Өлең, жыр, ақындар

Адам

Бақыттылар жайлы басқалар жазар...

Автор

1

Адамды сезімдері тұтқындапты. Олар қоршап тұр, бұл қолы артына қайырылып, діңгекке байланған. Бұлқынуға құлықсыз. Тіпті, бос қойса да мыналардың қайсысының аяғын құша құламақ? Адам намысты таныды. Биік еді — шөгіп қалған. Жалқаулық — алақанның сыртымен ауызын басып, езуін кере есінеп алды да, сылқ етіп отыра кетті. Үрей болса жалтақтап намысқа бір, сатқындыққа бір қарайды. Құдай атқанда орын екеуінің дәл ортасынан бұйырыпты. Адам сол көзінің қиығымен нәпсіні шалды. Нәпсі — жан жаралғалы бергі қытықшыл кейіпте. Дүниенің қошын назарымен ұқтырып, арбап тұрды. Бұл енді әуестік жеңіп, нәпсіге мойын бұра беріп, селк ете түсті. Ар қарсы алдына қалай келіп қалғанын аңғармапты.

Ар — адаммен ұзақ достаса алмады. Жолы ауыр еді. Күндіз өзін пендауи арманына таяп қалғандай сезінетін Адам, түнде — арымен арпалысатын. Қиналатын. Ақыры... нәпсінің емі жүрекке байланған ардың дертін сылып түсті...

Адам қазір аһ ұрады!

Хош. Көз түйісіп, жүз шарпысқан сәтте ардың отты демінен Адамның жүрегі бүрісіп, беті дуылдап өртеніп бара жатты. Терісі күлдірей қабартып, еті ағып түсе бастады. Қас-кірпігі сытырлай үйтіліп, қарашығы сулана бозарып барып пырс етіп жарылған... Адам шошып оянды. Таңғы шапақ бетін жыбырлатып әкетіп барады. Атып тұрған. Сүмелек бүк түсіп іргесінде жатыр екен, ол да елең ете қалды. «Құтылу керек!» — деп ойлады. Адам сүйретіліп орнынан түрегеле беріп... шығысқа қарай тұра кеп қашты, сүмелек тұра қуды.

Қашып келеді.

Қос бүйірден қадалған шаншу тынысын тарылта бастады. Қара саны талығып, балтыры ұйып, қос аяқ қос томарға айналған. Көзіне құйылған азаптың ащы тері көкжиектен бауырын көтерген күннің сәулесімен шағылысып, дүние өзімен бірге шайқалатындай. Адам сүмелектен қашып емес, қайта қаңғалақтаған екі аяқтының өкшесінен өсіп шығатын барша сүмелекті жұмыр жермен қоса беліне байлап, сүйреп келе жатқандай. Ал сүмелек...

Күн арқан бойы көтерілгенде, сүмелек бұның қапталына ауған. Не өзі құсап ырсылдай ентіккен үн жоқ, не сүрінбейді, жер бауырлай жылжып қалмай келеді.

Күн тас төбеге көтерілгенде — сүмелек тап иегінің астынан шықты.

Бесіннің кезі — сүмелек қашқынның алдын орауға айналды.

Адам бейшара әбден қалжыраған. Ол енді ауыр қозғалып, бар денесімен құбылаға бұрылды. Жерге жабысып қалған табанын әрең сөгіп, бірер қадам жасауға ғана шамасы келген. Сосын маңдайымен жер сүзе құлады. Ал сүмелек зып беріп бауырына кірді. Адам самайы солқылдап аз жатты да талықсып кетті.

2

— Бауырым, көзіңді ашшы.

Адам кіртиген көзін әрең ашып, басын көтерді. Сүйегіне қарысқан біреу безек қағып жүр. Аяғы жерге тисе болды, табанының астынан далп етіп от шығады. Анау баж етіп табанын жерден жұлып алады. Сол сәтте жерге түскен екінші аяғының асты тұтана бастайды. Байғұс шоршып жүр.

— Бауырым-ау, болмағанда түрегеп отыршы.

Жыламсырай жалынған оны Адам аяп кетті. Арқасымен аунап түсіп, аяғын жиып, түрегеліп отырды. Сүмелек те иесінің іргесінен үшкілдене созылып жата кетті. Аруақ-кісінің күткені осы еді, тап бір құйрығының астына тулақ тастағандай, сүмелектің үстіне қонжиды. Сол-ақ екен самайы жіпсіп, жүзі балбырап сала берді.

— Үһ, жаным-ай!

— Кімсің?

— Мүсәпірмін.

Мүсәпір басын кекжитіп, Адамның желкесінен құбылаға сығырая қарап, еңкейген күннің иегіне сұқ саусағын қырынан төседі. Сосын көкжиек пен екі араға ортан қол мен атыжоқты да қатарлап:

— Үш елі. Енді үш-ақ елі шыдасам болды, — деді де сәл еңкейіп Адамның жүзіне үңілді. — Сені таңертең көргем. Қуанып кеттім. Бірақ көлеңкеңді паналайын деп енді жете бергенімде атып тұрып, қаша жөнелгенің. Әлде бір жаққа асықтың ба?

Адам бұдырсыз, шетсіз иенді шолып, нәумез тіл қатты:

— Қайда асыққандайсың...

— Кім біледі. Мен өзім түнге асығам.

Адам сұраулы жүзбен Мүсәпірдің бетіне қарады.

— Сүмелектен қайыр күтердей не басыңа күн туды?

Мүсәпір мырс етті:

— Көрер ем, тозақтың оты табаныңның астында жалаңдап жатса.

— Тозақтың өзі іздеп тапса, Құдайдың көлеңкесін бүркенсең де құтылмассың.

— Құдай дейсің бе? — Мүсәпір сүмелекті сипап көрді, — Құдайға да ермек керек екен.

«Мен бір қылышы жемтік талғамайтын қарақшы едім. Маған тап болған талай бейбақтың басы жырада қалды, қылышым жарқ еткенде өзім секілді талай мүсәпір бақ етуге шамасы келмей жайрап жататын. Иендегі талай құрқұдықтың түбінде мен жасырған алтын бар. Мен тіпті, сынық түйме үшін де кісі қанын жүктей салатынмын. Мен үшін ол бір шыбын қаққандай-ақ шаруа еді.

Жұрт бұрынғыша сейіл құрып, сапарлауды қойды. Өйткені әр ағаштың тасасында мен тұрғандаймын, әр таудың қуысында мен жатқандаймын. Әбден зеріктім. Зеріккенім сонша, бұрын сор айдап алдыма өз аяғымен келетін құрбанымды, енді адамдардың арасына өзім іздеп баратын болдым. Бірақ... мың асқанға — бір тосқан. Күндердің бір күні қаланың қарауылдары мені қолға түсірді. Байлап-матап тура билеушінің алдына алып барды. Біткен жерім осы шығар деп ойладым.

О, құдірет! Билеуші мені өлім жазасына кесудің орнына, қорғаныс саласына жауапты уәзір етіп сайласын. Халық әрине, билеушінің ол әрекетіне еш таңданған жоқ. Ал бұның қалай деп сұрауға батылдары жетпегені рас. Іштен тынды.

Уәзірлік менің жарықта алтын астау құшақтап ұзақ-ұзақ ұйқыға кетіп, ғажайып түстер көретін ермегім болды. Ал әділ билеушім жүктеген шын міндетім түнде басталатын. Қараңғы түсе жорыққа шығам. Кез келген үйдің есігін теуіп кіріп, шырт ұйқыда жатқан ақымақтарды ес жиюға мұршасын келтірмей сүйреп алып шығып, тозаңдай үрлеп жоқ қылып жіберем. Айтпақшы, ақымақтар дегенім, шын мәнінде елдегі ақылды, білімдар, іскер адамдар еді. Ал менің айбынды билеушім өзінен жарты бас биік тұрған естілерді есектер деп балағаттайтын. Ондайларды иттің етінен жек көрер еді. Менің ант-су ішкен парызым — соларды аулау.

Халықтың наласы патша сыйлаған кенеусіз мансаптан күшті болып шықты, ақыры. Ендігі түрім... ендігі... түрім...»

Мүсәпір сөзінің аяғын жұтып, сол бүк түсіп отырған қалпы тізесіне маңдайын сүйеп қалғып кетті. Адам өзін жарық пен қараңғының арасындағы көлеңке сезініп құлазып отыр.

***

Адам сүмелекті өкшесімен сүйреп келеді. Сүмелек Мүсәпірдің әр басқан ізіне кеудесін тосқан. Олар тағы да шығысты бетке алыпты.

— Неге сүмелек?

— Мен де бір кішкентай адамның үлкен көлеңкесі едім. Ол малғұн маған арқа сүйеп, Жаратқанның бар игілігіне шоқ шашты. Ал мен көрсем де, көрмеген, білмеген сыңай таныттым. Сондықтан жұрт мені сыртымнан сүмелек деп атайтын.

— Демек, өзімнен қашып жүрмін де?

— ...

— Сүмелектен қашқан сүмелек. — Мүсәпір миығынан күлді, — Көлеңкеден құтылудың жалғыз жолы бар...

— Сол жол саған да оңтайлы болар еді...

Адам сөзін аяқтай беріп, оқыс оң қапталға ыршып түскен, Мүсәпірдің күнге шығып қалған табанының астынан далп етіп от тұтанды. Анау баж етіп Адамның көлеңкесіне тығылды:

— Өй, өй, пақырыңды пісіріп жейін дедің бе?!

— Мен сүмелектен құтылсам, мына түріңмен сен де көпке бармассың...

— Қателесесің. Мен қазірдің өзінде сондамын.

Мүсәпірдің үні бұл жолы ызғарлы шықты.

3

— Жөн сұрасам бола ма?

Адам мен Мүсәпір дауыс шыққан жаққа жалт қараған. Таяқ тастам жерде қалт-құлт етіп біреу тұр.

— Кімсің?

— Көріп тұрсыңдар, Пендемін. Мен бұл жермен бұрын өтіп пе едім?

— Күндегі жолым осы, сені алғаш көруім.

— Қайдан шыққанымды, қайда бара жатқанымды да айта алмайсың ба?

— Әулиеге жарыған екенсің. Мүсәпір кекете сөйледі.

— Сені білмеймін, өзім бесін ауа осы ізіммен кері қайтамын — деді Адам.

— Қайтамыз... — деді Мүсәпір қосанжарланып.

— Сендерге ерсем бола ма?

— Ердің не, ермедің не, бізсіз де адасыпсың.

— Зияным тимейді. Қайта, не десең де бас изей беретін жағымды қасиетім бар.

— Алдымда жүріп отыр, пендем, — Мүсәпір иегімен Адамды нұсқады, — ...көлеңкенің қоюы жақсы. Соңғы сөзін күбірлеп қана айтқан.

Үшеуі ары қарай жылжыды.

— Иә, пендем, қарасам, ай орнында, аспан орнында, күндіз күн сүйіп… — Мүсәпір бұрылып өзінің ізіне қарады, — ...түнде жұлдыз жұбатады. Ал сонда сенің мына сықпытың не?

Мүсәпірдің бойына шақ келмейтін жалған абыздық аузынан да маржан болып төгілмегесін, Адам-Пенде оған жақтырмай қарады.

— Мен білгенде, адамдар не болса соған бас изей беретін. Ертелі-кеш кімді қоштап, нені құптап жататындары есімде жоқ. Бірақ қазір соны өзім де ермек қылатын болдым. Өйткені бас изеу менің өткен өмірімнен жадымда қалған жалғыз тарих...

...Рас. Пенде ол заманда Кісі еді. Қағаз мемлекеттің құдіретті Кісісі еді. Қағаз мемлекеттің қағаз үкіметі қара халқын қағаздағы реформалармен бағатын. Бас реформатор, әрине, мына Мүсәпір-Адамның қасында келе жатқан Пендеңіз. Тек Пенденің өткенде тындырдым деген бар ісі, жасадым деген тарихы сол, қағаз мемлекеттегі топан сөзбен бірге желге ұшыпты. Әрі артында қалған жұрты Кісісін ұмытайын деп ұмытқан. Иілген, изеңдеген бастардан басқаның бәрі Пенденің де есінде жоқ...

4

Намаздыгерде Мүсәпір-Адам-Пенде жердің шаңын аспанға көтеріп, топырақ үйіп жатқан біреуді көреді. Үшеуі әлгінің әрекетін үнсіз бақылап тұрды: анау әуелі башпайларымен жер тірей жылжып, жанасқан алақандарымен жан-жағындағы топырақты ысырып әкеліп ортаға үйді. Сосын бел жазып, төмпешікке қарап, бетін тыржитты. Аласа. Енді үйіндінің етегіне тоңқайып тұра қалды да, бұтының арасынан қос қолдап жоғары қарай боратты. Сөйтіп шеңберлей жылжып отырып бастапқы ізіне келгенде басын көтерді. Әжептәуір шошайған секілді. Оны да мына үшеу ананың жүзіндегі болмашы жымиыстан аңғарған. Анау енді, дағдылы әрекеті болса керек, лып етіп үйілген топырақтың төбесіне шықты да, үстіндегі жейдесін шешіп астына төсеп, қонжиып отыра кетті. Алайда борпылдақ құмға белуардан батып, аласарып қалған ол, құйрығымен сырғып етекке түсіп, қайтадан, бұдан да биік қылып үюге кірісті.

«Әкем етікші еді. Мен ес білгелі ыс басқан, ыбырсыған шеберханасынан аттап басқан емес. Қашан көрсең бізін ойнақшытып, елдің ескі-құсқысын жамап отыратын. Кейде күс-күс алақанымен қасында отырған мені басымнан сипап, маңдайымнан иіскейтін. Кейде біздің елдегі ең үлкен газет «Отар таңының» шетінен жыртып алып, жуандау қылып темекі орайды. Ондайда әлгі шиыршықталған қиындының шетін тілімен сілекейлеп жатып: «Осы кәзитті мен үшін шығарады» - деп мысқылдайтыны бар.

Есейе келе тап сол етік тігетін үйшікте туғандай, өзімнен өзім қорынатынды шығардым. Мен әкемнің кәсібі өзіме мұраға қалады екен деп қатты қорықтым. Әкем өмірді шеберхананың сатпақ терезесінен ғана көрген. Ал мен дүниенің төбесінен төнгім келді. Төбеден төнгіштер қос құлағы тікірейіп жер астынан шығады ғой. Ал мен… Ірілердің көзіне құйрық бұлғаңдатуды әкем маған үйретпеді. Өйтпес те еді. Соның кесірі — ішімдегі біреу көрінген құлыпқа кілт тарылта алмай аласұрып жатады. Ал сыртым — бар дейін десе, басқан ізім білінбес, жоқ дейін десе — ел жұтқан ауаға ортақтасқан біреумін.

Не керек, жаратқанға сүйкімсіз арманым өзіме жақты. Бірақ...

Мал табу үшін үлкен бір мекеменің кішкентай қызметкері болып жұмысқа тұрғам. Уақытша. Табысы мол, жолым да ашылатын жақсы кәсіп тапқанша істей тұрмаққа. Бұл кезде ата-анам шау тартқан. Әкем немере сүйгісі келеді, шешем келін жұмсасам дейді. Сөйтіп үйлендім. Әрі отбасылық өмір бір қалыпқа келгенше үйренген жерімде жүре берейін дедім.

Балалы болдық. «Тұңғышымыз емшектен шыққанша жылы орныңды суытпай тұра тұр. Сосын өзім де бір жағына шығысармын...» Бұл шашы ұзын әйелімнің қысқа қайырған ақылы еді. Көндім. Тіпті үлкен мекеменің кішкентай бір бұрышында ұмыт қалған мен, өзімді: «Осы жұмысты мен тындырмасам, басқа кім істейді?..» — деп алдарқататын болдым.

Әйелімнің құрсағы құтты болып шықты. Едел-жедел төрт-бес бала көрдік. Ол кезде жасым да біразға келген. Енді кеткім келсе де кете алмас едім. Қу тіршілік — ермегіме айналды. Және жолы болғыш жандарды жек көретін дертке шалдықтым...»

— Сендей дәрменсіздің жанында, мына мен арманы орындала бергеннен жалыққан жан екенмін ғой, тәйірі!

Мүсәпір шалқақтай сөйлеген.

— Сонда қай арманың ажарыңды ашыпты? — деді Адам, — Шелектеп қан төккенің бе?

— Сені де әуелде ізгі қасиеттеріңмен жаратпап па еді?

— Балаларың бар еді ғой? — деді Пенде топырақ үюшіге қарап міңгірлер, — Олар ғұмырыңа сәуле түсірмегендей...

Мүсәпір тағы киіп кетті:

— Сол сұрақты сенің өзіңе қойсам қайтеді?

— Мен... бәлкім... жақсы көрген шығармын...

— Өткеніңді ұмытып қалғаның мұндай абырой болар ма... Адам мырс етті.

Енді, міне, біреуі үнсіз қалып, үшеуі өзара дабырлап, ырғасып келеді.

Көз байланған. Бағанадан табанына тас батып келе жатқан топырақ үюшінің аяғының асты жұмсара бастағандай. Елегізіп тағы біраз жүріңкіреген. Иә-иә, құм! Бұлар құмға шығыпты. Ол енді есіне бірдеңе түскендей кілт іркілді:

— Тоқтаңдаршы!

Үшеуі қалт тұра қалған. Анау еңкейіп жер сипап жүрген секілді.

— Не екен, көрсетші? — деді Мүсәпір қараңғыда ауа қармап.

— Бағытымыздан жаңылдық па? Пенде жан-жағына алақтай қараған.

— Қайдағы бағыт?! — деп Адам ауыр күрсінді.

***

Ай жақыннан үңіледі. Төрт төмпешіктің үстінде төрт боз сұлба мүлгіп отыр.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз