Өлең, жыр, ақындар

Түс

...Тәтті ұйқыда жатыр еді, біреу түрткендей болып, оянып кетті... Таңның әлі ата қоймағанын сезініп, «көзімді ашсам, ұйқым ашылып кетер» деген оймен көрпесін қымтана түсіп, әрі қарай ұйықтай бермекші еді, құлағының түбінен әлдекімнің терең тыныстап дем алғанын естіп, ұйқысы шайдай ашылды. Астапыралла! Бұл кім? Кімнің тыныстағаны соншама ап-айқын естіліп тұрған? Неше жылдан бері жалғыз өзі ұйықтайтын жатын бөлмеде бөтен біреу қайдан пайда болған? ...Алакөлеңке бөлме, тым-тырыс тыныштық, ғайыптан пайда болған белгісіз адамның бір қалыпты дем алысы әлдеқандай құпияны бүркемелеп тұрғандай... аң-таң қалып, үрку ме, таңырқау ма, әлде алаңдау ма, әйтеуір аласапыран бір сезімнен жүрегі өрекпіп... көңілі алабұртып қоя берді.

Орнынан тұрайын деп еді, буын-буыны дірілдеп, белгісіз бір күш төсекке байлап тастағандай, жатқан жерінен қозғала алсашы. Адамның тыныстағаны енді ап-айқын — дәл қасынан естілді. Құдай-ау, бұл кім өзі? Біреу бассалатындай қозғалуға қорқып, көзінің қиығын салып еді, шындығында да бұған арқасын бере қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан біреуді көрді. Кеудесінен шығып кетердей боп тарсылдаған жүрегін күшпен басып сәл отырды. Құдай-ау, бұл кім өзі?!

Келесі сәтте, қалың ұйқыда жатқан одан өзіне төнер еш қатер жоғын түсініп, енді анықтап қарады да... күйеуіне ұқсатты — сол сияқты денелі, жауырынды екен. Ең бірінші ойына келгені «екеуміз ажырасып кетіп едік ғой, қашан татуласып едік?» деген ой болды. Әрі ойлап, бері ойлап, татуласқандарын есіне түсіре алмады. Татуласпақ түгілі ажырасқалы бері кездескен де жоқ екен. Ендеше мына жатқанына жол болсын? Қайдан, қашан келген? Үйге қалай кірген өзі? Ойлап-ойлап, оның үйге қашан келгенін де есіне түсіре алмады. Бірақ есіне түссін, түспесін, одан енді келіп-кетер ештеңе жоқ, көрместей болып кетістік деген күйеуі, міне, төсегінде жатыр...

Сол-сол-ақ екен «ойпырмай, енді ел-жұртқа не бетімді айтамын? Дос-жаран, туған-туыс ажыраспаңдар дегенде көнбеп едім, енді келіп... ұрланып төсекке жатқанымыз не? Масқара-ай!» деген ой санасын инемен шаншып өткендей болып, тұлабойы бір ысып, бір суынды.

Ұйқыдағы қонағының қаперіне ештеңе кірер түрі жоқ, шөлдеп жатыр ма, әлде түсінде тамақ ішіп жатыр ма екен — ара-тұра тамсанып-тамсанып, жұтынып қояды. Үстіне жамылған ақжайманың бір шеті иығын жауып, екінші шеті астында қалыпты.

Бұл ақырындап қана аударылып түсті. Сақ қимылдап, демін ішіне тартып, қасында жатқан күйеуінің жауырынына бажайлап қарады. «Өзі бұрынғысынан толысыпты ғой» деп ойлады. Іле ішінен екінші бір ойы: «Күйлі шығар. Сенен ажырасып, жүдеп-жадап жүр деп пе едің?» деп өзіне қарсы дау айтты. Жүдеп-жадамай, жауырынының домаланып, қоңданып алғанына іштей сәл ренжіп қалған сияқты. «Тамақсау еді байғұс, сонысын дәл таныған біреу қолына кіргізіп ала қойған ғой... Бақытты кезімізді, балаларды қиып кетіп, ішкен тамағы бойына қалай сіңіп жүрді екен?..» Іштегі екінші даусы сықылықтап күлді: «Жұрттың бәрін сен дейсің бе? Жан азабын тартып, уайым жұтып, санаңды сан сауал сансыратқанда не таптың? Жүрсің ғой инеліктей қатып-семіп... Ал ол қашанда өз жанының рахатын күйттей білген. Солай... Өмір сүре білу керек».

Иә, өмір сүре білу керек екен. Ілуде бір жұптың басына қонатын бақыт құсын қолдан шығарып алғандары сол өмір сүре білмегендіктерінен болар. Әйтпесе екеуі бір-бірін қалай сүйіп қосылып еді. Жазда екі ай каникулға кеткенде ол: «Көкетайым, халың қалай?» деп, күн аралатып хат жазатын. Көктем шығар-шықпаста алқызыл қызғалдақ әкеп сыйлайтыны ше? Оның отбасының қоңырқай тұрмысы туралы жақсы білетін бұл: «Маған гүл алмай-ақ қойшы, — деп қиылатын, — мен сені онсыз да жақсы көрем ғой...» Кейде оның арқасына арқасын сүйеп, көк аспанға көз тігіп қиялдауды ұнататын. Сондай сәттерде өзін қандай қатерден де, дауылдан да, жауыннан да оның кең жауырыны қалқалап, аман алып қалатындай көретін.

Бейқам ұйықтап жатқан күйеуінің жауырыны алғашында әлде бір сезімдерге жетелеп бара жатқандай еді. Тұтқиылдан киліккен ішкі даусы ол сезімін су сепкендей басты. «Неменеге үгітіліп бара жатырсың? Әлде от басының берекесін кетіргені соншалық, тыныш отырып, ас-суларыңды іше алмай қалғандарыңды ұмытып кеттің бе? Өздері тіленіп телефон шалатын арсыз әйелдердің жетегінде кеткенін, ақ некеңді, балалардың болашағын солар үшін құрбандыққа шалғанын қалай ұмыттың?».

Бойын жиып ала қойды. Қалай ұмытсын? Өмір бойы ұмытар ма сол қорлықты? Досқа күлкі, дұшпанға таба етіп кеткені ойына түсіп, қаны басына шапшыды. «Қарашы, адалдықты аттап, дүниені бүлдіріп, мұның жарасымды жұптық өмірге деген сенімін тас-талқан етіп, енді түк болмағандай ұйықтап жатқанын! Қайдан келген, қалай келген беті бүлк етпей? Келген ізімен кері қайтарайын», - деп оны жұлқып оятпақшы болып, қолын соза ұмтыла беріп, сол қалпы қатты да қалды.

Жатқан адам күйеуіне мүлде ұқсамайды! «Құдай-ау, бұл кім сонда?» Мұндай жақындықта болатын ешқандай танысы жоқ. Бір жатса, қасында (мейлі бұрынғы болса да) күйеуі ғана жатуы керек. Әрине, сол. Арада бақандай бес жыл өтті. Өзгерген ғой. Уақыт кімді де болса өзгертеді. Бес жыл бойы көрмеген соң, әрине, ұқсамайтын болып көрінеді. Бөтен біреумен төсекке жатпақ түгіл үйге кіргізуші ме еді? Ал күйеуін балалары кіргізген ғой, қанша дегенмен әкелері емес пе, қимаған шығар...

Көңіл түбінде күдігі өсіп бара жатса да, өзін-өзі «қасымда жатқан күйеуім ғой» деп сендіргісі келді. «Сол ғой, сол...сол...» деген ой «дүк... дүк... дүк...» деп соғып тұрған жүрек ырғағымен қоса қабаттаса қайталанып, санасына шегеленіп жатқандай. Айтпақшы, бұл ойының шындығына көз жеткізудің бір амалы бар екен-ау, қалайша ұмытып кеткен! Оның сол жақ жауырынының астында көздің қарашығындай меңі болатын. Екеуара тәтті шақтарда күйеуін қаусыра құшақтап, сұқ саусағының ұшымен сол меңді басып: «дзың-дзың, сіздің үйге кіруге бола ма екен?» дейтін ойнақыланып... Сосын... оның епті қолдары мұның мойнын, арқасын сипалай, өне-бойын шым-шым еткізіп аралап келіп, белінен тарта құшақтайтын... Ыстық демі кеудесін, тамағын шарпи, небір тәтті сөздерді күбірлей айтқан жары, дүниедегі ең сұлу, ең тәтті, ең асыл жан өзі екендігіне, ешкіммен, ешқашан тап мұндай күй кешпегеніне сендіріп, көңілін көктемгі дариядай тасытатын. Мұны көзінен, ернінен елжірей сүйіп, хас шебердің қолына түскен саз балшықтай иленуге бейіл денесін құшырлана бауырына басқанда... лау ете қалған ләззат отынан талықсып, өртеніп кете жаздаушы еді...

Сосын... бір қызығы, мұның рахат кешкен тәні балбырап, жаңағы ләззатты шақтың таусылмауын, тағы да ертегідегідей күй кешіп, күйіп-жануды құмарлана тілеп тұрғанына қарамастан, тап осылай оң жағына аунап түсіп, ұйқыға кететін. Тек жауырынындағы көздің қарашығындай меңі ғана көз арбап, «кел, кел!» деп тұрғандай болатын.

Тағы да еске түскен елестер жетегінде кетіп бара жатыр екен ғой. «Иә, айтқандай, сол меңін ашып көрмеймін бе? Қанша толыссын немесе жүдесін, күнге күйсін — бәрібір меңі өзгермейді емес пе?»

Сол оймен бұл оның иығын жапқан ақ жайманы ақырын ғана ысырып тарта бергені сол еді... ұйқыда жатқан адам оқыс бұрылып, мұны құшақтай алды. Қарулы қолдарымен қапсыра құшақтап, көзінен, бетінен, тамағынан құшырлана сүйіп... еркін билеп әкетіп бара жатыр. Сүйе бастағанда-ақ күйеуі емес екенін бірден ұққан. Ол бұлай сүймейтін. Сонда бұл кім?

Жанталасып, бар салмағымен жанши басқан адамның құрсауынан босанып шықпақшы болып тырбанып еді... қарулы қолдар тырп еткізбеді. Қимылы батыл, шалт болса да, дөрекі емес. Тынышталсын дей ме, иығынан жеңіл қағып, шашынан сипап қояды. Сонысына қарағанда, ойында зорлық көрсету, қорлау жоқ сияқты. Япырау, кім бұл сонда?

«Жібер, — деді бұл қыстыға тіл қатып, — қазір айқайлаймын.» Деуін дегенмен, көңіл түкпірінде: «Балалар шошып кетер ме екен?» деген уайым мен «Мына түрімді көрсе... масқара-ай!» деген ұялыс қатар бой көтерді. «Құдай-ай, енді қайттім?» «Босатшы, — деді жылы сөйлесем босатар деген соңғы үмітіне жармасып, — босатшы, сөйлесейік». Ол бірақ босатар сыңай танытпады, тіл де қатқан жоқ. Керісінше, мұны бауырына баса, шашынан емірене иіскеп, маңдайынан, бетінен өпті. Содан болуы керек, мұның бойындағы қорқыныш мүлде ғайып болып, бір сәт тыншу тапты.

Көңіл түпкірінде бұл адамның жаман ниетпен келмегеніне деген сенімі бірте-бірте нығая бастаса да, «бұл кім?» деген сұраққа жауап таппай бәрібір тыншымасы анық-ты. Сондықтан бұл енді күтпеген қонақтың тым болмаса бетін көргісі келіп, оның басын өзінен кері итерді. Мұның ойын сезіп қойғандай, ол бетін біресе мұның мойнына, біресе төсіне көміп, жүзін көруге мүмкіндік бермеді. Жай ғана жүзін жасырып қоймай, ерні тиген жерін өбіп қояды. Келесі сәтте бір қолымен мұны қаусыра құшақтап, екінші қолы өн бойын аралап кетіп еді... ұмыт болған сезімдер лап етіп оянып, мұның буын-буынын босатып, мүлде әлі құрып бара жатты. Шашынан, арқасынан сипалап, әрі қарай жылжып бара жатқан қолы бейне бір артында от тастап бара жатқандай, бүкіл денесі ду-ду етіп қоя берді.

Бұдан әрі арпалысуға әлі келмесін түсініп, шарасы таусылған соң «бетіңді көрсетші» деді сыбырлап. Ол естімеген адамша мұны төсінен, тамағынан сүйіп келіп, ерніне жабысты. Қалайда бетін көрсетпеуді серт еткендей, ақжайманы бастарынан асыра бүркеніп алыпты. Сосын осы кезге дейін оны итермелеумен болған мұның қолын ұстап, алақанын бетіне басты, әр саусағын талдап сүйіп, еріні қолының сыртынан, білегінен өбіп, өрлей бастады. Ойнағандай тістелеңкіреп, кей-кейде тілінің ұшымен қытықтап қоятынын қайтерсің... Бүкіл денесі ән салғандай масайрап, бойы еріп бара жатса да, сонау көңілінің түкпірінде тұрған «бұл кім?» деген сұрақ мына рахат әлемге алаңсыз сүңгіп кетуіне кедергі жасап, әлдебір қолайсыз сезім көңілін қобалжытып, мазасын ала берді. Бірақ бірте-бірте ол сезім де өлеусіреп барып өшіп, бұрын-соңды бастан кешпеген алапат құмарлық сезім бойын билеп, ешнәрсені ойлауға шамасын келтірмей үйіріп әкетіп бара жатқанын мойындамасқа шарасы жоқ-ты.

Шындығына келсе, қазір «оның» ғажаптан пайда болуы, төсегінде жатуы бағанағыдай ашуын келтірмей, керісінше керемет қуанышқа бөлеген. Қабырғасын қаусатып жіберердей қуатты қолдардың өн бойын емін-еркін аралаған қозғалысы, сәт өткен сайын аймалап-өпкені бәрі-бәрі жанына жағып, осынау ғажап сәттің таусылмауын тілеген. Тек мазасын алып, ызыңдап тұрып алған сол бір ғана сұрақ болмаса...

«Мейлі, мейлі... болар іс болсын. Бірақ кім екенін айтпағаны, тым құрыса беті-жүзін көрсетпегені дұрыс емес қой.» Бойын билеген құмарлық отына күйіп-жанып бара жатса да, білмейтін, танымайтын адамның ырқынан шыға алмай қалғаны, жастықтай жаншылып, көрпедей төселгені ұят екендігі туралы ой санасын тағы бір түйреп өткендей болды. Денесі дір-р етіп, әлеуетті қолдардың емін-еркін қозғалысына қарсылық жасағандай болды. Бірақ бұл алғашқыдағыдай емес, тым әлсіз қарсылық еді.

Дүниені шыр айналдырып, ақыл-есін алған сезім тасқынынан, өне-бойын ұйытқан тәтті ләззаттан айырылып қалғысы келмей, талықсып бара жатып «бетіңді көрсетші» деді бар болғаны. «Ол» тағы да естімеген сыңай танытты. Мұның қолын ұстап тартыңқырап, өзін еркелеткенін, сылап-сипағанын қалайтынын білдіргендей, беліне қарай икемдеді. Бұл енді ашуланайын деді. Үстінен жаншыған салмақ жанына майдай жағып бара жатса да, бетін көріп қалудың оңтайлы сәті түскенін сезіп, оның басынан, құлақ тұсынан қатты ұстап, жұлқи кері итерді де... оянып кетті...

Атып тұрып, дел-сал боп, өңі мен түсін ажырата алмай біраз отырды. Алқынып, ентігін біразға дейін баса алмады. Денесі де оттай жанып, тура түсіндегідей, құмарлық билеп, дуылдап тұр екен... Оның ып-ыстық алақанының табы әлі де басылмаған сияқты. Он екі мүшесін иіткен сиқыр сезімнің иірімінен жұлқынып босай алмай жанталасты. Ақыры, осыншалық тәтті сәттің бар болғаны түсі екендігін түсініп, өзін-өзі ұстай алмай, күйініштен булыға жылап жіберді. Жастығын құшақтап, өксіп жатып «Ол құрғырдың бетін қайтетін едім...» деп ойлады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз