Өлең, жыр, ақындар

Бұрынғы қазақта «бос уақыт» болмаған

«Бос уақыт» деген түсінік ежелгі қазаққа жат ұғым. Мұндай сөздің шығып келуінің өзі бертіндегі жағдай. Яғни төл қазақ қоғамының жойылып, отаршылдардың жасанды қоғамы орнағаннан бері пайда болған өгей түсінік. Қол бостық қазақ қоғамында болмаған. Өйткені көшпенді өмір салты бос отыруға, қол бос салақтап қарап жүруге мұрша бермеген. Бірақ енді қанша жоқтасаң да ондай қоғам қайтып келмейді. Тек сондай қоғамда өмір сүрген халықтың ұрпағы бар. Олардың бойында сондағы адамдардың пиғылы мен әдеті сақталып қалған десек қателеспейміз.

Ұлттық менталитет деп жүргеніміз сол. Бізде оның бүтін болмысы сақталмаса да, жұқанасы қалған. Сонымен ежелгі қазақтың «бос уақыты» туралы айтсақ, қазіргі қазақтың жайын соған салыстырып білуімізге болатын шығар. Балалар негізінде ойынмен ер жеткен. Оның өзінде де көшпенді тұрмыстыстағы баланың ойыны мен жұмысы бір-бірімен ажырағысыз болып араласып кеткен.

Бес жасқа келген ұл мен қыз «қол қанат» деп аталған. Оның мәнісі күнделікті үй шаруасында «беріп жіберші, апара қойшы, ұстай тұршы, әкеле қойшы…» дейтін сансыз қаракетерді осы балалар атқарған. Шешесінің «қол қанаты» секілді болатыны содан. Қазақ осыған арнап «Тайдың мінгені білінбес, баланың жұмсағаны білінбес» деген мақал шығарған.

Мысалы, өзінен кіші бауырына көз-құлақ болып, оны ойнатып-айландырудан бастап, өредегі жас құртты жинасу, ошақ басына отынды әкелу, ыдыс-аяқты жинасудан бастап қыз балаға тиесілі жұмыс. Әкесінің атын отқа қойып, оны әкеліп ерттеп, мама ағашқа байлаудан бастап, өріліп жатқан айыл-тұрманның шеттігін шетінен ұстасып қол ұшу беру түгелдей ұл балаға жарасатын ұсақ-түйек жұмыстар. Бұл шын мәнісінде бала үшін жұмыс қана емес, күнделікті көзі қанық, болып, қолы жаттыға беретін, санасына тозбай тоқылатын әрекетті тәрбие. Енді осы көшпенділердің бітіп болмайтын жұмыс-қаракеті ойынмен де астасып жатады.

Яғни ойыны — жұмысқа, жұмысы — ойынға айналған. Бес жасында тайға мінген ұл қозы бағып, бұзау қайырған. Сондай кезде сақа атып, асық ойнауға, жақ тартып ұсақ аң-құсты көздеп дәлдеуге уақыт тапқан. Одан өзге не түрлі ұлттық ойындардың бәрі де осындай мұршасыз кезде ойналып, жеңіп-жеңіліп дегендей өз кемеліне жете берген. Қаршадайынан ат құлағында ойнап, көздегенін қапы жібермеуге тырысқан бозбала қазіргіше айтсақ, ат спорты мен ату өнерінің шеберіне айналғанын өзі де сезбей қалар еді.

Мұндай тынымсыз, күнделікті тәрбие жаттығуынан өткен ұл жаукершілік заман туса — дайын жауынгер, бейбіт кезде қолынан бәрі келетін іскер азамат болып ер жеткен. Сөйтіп қазақ жігіттері түзде батыр боларлық қырағы, жаужүрек ер, түзде қара жон қайтпас азамат, шаршап-шалдықпас арыс бола білген. Мұндай адамдарда ерігіп есінеп отырарлық «бос уақыт» қайдан болсын!

Ал қыздың жөні тіпті бөлек. Бес жасынан бала уатудың бабын біліп, шешесінің тоқып жатқан өрмегінің жібін орасып, орап отырған шиінің жүнін түтісіп, әжесі есіп отырған шуданың шетін орасудан бастап, саба пісіп, ас пісірудің сансыз қаракетіне араласа жүріп, ұлттық нақыштағы киім-кешектің пішілуі мен тіглуін де үйрене жүріп, өскен жас бойжеткен ұзатылар күнінің келгенін де білуге мұршасы болмағаны — «бос уақыт» дегенің де болмағанының белгісі ғой.

Егер бос уақыт болды десек, ол қызық думанға толы той-томалақ кезіндегі естен кетпес ұлттық ойындар ойналатын шақ десек шындыққа жанасады. Айлы кештегі алысқа лақтырып сабылып таппаған ақсүйек, ақсүйектің сылтауымен бірін- бірі іздеген қыз-бозбала. Әнді әуелеткен алтыбақан, жүректер алып ұшып, құстай құлдыраған қызқуар… Бірақ, бұларды бос уақыт деуге бола ма? Ол — халқымыздың ұлттық келбетін жасаған қимас кездер еді. Ендігі бос уақыттар дегеніміз соларды естен кетірер, ермек десек ағат болса қоймас. Дегенмен жаңа уақытқа сай, жаңа ұлттық келбетімізді сомдарлық «бос уақыт» тапсақ оған сөз бар ма?!


Пікірлер (2)

Бұрхан

Ой салатын әңгіме екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз