Өлең, жыр, ақындар

Құдық туралы аңыз

Ел ішінде құдық туралы аңыздар көп қой, мен өзім көрген бір құдықтың жайын айтайын деп отырмын:

— Аңшылық адамға не қылғызбайды, түн қатып аңда жүріп, сусап таңдайым кеуіп келе жатыр едім, бір төбешікке кездестім. Атым да солай бой ұрып қырындай бергендей болды. Төбешікке келіп ат үстінен еңкейіп қарасам, ескі апан, онша терең емес, бірақ көрініп жатқан суы болмаған соң, елемедім. Тағы не бар екен деп жан-жағыма қарап, жүрейін деп едім, атым жерді сүзе, мойнын жерге салып жіберіп, жерді иіскеп болмайды. Жүрейін деп тебініп едім, атым көңілсіз қозғалып мұрнын шүйіріп тағы бөгелді. Бұл не ғажап, елсіз-күнсіз жерді ескі апанның болуы қалай деп, неде болса, мұнда бір кәп бар болар деп атымнан түсіп, саймандарымды жерге қойып, белімді шешіп, атыма қарасам, атым сілкініп, жадырағандай болып керіліп тұр екен. Жануарым не сезіп тұр деп, кең өре салып жібердім де, апанға келіп, ішіне секіріп түстім. Апанға түскен бетіммен төмен қарай құлдилап төмендеп барам, бұл не ғажап деп жан-жағымды қармап едім, қарманар еш нәрсе таппадым, жоғары қарасам, жер бетінен онша ұзап кетпеген сықылдымын. Бір кезде аяғым ныққа тиіп тоқтағандай болды. Жан-жағыма қарасам, көк орай шалғын құрақ, неше түрлі көгал шөптің ортасында тұрмын. Манағы сусағаным бар, төмен жылжып сескенгенім бар, тамашалап таңырқап тұрдым да, ана судан бір қанып ішейін деп, өзенге келіп еңкейе кетіп, жұта бастадым. Сусыным қанар емес, жұтып жатырмын, бір кезде суға шашалып кетіп, басымды көтеріп алып жан-жағыма қарасам, жердің үстіне шығып қалыппын. Таңырқап алақтап күнге қарасам, күн түске жақындап қалыпты. Мен құдықтың басына келгенде, түс ауып кеш тартқан кез еді, сонда мен осы құдықтың ішінде бір сөтке дей болғаным ба деп, ойланып тұрып, жан-жағыма қарасам, атым жыл шыққандай, құр ат болып қалыпты деп сөзін бітірді.


Пікірлер (3)

Кулярхан

Что за дурацские переводы вы в своем уме не надо переводить хоро шие рассказы

Диляра

Кулярхан, бұл аударма емес, қазақтың әңгімелері)) Шала болған қиын ғой)))

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз