Таңғы самал жел сәл ғана салқын үн қатып тұрған қалпы тамырын Жер ананың түбіне терең жайған өрік ағашының жапырақтары сыбдыр етіп, алқызыл жемістері елең ете қалды. Тұп-тұнық көлдің мөлдір айдынында көгілдір мұнар бұл күнгі өзгеше көркем келбетіне тамсанғандай күлгін тектес қызыл бояумен сырлап өткен суретшісіне де, өзіне де дән риза. Әнеугі бір жақтан аққұба жүзді, пұшық мұрын, үлбіреген бүлдірген ерін, отты да ойлы жанар, күн сәулесінде көмірдей жылтыраған қолаң шашты бұрымдары екі иығынан төгіліп, күмістей сыңғырлаған нәзік дауысымен тамағын кенеп алып, сырлы сұлу хәкім Абайдың ‘Көзімнің қарасы’атты өлеңін шырқап келеді екен. Мінекей алып таулардың заңғар шыңдары да, жасыл-желек кілемнің бетінде еркелей ойнақшып тұрған құлыншақ та, айналадағы барша тіршілік атаулы сол бір әсем бейнелі көрікті жанның асқан сұлулығы мен сегіз қырлы бір сырлы өнеріне ғана назар аударғандай сүйсіне тың-тыңдап келеді. Құралай десе, Құралай еді-ау үріп ауызға салғандай-ақ. Шіркін, меруерттей аппақ тістерін ақситып күлімдеген сәтте, сірә бар әлемде одан сүйкімді ару, табиғат ана үшін осыдан сүйікті перзенттің артығы табылмаған болар. Ақ желең көйлегінің үстінен киген қызыл барқыттан тыстап тігілген камзолына өзінше сән беріп тұрған оюлары алтын түстес шұғылалы атыраптың маңайынан өте бергенде, Құралай тіптен құлпыртып кеткен-ді. Сәл-пәл табиғи бұйрасы бар, қайратты да өрулі шашына қыстырып қойған шолпысын біразға дейін көз қиығымен зейін салып, бақылап тұрды. Тік жүрісі асыл текті тұқымға тән паңдық пен әр қазақ қызына сай ана тәрбиесінен дарыған сыпайылықты арқалап келді.
Ол бүлдіршін шағынан бері апасының әлпештеп өсірген сүйікті перзенті, алты алашқа танылған Қошқарбай байдың жар дегенде жалғыз аяулы қызы, атпалдай алты азаматтың ерке қылықты қарындасы, бір шаңырақтың ғана емес, тұтас бай ауылының алақанында бойжеткен бикеш болып, дәурен кешіп жүретін. Міне он сегізге жаңа ғана аяқ басқан Құралай армансыз өмірінің тың дәмін татып, өзімен жас жағынан шамалас қыз-келіншектің көзін қызартарлықтай, ел қызығарлықтай толысқан ай болып, туған жеріне нұрлы жүзінен қырмызы қыз жастығының шуағын төгіп келеді. Кедей-кепшіктен шыққан бозбала түгіл, бай ұлдарының серілігі мен дүниесін де елеп көрмеген Қошқарбай қызы әйел заты болса да, өз бағасын білетін. Ол өзге бойжеткендер секілді теңін емес, білім-ғылым жолын іздеумен таңды таңға аттырып, кешті кешке баттыратын. Иә, жаратылысынан бар қазақтан артық болып туған Құралай:”Шер тарқатысар сырласым да, пір тұтар ұстазым да Абай”-, деп білетін. Саналы келбеті жан дүниесіндегі мол байлығы мен іштен тұнып тұрған дарынын айқындап тұрғандай-ақ. Сол дәнді күн-түн демей егіп, балдай тәтті жемісінің дәмін тату үшін еш аянар емес. Оның тек бір ғана тілеуі бар, ғылым жолындағы қызығушылығын бөлісерліктей дәл өзіндей оқуға құштар адам баласын табу. Ауылдың құжынаған тірлікке толы өмірін бақылай келе Қошқарбай қызы:”Бұл қараңғылықтан құтылудың бір жолы бар болса, ол қалаға көшіп, титімдей үміт сәулесін жарқын болашаққа айналдыру”-, деп қорытты.
Сол түні Құралай қыз таң сәрісі білінбейінше көз ілмеді. Бикеш көңілін дауалаған сансыз сұрақ бірінен кейін бірі күдікті ойлар тудырып, жас жүрегін қайта-қайта соққыға жыққандай болып еді. Жылдар бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анаға мұншалық ауыр үкімді қалай ғана кесіп бермекші екен?Асқар тау әке, аяулы анадай ғазиз жандардың ұясынан шыр етіп, ұшқан сәттен бастап, балдәурен балалық та, туған елдің жұрты да, артта қала бермек пе?
Қызыл арай таң шапағы кең даланы алып мұхиттай өз жылуына бөлеп келеді. Әнеугі бір жақтан Құралай қыз ботадай мөлтілдеген жанарынан туған аулы Көшім жерін тіршілік қайта жандана бастаған шақта ыстық қимастықпен соңғы рет шолып шығады. Ендігі жерде оның бет бұрар жалғыз жолы алды ғана, одан басқа үміт артар ешнәрсе қалмады.
Алматы облысы, Талғар ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы №2 орта мектептің 11”В” сынып оқушысы Ағыбаева Аружан Оразқызы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі