Соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстану жай ғана тренд емес, саналы таңдауға айналды. Осы бағытта кең таралған спорт түрлерінің бірі – волейбол. Бұл ойынның негізін 1895 жылы Уильям Дж. Морган қалаған. Бүгінде әлемде жүздеген миллион адам волейболмен айналысады. Қазақстанда да бұл спорттың дамуына Октябрь Жарылқапов пен Жәнібек Сауранбаев сияқты тұлғалар елеулі үлес қосты. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде көптеген спорттық секциялар жұмыс істеп, бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп келеді.
Волейбол – тек физикалық белсенділік қана емес, сонымен қатар жылдам ойлауды талап ететін интеллектуалды ойын. Тұрақты жаттығулар реакция жылдамдығын арттырып, когнитивті қабілеттерді дамытады. Бұл дағдылар адамның зейінін шоғырландырып, күнделікті өмірде күйзеліске төзімділігін күшейтеді. Осы себепті волейболды «ой мен қозғалыстың үйлесімі» деп атауға болады.
Бұл спорт түрінің тағы бір маңызды қыры – командалық рухты қалыптастыру. Волейбол жеке жетістіктен гөрі, ұжымдық әрекетті алдыңғы орынға қояды. Ойын барысында әрбір қатысушының іс-әрекеті команда нәтижесіне тікелей әсер етеді. 1964 жылы Жазғы Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілгеннен кейін волейбол әлемдік деңгейде кеңінен танылып, бірлік пен өзара сенімнің символына айналды.
Денсаулық тұрғысынан алғанда, волейбол – ағзаға жан-жақты әсер ететін тиімді спорт түрі. Қарқынды ойын кезінде көп мөлшерде энергия жұмсалып, жүрек-қан тамырлары жүйесі нығаяды. Сонымен қатар бұл спорт түрінде жас шектеуі жоқ, сондықтан кез келген адам белсенді өмір салтын қалыптастыра алады. Волейбол – тек спорт емес, ол тәртіпке, жауапкершілікке және өзара қолдауға үйрететін өмір мектебі. Сондықтан бұл ойын денсаулықты нығайтудың ғана емес, тұлғалық дамудың да тиімді құралдарының бірі болып саналады.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Қыдырәлі Ақниет
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі