Қазіргі Қостанай облысының аумағы ауызекі тілде Тобыл-Торғай өлкесі деп те айтылады. Бұл өлке қазақ тарихында өзіндік ерекше орыны бар, қазақ халқының маңдай алды қаншама азамат, қайраткерлері шыққан киелі өлке. Қазақ халқының руханиятын, ғылымы мен білімін, мәдениеті мен әдебиеті туралы сөз қозғалса, міндетті түрде осы өлкеде туған қайраткерлердің есімі аталады. Біз бұл ғылыми жобамызда қазақ халқының тарихында ғылым-білім, әдебиет пен мәдениет, спорт салаларында алғаш түрен салып, тұңғыш қадам басқан даңқты жерлестеріміз туралы сөз қозғамақпыз.
Тарихта "Шақшақ Жәнібек тархан" есімімен танымал Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752) – жоңғарларға қарсы күресте даңқы шыққан қазақ батыры. Ресей патшайымы Елизаветаның жарлығымен Қошқарұлы Жәнібекке тұңғыш рет "тархан" атағы берілді.
Қазақтың тарихындағы тұңғыш шығыстанушы, географ, кәсіби тарихшы, этнограф ретінде Шоқан Уәлихановтың есімі аталады. Шоқан Уәлиханов туралы энциклопедиялық еңбектерде: "XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы"- деп баға беріледі.
Қазақ даласында тұңғыш рет қоңырау дауысын сыңғырлатып, 1864 жылы Торғайда алғаш мектеп ашқан, ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин. Алаш көсемдерінің бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы тұңғыш рет қазақ тіл білімінің және әдебиеттану ғылымының негізін қалады. Қазақ грамматикасының негізін қалап, оның терминдерін қалыптастырды. Әдебиеттануда қазақ әдебиет теориясын қалыптастырды. Қазіргі қырғыз, қарақалпақ, ноғай т.б. түркі тектес халықтар өз грамматикасын Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне сүйеніп жасап, терминдерін толықтай, сол қалпында қабылдады. Сонымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасына негізделген тұңғыш қазақ әліпбиін жасады. Бұл әліпбиді қытайдағы қандастарымыз әлі күнге дейін қолданып келеді.
Арғы тарихтан бері қазақ арасынан шығып, шет өлкелерден білім алған қайраткерлер өте көп. Оның басым бөлігі, көбіне шығыс елдерінен ислам ілімін игерді. Ал Еуропа, оның ішінде Берлин университетінен білім алған тұңғыш қазақ – Ғазымбек Бірімжанов.
Отаршыл Ресей империясының боданында болған қазақ елінен Ресей Думасына депутат болған қазақтар саусақпен санарлық. Бірақ солардың арасында біздің жерлесіміз Ахмет Бірімжановтың болғаны біз үшін мақтаныш. Ахмет Бірімжанов Ресей Думасына Торғай облысының атынан екі мәрте депутат болып сайланған.
Ахмет Бірімжановтың баласы Батырбек Бірімжанов қазақтан шыққан тұңғыш химик, қазақ химиясының атасы. Қазақ Ұлттық университетінде тұңғыш химия кафедрасын, химия факультетін ашқан.
Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романның авторы Міржақып Дулатұлы. Оның "Бақытсыз Жамал" романы қазақ әдебиетіндегі роман жанрында жазылған ең тұңғыш шығарма.
Қазақ киносының алғашқы қарлығашы "Амангелді" фильмі екендігі белгілі. Ал, осы тұңғыш фильмнің басты кейіпкері де, бас кейіпкердің рөлін сомдаған актер де, фильмнің сценариін жазған автор да біздің жерлестеріміз. Фильмнің сценариін Ғабит Мүсіреповпен бірлесе отырып Бейімбет Майлин жазса, басты рөлді жерлесіміз Елубай Өмірзақов ойнады. Бейімбет Майлин қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының қалыптасуына ерекше еңбек еткен жазушы. Сонымен қатар пьесалары да қазақтың алғашқы театрларының репертуарынан берік орын алды.
Нәзипа Құлжанова - Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай әдеби кеш ұйымдастырады.
Қазақ халық ақындары арасында Абай атындағы Мемлекеттік Сыйлықты тұңғыш иеленген Нұрхан Ахметбеков те біздің жерлесіміз.
Қазақ поэзиясында баллада жанрын қалыптастырған тұңғыш ақын – Қайнекей Жармағамбетов. Қазақ айтыс өнерінде де Тобыл-Торғай ақындарының шоқтығы биік. Әсіресе, қазіргі айтыстың бастауында тұрған Қонысбай Әбілев пен Әсия Беркеновалардың есімі түгел түркі дүниесіне танымал. Кеңес заманының соңғы жылдарында "Халық ақыны" атағын иеленген үш ақын болса соның екеуі, Әсия апамыз бен Қонысбай ағамыз – біздің жерлестеріміз. Қазіргі айтыс тарихында айтысқа алғаш тігілген ақбоз атты Жадыра Құтжанова апамыз тізгіндесе, алғашқы ақ аруананы Әлпия Орманшина апамыз жетеледі. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының "Айтыс ақтангері" атағының тұңғыш иегері – Айбек Қалиев те Торғай-Тобыл өлкесінің түлегі.
Қазақстан елінің спорт саласында да Тобыл-Торғай түлектерінің еңбегі ересен. Солардың ішінде кейбір салада тұңғыш деген есімге ие болған қайраткерлердің болғандығын анықтадық.
Қазақ күресін әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасов болса, оның ізбасарлары жерлестеріміз Таңатқан Дүйсекеев пен Дүзелбай Айсин, ресми додада бақ сынап, 1961 жылы Алматыда өткен Қазақстан және Орта Азия чемпионатының чемпиондары атанды. Осы сайыста 51 жастағы Таңатқан Дүйсекеев 28 балуанды тізе бүктіріп, Орта Азияның абсолютті чемпионы атанса, Дұзелбай Айсин өз салмағынан жеңімпаз атанды.
Қазақ боксында тұңғыш рет бокс қолғабын киіп қана қоймай одақтық жарыстарда жеңіске жеткен ағайынды Мақсұт, Махмұт Омаровтардың түбі Торғайдан, әкелері Ілияс Омаров 1900 жылы қазіргі Жангелдин ауданының Шилі ауылында туған, өлкеден шыққан алғашқы қаржы-банк саласының мамандарының бірі.
Қазақ боксындағы тағы бір айтулы тұлға Бекет Махмутовтың да түбі Қостанайлық. Бекет Махмутов қазақтан шыққан тұңғыш АИБА-ның вице-президенті және Азиядағы АИБА-ның президенті. Бокс және дзюдо спортынан Қазақстанның тұңғыш әлем чемпиондарын даярлап шығарды.
Біз бұл ғылыми жұмысымызда тек ғылым-білім, мәдениет, әдебиет пен өнер, спорт саласындағы алғаш түрен салған қайраткерлерді атап көрсеттік. Ізденіс жасаса бұдан басқа салаларда да жерлестеріміздің табылуы әбден мүмкін. Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған салалардың дамуына үлес қосқан айтулы жерлестеріміздің еңбегін насихаттап, жас ұрпаққа өнеге етіп көрсету ізгілікті іс. Әсіресе өлкетану сабақтарында осындай даңқты жерлестеріміздің еңбегін насихаттай білсек, жас ұрпақтың арасынан да небір ғұлама ғалымдар, әдебиет пен өнер майталмандары, спортшылар шығары сөзсіз. Киелі Тобыл-Топырағы дарынды тұлғалардан ешқашан кенде болмаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі