, орыс, қазақ жақсылары Әмірсананың өзін ертіп, қалмақ еліне аттанды. Бірақ бұлардың жолы сәтті болмады: жолшыбай Әмірсана шешек ауруынан мезгілсіз қаза болды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі