Өлең, жыр, ақындар

Қанатты қара қасқа ат

Ерте-ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде бір қарт болыпты. Әкесі атын Жанбай деп қойыпты. Өсе келе, әйел алып, өз алдына үй болыпты, бай қолында жұмыс істепті. Бірнеше жыл еңбек, етіп еңбегіне бір қара бұзау алыпты. Жанбай ол бұзауын «қотыр баспағым», «қоңыр баспағым», «бес жылдық еңбекке алған баспағым» дейді екен. Жанбай бірнеше жыл аянбай еңбек етсе де байдың бергені - бір бұзау. Жанбай тамақ асырай алмай дағдарыпты. Осы кезде бұзауы өсіп, бұзаулы сиыр болыпты. Сиырдың ерте бұзаулағанына қатты қуанады. Жалғыз сиырдың сүтімен де тамақ асырау қиын болады. Он шақты күн өткеннен кейін, Жанбай әйелімен ақылдасып, бұзауды сойып жейді. Жас бұзаудың жасық етіне тойған Жанбай қырдың басына шығып, Шағылдың кешкі алтын ауасын жұтып, ертең нені тамақ ету керек, оны қайдан табам, қай байға жалданам деген пікірлер бірінен соң бірі тізбектеліп, көз алдына елестеді. Ойдың терең зынданына кетті.

         Терең ойға шомып отырған кезде, белес астынан қылаң етіп, екі көзді алма-кезек қысып, аяғын санап басып, шаршаған кісідей маужырап, бір түлкі Жанбайдың қасына келіп, сәлем беріп, шоңқиып отыра кетті.

         — Е, түлеке, қайдан жүрсің?

         — Қоянның көжектерін іздеп едім, таба алмай шаршадым. Неше байдың үйінен аузыма майлы бірдеңе түсе ме деп барып едім. «Таяқпен тұмсығыма бір соғып, терісін сыпырайық» деп жүрген бір адам. Қоянның жүрдектігіне, арыстанның күштілігіне, өзімнің айлакерлігіме сыйынып тұра қаштым. Енді өзіңізде қандай хал бар?

         — Е, қара сиырдың қара бұзауы бар еді, оны сойып жедім, енді ертең нені тамақ етуді білмей отырмын. Соның терең ойында отырмын. Сен маған теріңді берсейші? Мен оған бір лақ сатып алайын,– дейді Жанбай.

         — Апырым-ай, қинамас жерден, Жәке-ай, қинадың. Болмас, берейін. Ана шоқал (шоғал) түбінде туысқандарым бар, соларға амандасып келейін, – дейді де жүріп кетті. Екі төбе асып түлекең «қош-қош» деп қолын бұлғай, шауып алып жөнелді.

         Түлкінің алдағанын сезген Жанбай үйіне келді. Үйге Жанбай жақындай бергенде, әйелі «шүйінші» деп жүгіреді.

         — Не болды, Айжан? Не болды?

         — Қара сиыр тағы бұзаулады, – деді ентігіп, көкірегін қуаныш кернеп. Екеуі қатты қуанады. Бұдан былай күнбе-күн қара сиыр бұзаулайды, оның бұзауын Жанбай күнбе-күн сойып жейді. Осылайша бірнеше жылдар өтті, әйелінен үш ұл бала болды. Жанбай, Айжан қартайып өлер шағында, Жанбай балаларына мынаны айтты:

         — Е, балаларым, бізге де өмір аяғы жетті. Менің айтатын өсиетім: осы сиырдың өзін соймаңдар, тамақтарың аш болмайды, бұзауын тамақ қылыңдар, ерінбей еңбек етіңдер, тату болыңдар, тұрмысты бақытты етуге аянбай күресіңдер, бақытсыз өмірге біз кетіп барамыз, тіршілік, өмірім бақытсыздықпен өтті, – деді де Жанбай көзін жұмды, бақытсыз өмірге басын иді. Жанбаймен бірге Айжан да сол дүниеге кетті.

         Қалған үш бала: үлкені - Даубай, ортаншысы - Наубай, кішісі - Бақпай. Өсті, ержетті. Дүниені кезуге ұйғарысып, қара сиырды сойды. Қара сиырдың етін үшке бөліп, етін арқаласып, үшеуі қоштасып, Бақпай шығысқа, Наубай түстікке, Даубай батысқа бет алып жүріп кетеді. Бақпай бірнеше күн, ай жол жүреді. Еті таусыла бастайды, бар жерде де көргені – біреуді-біреу қанау, жүндей түтіп талау. Бір қалың шағылға келіп ұйықтайды. Түсінде Бақпайдың маңдайынан жұлдыз, оң иығынан күн, сол иығынан ай туып тұрған сияқты болады. Бақпай бұл түске көңіл бөлмей тағы да ертемен жүріп кетеді. Күн бұлт, күн райы бой көтертпестей ауыр екен. Түс мезгілі дегенде бір қара көрінді. Бақпай оны елемеген кісі болып отыра берді. Бұл қара бірден-бірге жақындай берді. Қараса, жетегінде қара қасқа аты бар, өзі жирен қасқа атқа мінген бір әйел адам келе жатыр. Ол жақындап келгенде, екеуі бір-біріне тіл қатыса алмай, бірінің дидарына бірі құмарланып, қорғасындай балқыды. Өздері ауыздан сөйлеспесе де көздері біріне-бірі қадала қарағанда, Бақпай, Данамыз дегенді сездірді. Келіп тұрған қыз - Дана. Қазақтың қыз мақтағанда айтатын алма мойын, қиғаш қас, нәркез көз сұлу қызы, ақылды қызы осы Дана еді. Дананы әкесі бір байдың баласына айттырып, ақырында соған берген екен. Байдың баласы әрі соқыр, әрі ақсақ, белі бүкір, ақылсыз ақымақ екен. Дана оны менсінбей, келген күні түнде бір атты мініп, бір атты жетектеп қашып келе жатыр екен. Осы жолда Бақпайға тап болып, Бақпай алмақшы болып, екеуі ілгері жол жүріп кетеді. Бақпай қара қасқа қанатты атқа мініп, бір хандыққа бет алысты. Көрмес ханына келіп, Бақпай Данамен екеуі жұмысқа кіріседі. Бір күні ханның Данаға көзі түсіп, көп әйелдің бірі етіп алғысы келеді. Данаға уәзірлерін жіберіп, сөз айтқызып қарайды, бірақ Дана оларға найзадай өткір сөзімен жауап береді. Хан уәзірлерімен ақылдасып, Бақпайды өлтірмекші болады. Мұны Дана сезіп, Бақпайға білдіреді. Бақпай ханның уәзірлерінің өлтірейін деп келетін күні үйіне жатпай, ауыз үйде келушілерді бақылап отыруға Дана кеңес береді. Дана өзі үйдің бұрышына жатады да қасына Бақпайдың төсегін салып, киімнен және жүннен адам жасап, Бақпайдың орнына жауып тастайды. Дана өтірік ұйықтап, бетін ашып жатады, өйткені Бақпайдың қайсы екенін білмей, қолдан жасаған адамды қарап қояр деп қауіптенеді. Түн ортасында ханның екі уәзірі келіп, есікті ашып, үйге сездірмей ғана кіреді. Бақпай деп көрпе мен киімдерді қылышпен кескілеп, құшақтап сыртқа алып шықты. Түн тас қараңғы. Екеуі сүрініп-жығылып келе жатып біреуі:

         — Апырым-ай, сүйек қалдырмай кескілеген...

         — Солай, солай, – деді екіншісі.

         Уәзірлер Бақпайды суға атып жіберіп, үйлеріне қайтысты. Суға атқаны - Бақпай емес, көрпе мен жүннен, қайыстан құрап, буып қойған адам. Мұның бәрін Бақпай көріп отырады. Уәзірлер кетісімен, Бақпай суға атқан киімдерді алды да үйіне келіп, жатып қалды. Ертеңіне ерте тұрып, жұмысына кетті. Бақпайды уәзірлер көріп, не болғанын өздері де білмей қалды. Бақпайды өлтіруге тағы бірнеше айлалар жасайды, оның өзінен де Бақпай құтылыс табады, енді Бақпайды өлтіре алмаған соң, оны қайтпас сапарға жіберуге ұйғарады. Хан Бақпайды өзіне шақырып алып:

         — Мен сені бір жерге жұмсаймын. Баратын жерің мынау: отты таудың ар жағында перілер алып қашып кеткен Оттыкүрең, Құттыкүрең деген екі атым бар. Сол аттарымды әкеліп бер. Егер сол аттарымды әкеліп бермесең, басыңды аламын.

         — Құп, тақсыр,– дейді Бақпай. Бармасқа не шара бар. Үйіне келіп Данаға айтып еді. Дана қанатты қара қасқа атқа айтуды мақұл көрді. Осы жайдың бәрін Бақпай қанатты қара қасқа атқа айтты. Сонда ол:

         — Бұл - үлкен жол, аман барып келерміз, жүрелік, – деді. Қара қасқа атпен Бақпай бірнеше күндер жүрді, ұзақ сапар шекті. Бірнеше күн жүріп, отты тауға жетті.

         — Бұл таудан қалай асып өтеміз? – деді, Бақпай қара қасқа атқа.

         — Қолыңа шылбырды мықты ұста да ердің үстінде көзіңді жұм да жат, мен өзім алып шығамын. Әуелі жел, онан кейін дауыл, боран, қар, жаңбыр, ақырында оттың жалыны тиер, сонда да көзіңді ашпа, ашсаң өлесің, – деді. Қара аттың айтқанының бәрі ұшырайды. Бақпай көзін ашып қараса, таудың екінші жағына шыққан екен. Қарсы алдында жарқырап жатқан көлге тіке жүреді. Жолда терек басында үш балапан отыр.

         Біреуі жылайды, біреуі жыламсырайды, біреуі күледі. Бұларға Бақпай төменгі сұрауларды беріп сұрады.

         — Сен неге жылайсың?

         — Мені бүгін айдаһар келіп жейді, сондықтан жылап отырмын.

         — Мені айдаһар ертең жейді, сондықтан бір күн өмірім қалғандығына жыламсырап отырмын.

         — Сен неге күлесің?

         — Мені айдаһар бүрсігүні келіп жейді, сондықтан екі күн өмірім қалған соң, күліп отырмын.

         — Олай болса, мен сіздерге рақым етейін. Сіздердің маған бір кездерде қайырыңыз тиер, – деді де Бақпай айдаһардың жатқан жерін сұрап алып, соған қарай жүріп кетті. Түнерген қара бұлттай болып үлкен сайды алып жатқан айдаһарды көрді де атын қашығырақ қалдырып, қолына екі алтын семсерін алып, ілгері жүріп кетті. Қозғалғаны күннің күркірегеніндей, аузын ашса, лебі - дауыл, боран - айдаһар кең сайды алып жатыр екен. Бақпайды көріп, қабағы қарлана ысқырғанда, арандай ашылған аузына тікелей дірдектетіп ала жөнелді. Бақпай алтын семсерінің бірін кесе, бірін тік ұстап, айдаһарға қарай желе аяңдады. Тік ұстаған алтын семсер айдаһардың тілін, астыңғы-үстіңгі ернін, кесе ұстаған семсер езуін қақ айырды. Аспаннан жауған жаңбырдай, айдаһардың аузынан қан саулап аға бастады, айдаһардың аузынан төгілген қаннан сай шалшық сулы көл болды. Бақпай айдаһардың белінен семсермен шауып қалғанда, айдаһарды екіге кесіп түсті, секірген құйрығының екпіні жерді қақ жарғандай болды. Осылайша Бақпай еріміз айдаһарды өлтіріп, үш балапанды аман құтқарып, содан балапандарға келіп, осы араға келген жұмысын айтты.

         — Қос күрең күнбе-күн осы көлден су ішіп кетеді. Суға келетін уақыты қашық емес, енді келер, – деді.

         — Мен қос күреңді қалай ұстауыма болады?

         — Қос күреңнің ұстауы қиын. Біз қанатымыздан бір тал берейік, соны суға таста, соған қос күрең келеді, соның қасында көп уақыт тұрып су ішер. Қос күреңнің көп тұруын пайдаланып, өзің айласын тауып ұстап ал. Осы кезеңде ұстай алмасаң, онда ол тіпті ұстатпайды, – деді. Бақпай балапандардың қанатынан алып берген бір талды алды да су астына дұзақ құрып, бір шетін өзі ұстап, екінші жағынан бұғалық әзірлеп, бір қурай шөбін паналап жатты. Қос күрең кешікпей-ақ суға келді. Бақпай дұзақты тартып қалды да бұғалықты лақтырғанда, қос күреңнің мойнына сап ете түсті. Қос күрең жұлқи жөнелді, бірақ Бақпай ебін тауып қолынан босатпады. Қос күреңді жетекке алып, қанатты қара қасқа атына мініп, балапандарға келді.

         — Мен енді жүремін, еліме қайтамын. Отты таудан өтемін, таудан өтіп кетуге қандай амалдарың бар? – деді Бақпай.

         — Қанатымыздан үш тал берейік, біреуін жастық ет, біреуін жамылғы ет, біреуіне аттарыңды байлап қой. Ұйқыдан оянған кезде, таудың ар жағында боласың. Үш тал қанатты алып, балапандармен қоштасып, еліне бет алды. Баламен сүйісіп, жаласып балапандар азар айырылды. Бақпай жүріп кетіп, тау қабағына келді. Алтын күн қызарып ұясына барып, батуға айналды. Бақпай аттарын байлап, балапандардың айтқанын істеп, өзі ұйқыға кетті. Сарғайып таң атты. Күн қызыл гүлін шаша бастады. Таудың екінші беті. Бақпай оянды, ілгері жүріп кетті. Кешке еліне келіп, ханның қос күрең атын тапсырды. Хан қыржиды, тыржиды, тіпті қабағы қыртыстанып кетті, жатқап төсегін сабады.

         — Енді не амал? Бір қаңғырған қу бас кедейге әліміз жетпеді деген не масқара?! Көрінде секіріп жатқыр сегіз нөкер қайда? Тез келсін! – деп хан ақырды ашуланып. Уәзірлер келді. Хан тыржиды, қабағы қыртыстанды, аузы жыбырлады, бірақ үн шықпады. Ақырында уәзірлеріне:

         — Бақпайды перінің қыздарын ұстап әкелуге жібер! – деді. Ханның бұл бұйрығын уәзірлер Бақпайға жеткізді. Бақпай пері қыздары ойнайтын кезде, түннің ортасында, қанатты қара қасқа атқа қуыршақ тиелген арбаны жегіп, перінің қыздары ойнайтын тақырға келді де қуыршақты жер-жерге төгіп, өзі ортасында жатты. Перінің үш қызы қуыршаққа қызығып, қуыршақты аралап жүргенде, Бақпай шап беріп ұстап алды. Ертемен перінің үш қызын уәзірлерге әкеліп тапсырды. Ханға бұл хабарды жеткізбестен уәзірлер:

         — Перінің ішетіні - жер астындағы құла биенің сүті. Сол биені қалай да әкеліп бер. Ол биені бүгін кештен қалдырсаң, басыңның алынатын уақыты жетті, – деп, сүмеңдеген ұры итше көзінің астымен қадала қарады.

         — Жарайды, айласы табылса орындармын, айласы табылмаса, адам қанына жерік болған жалмауызсыңдар ғой, дегендерің болар, – деді Бақпай.

         Бақпай Данамен кеңесті, бірақ айласын таба алмады, таршылық түсті. Бақпай қанатты қара қасқа атқа келіп, айтып қарап еді, ол:

         — Ол - менің анам, ол болса, мен құлын күнімдегідей болып кісінейін, сонда құла бие жер астынан көкке ырғыр, сонда ебін тауып ұстап қал, онда ұстай алмасаң, тіпті ұстатпайды, – деді. Осылайша болды, құла биені ханға әкеліп тапсырды.

         Хан бұрынғыдан жаман тыржиды, ашуланды, ерні жыбырлады. Енді амал бітті. Хан он бес шақырым жер өткірлігі алмастай екі темір жүргізді, оның бір жағы - от, бір жағы - қайнаған су. Бақпай екеуі бірінен соң бірі осы темірдің үстімен жүрмекші болды. Кімде-кім темірден тайып кетсе, ол не отқа, не суға түсіп өлмек. Әуелі Бақпайды жіберіп, ханның өзі соңынан жүрді, бірақ ханның ойлаған залым пікірі болмады. Көзді ашып-жұмғанша Бақпай атымен темірден өте шықты.

         Хан баласы «ақ сүйек», өзі хан, халық алдында темірден өтуге шарт жасады, орта жерге бара бергенде, екі көзі алақтап, тісі ақсиып, құлаған теректей күрілдеп жанып жатқан отқа шалқасынан дүрс ете түсті, дүниеден өтті.

         Міне, осылайша жауыз хан өзіне-өзі орды қазып, қаза тапты, арам ниеті өзіне көрінді.

         Бақпай еріміз ханның жауыздық мақсатта құрған шынжырынан осылайша құтылды.

         Бақпай мен Данадан бір ұл бала болады. Бақпай өз еңбегімен тамақ асырап, мал жинап, он шақты қарасы болды. Бақпай өз малын бақты да отырды, қанатты қара қасқа аты жылқы ішінде жүрді. Дана үйінде жас баланы тәрбиеледі. Ал, әлгі екі ағасының осы күнге дейін қайда жүргені белгісіз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Айзере

Керемет

Айзере

Оте кушты

Ғани

хошума кетті ертегі, чоқ гузәл!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз