Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық валюта - төл теңгенің туған күні

Бүгінгі күн еліміздің күнтізбесінде де, тарихында да орны бөлек ерекше күн. Осыдан біраз жыл бұрын 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Бұл күн қазақстандық валютаның дүние есігін ашқан күн болып естептеледі. 

Ұлттық валютаны «теңге» деп атауды ұсынған - Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов болды.

Өзіміз білетіндей 1993 жылы қараша айына дейін эмиссиялау қызметін тек қана КСРО-ның Мемлекеттік банкі, кейіннен Ресейдің Орталық банкі атқарып келді. Ол кезде Қазақстан аумағында төлем құралы ретінде КСРО Мемлекеттік банкінің немесе Ресей Орталық банкісінің 1961-1991 жылдары шығарған рублдегі банкноталары мен монеталары қызмет етті. Ендеше сол уақыттары біздің шаруашылық айналымға қажетті Ресейдің рублін сатып алып отырғанымызда жасырын емес. Әсіресе 1 рублдегі қолма-қол ақшаны 2 рубль қолма-қолсыз ақшаға сатып алған. КСРО ыдырағаннан кейін кейбір оның кұрамына енген республикалар өздерінің ұлттық ақша бірлігін айналымға енгізіп, яғни «рубль аймағынан» шығып кеткен болса, ал біздің республикамыз сол аймақта екі жыл бойы қалды. Оның басты себебі, Қазақстанда өзінің банкнота шығаратын фабрикасы мен Монета сарайының  болмауы еді.

Соған орай 1992 жылы біздің алғашқы валюталарымыз 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноталар түрінде төрт ғасырлық тәжірибесі бар ағылшынның пошта маркілері мен банкнота жасауды кәсіп еткен «Харрисон және оның ұлдары» компаниясымен өзара жасалған келісімшартқа байланысты шығарылды.

1992 жылы 26 шілде күні Ресей өзінің төл валютасын енгізгеннен бастап, өзге елдердің, соның ішінде «рубль аймағындағы» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдердің қаржылық жүйелерін бөліп жібергендігін хабарлады. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкі Қазақстанға қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынған.

Осы тұстан бастап Қазақстанда КСРО-ның рубльдері ғана айналыста қалды және өзге рубльден бөлінген аймақтардан олардың келуіне шек қойылмады. Ақыры, оған дейін құнсызданған рубль әрі қарай құнсызданып, инфляция қарқыны 2900 пайыздан асты.

Міне осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуы Қазақстаннын, төл теңгесін басып шығаруға еріксіз жол сілтеді. Нәтижесінде 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Алғашқы  қазақ валютасының дизайны отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғәбжәлеловтер болды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітіліп, теңгеміз Ұлыбританияда басылып шықты.

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, ескі рубль орынын отандық теңгеміз басты.

Тәуелсіздігіміз бен теңдігіміздің символы болған төл теңге егеменді ел екендігіміздің шынайы айнасы болды және бола бермек.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1 курс студенті Алимжан Жанбота Алимжанқызы.

Ғылыми жетекшісі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қауымд. профессоры.,  . т..ғ.к. Абикенова Г.Е


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз