Шалдың кенже баласы қолына таяқ ұстап, белін белбеумен қыстап, күн-түн жүріп, айлар-жылдар жүріп, бір заңғар тауға келеді.
Нардай шөккен заңғар тау алдын бөгейді. Таудың басы бұлттан асқан екен. Басына шыға алмас, мұндай тау кездескенге Алдар қайғыланады.
— Ебін тауып адамды да, Алланы да, жын-шайтанды да алдауға кетіп бара жатырмын. Сондай таудай талапты арқалап келе жатқанда, бұл тау маған бұйым бола ма? Қалай да болса осы таудың басына шығып, асамын, — дейді.
Қона жатып, қыстап жатып, таудың тасын қажап, саты жасайды. Өлдім-талдым дегенде, дымым құрыды дегенде, күндерде бір күн азар деп таудың басына шығады. Басына шығады да, талып құлайды.
Бір уақыттарда есін жиып, көзін ашса, бір байғыз құс шоқиып, жатқан кісіні тас деп біліп кеудесіне қонып отыр екен. Шап беріп ұстай алады. Аяғына жіп байлап, қолына қондырып алады.
— Жарар дейді, керекке,
— Әуелгі байғыз олжа ғой.
— Жарамаса керекке,
— Жіберермін қолда ғой,— деп жүре береді.
Жүріп келе жатса, таудың арғы етегінде жұмыртқадан да ақ бір үй түр.
Таң-тамаша жайлары,
Ойлы-қырлы сайлары.
Тас бастаулы маңайы,
Гүлденіпті баурайы.
Алдар таң-тамаша қалады. «Не де болса осы үйге барайын», — деп, таудан түседі. «Достың үйі ме, дұшпанның үйі ме, адамның үйі ме, диюдің үйі ме? Әуелі байқайын», — деп ептеп келіп, үйдің жабығынан сығалайды. Сығаласа:
Бір жігіт пен бір әйел,
Сүйіседі жақындап.
Күліседі сақылдап,
Текешіктей бақылдап.
«Қызық та, той да, кәсіп те мұнда екен», — деп, Алдар ойланып тұрып-тұрып, «әптыш-ау» деп қатты бір түшкіреді. Жігіт пен келіншек шошып кетеді. Келіншек жігітті төр алдындағы тұрған сары сандыққа жатқызып, екі бұрап кілттеп қояды. Алдекең мән-жайды біле қояды.
— Ассалаумағалейкүм! — деп, Алдекең жылт етіп кіреді де, сырын ішіне түйіп, үндеместен отыра береді.
«Қайдан келдің, пері» дегендей келіншек қабағын түйіп жақтырмайды.
Алдар ішінен: «Үндемесең үндеме, келіншек, сенің де, сары сандық, сенің де сазайыңды беремін», — деп күлімдеп отыра береді. Біраз отырғансын келіншек, күлімдеп отырған Алдарға бір қарап:
— Неге күлімдеп отырсың? — дейді.
— Ана сабадағы қымызды көріп, күлімдеп отырғаным ғой, — дейді Алдар.
— Көрсең іш, — дейді келіншек.
«Іштің» хабары келгесін Алдекең қарай ма, қара сабаның басына мінеді. Тойғанша қымыз ішеді. Сабаның қасында тураулы тұрған пісірулі сары қазыны да бірге аттандырады. Қазы мен қымызға тойып алып, төр алдына барып жантая кетеді. Алдардың күлімдеуінен қорқып: «Бірдеңені біліп қойды ма», — деп қипаң қағып отырған келіншек, жібек кілемнің үстіне сұлаған Алдарға ештеңе айта алмайды.
Алдекең қазыны жегенге, қымызды ішкенге, төрге аунағанға місе тұтпай, келіншекпен қалжыңдасуға кіріседі. Қалжыңдасып отырып, бұл бір сасық байдың үйі екенін, байдың баласы жоқ екенін, келіншек қырық бірінші қатыны екенін біліп алады. Сондықтан жатқан жігіттің келіншекпен жақын екенін де сезеді.
«Сиырларын өк-өк деп,
Түйелерін шөк-шөк деп,
Жылқыларын құраулап,
Ешкі мен қойды құрайлап...»
Кешке таман бай келді, келеді де төрде жатқан Алдарды көріп:
— Торғайын құшақтап төрімде жатқан бұл қай құдайың! — деп ақырады.
— Ол мен құдайың! — дейді Алдар.
— Сенің құдайың қай құдай?
— Мен құдайың — балгер құдай. Мынауым — көріп кел, біліп кел, байғыз құдай.
Байдың өмір бойы тілегені бір бала екен. Бала таптырам деп алмаған қатыны, қаратпаған бақсысы жоқ екен. «Балгермін» дегенге райдан қайтып қалады. «Құдай шипа берсе...» — деген ойына келеді.
—Кім болсаң да, бір қу боларсың, — дейді де, ала көзімен бір қарап, қазан жаққа барып орнына отыра кетеді.
Ас ішіп біраз отырғаннан кейін бай мән-жайын айтады:
— Төрт түлігім сай бай едім, мал дегенің есепсіз болып еді. Бірақ соның бәрі бір балаға тұрмады. Алладан бала тілеп, қырық қатын алдым.
Қырқынан да пайда болмады. Ақырында мал-мүлкімді төгіп, осы қатынды алдым. Бірақ одан да іштеме болмай отыр. Жасым да жетіп қалды. Сонда да Алладан үмітім бар. Балгермін дейсің. Байғызым көріп кел дейсің. Көріп не айтар екен? Балыңды аша көр, жаным, — дейді.
— Жарайды, — деп, Алдар бал ашуға, бақсы болып ойнауға кіріседі. Жынын шақырып, «ақ сөйле» деп, құсына ақырып, сарнайды:
— Мынау нағыз балгер екен, — деп бай қуана түседі. Алдар сарнап жүріп, баяғы жігіт бар сандықты айналдыра береді.
— Япырым-ай, байым қалай-ды?
Қиын екен бұл өзі
Көріп едім талайды, —
деп сандықты ұрады, құлағын салып тыңдайды, шертіп қарайды.
— Е, байым, іс жаман екен, — дей береді.
Ақырында ашқан балын айтады.
— Сары сандық ішінде,
Қара пәле жатыпты.
Жібек көрпе ұстінде,
Қызық іске батыпты...
Қылмайды екен қарекет,
Ішеді екен, жейді екен.
Арғы затын сұрасаң
Екі аяқты дию дейді екен.
— Осы қара пәле әйеліңе бала бітірмейді екен. Осы пәлені көшірмесе болмайды екен, — дейді.
Бай мұнысына нана қоймайды. «Алдап-сулап мал тапқысы келіп жүрген бір қу болды ғой». Сонда да:
«Бақыр-мақыр берермін,
Көп сұраса көрермін.
Көшірсе, көшіре қойсыншы», — деп, ішінен ойлайды да: — Жарайды, көшіре ғой, — дейді.
— Мұны көшіру үшін ыстық су керек, — деп Алдар су қайнаттырады. Бақсы ойнап жатыр дегенге: «Мұндайдың талайын көргенбіз», — деп, мысқыл етіп, келіншек те сырттан үйге кіріп тұрады.
Келіншек тұр күлтілдеп,
Күлім-күлім жасарып.
Жігіт жатыр селкілдеп,
Қайда барсын қаша алып.
Келіншек тұр қуанып,
«Дию» деген жөнінен:
Жігіт жатыр қуарып,
«Дию» деген жөнінен.
Алдар үй ішін айналып жүріп, келіншектің шашбауындағы кілтін кесіп алады.
Сүйтеді де бір бақыраш суды қолына алып, сары сандыққа жүгіріп барып, аузын ашып:
— Көш, пері, көш! — деп, ыстық суды жігіттің басына құя салады.
Атып кетті бір адам,
Бір адымы он қадам...
Пәле кетті үйінен,
Асқан сұлу жігіт боп,
Түсі кетті келіннің,
Көңілі суық мұздақ боп.
Сиқыры құрсын масқара!
Өле алмайды ұяттан,
Бар ма лажы, жоқ шара,
Әбден болды жүзі қара.
Сонымен басы күйіп жігіт кетті. Іші күйіп келіншек кетті. Жүрегі ұшып, талып бай жатыр. Күлкісін жия алмай Алдар жатыр. Біраздан кейін бай есін жиып, орнынан тұрады.
— Мың рақмет, шырағым, бәлені үйімнен қудың. Әйтпесе өлген екенбіз. Енді Алладан үмітім күшейді... Әрі садақа болсын, әрі еңбегің болсын. Аю ат дейтін атым бар. Соны ал. Сонымен бірге, ол пәленің қайтып келмесін кім біліпті. Осы балгер құсыңды маған сат. Бағасын айт, — дейді.
— Өмірлік жолдасым еді, менің күнім қараң еді. Байғызымды сатпаймын, — деп, Алдар біраз шалқаяды. Бай жалынып болмайды.
Ақырында:
— Сіз үшін ғана, әйтпесе құсымның көзін қиман, — деп сатпақ болады.
— Бір өтірігі жоқ, осы құсымды мен иесінен қырық жылқыға сатып алғанымда, иесі екі күн өкінген. Мен де өкінермін, елу жылқы беріңіз, — дейді.
— Мұның көп. Жылқының құны да аз емес қой. Амал жоқ, сол берген жылқыңды мен де берейін, — дейді бай.
— Жоқ, болмайды. Оллаһи тегін, қырыққа берсем, өмірімде есімнен кетпейді, — деп,
Алдар көнбейді.
— Оллаһи бағасы, — деп, бай көнбейді.
Екі қу бірін-бірі тездікпен жеңіскен бе! Азайтып айтқанда бір жұма, көбейтіп айтқанда, бір жыл екеуі саудаласып, алақан ұрумен болады. Ақырында Алдардың қулығы асып, елу жылқы алып, байғызын сатып:
«Қаңғып қалды, бұл басым,
Еш болмаса құсыма,
Қош айтысып жылайын,
Жыламай не амал қылайын», —
деп бір жұма құсымен қоштасқан боп тағы жатып, қазы-қарта жеп, қымыз ішіп тойынып алып, жөніне кетіпті.
Жалғасы: Алдардың алдануы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі