Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясыныңасқақ үні - Бабасбай Назерке

       2026 жылы қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен дараланып, бір ғасырда бір туар тұлғаға айналған ақын туралы айтылар мақтау да, марапат та аз емес. Ол - төл əдебиетімізде ойып тұрып орын алатын, жырлары сөз құдіретін айшықтайтын қазақ поэзиясының эталоны. Ақын шығармашылығы халқымыздың тыныс-тіршілігі мен тағдыр жолына арналған. Оның əрбір өлеңі терең мағынасымен, тілге жеңіл, құлаққа жағымды əрі жаттауға ыңғайлылығымен ерекшеленеді.
      Мұқағали поэзиясы- қазақ даласының кеңдігін, табиғаттың сұлулығын, ана тілінің мөлдірлігі мен ұлттық рухтың өрлігін паш ететін құдіретті үн. Өзінің қысқа ғана қырық бес жылдық ғұмырында соңына өшпес із қалдырған мұзбалақ ақын 1931 жылы ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Мұқағали - тума талант, сөзге шебер, зерек жан еді. Алайда оның балалық шағы соғыстың қиын-қыстау жылдарына тұспа-тұс келіп, əкесінен ерте айырылғандықтан, өмір тауқыметін ерте тартуға мəжбүр болды. Ол өз шығармашылығында аспандағы ай мен күнді асыра суреттеуге ұмтылған жоқ. Керісінше, күнделікті тіршілікті, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынас пен табиғат құбылыстарын терең философиялық астармен жеткізе білді. Əдемі метафоралар мен эпитеттер, ұлттық нақыштағы бейнелеулер ақын өлеңдерін ерекше өрнектейді. Оның өнері - тек ұйқас емес, əрбір оқырманның жүрегіне жол тартатын рухани қазына. Ақын жырларының басым бөлігі кіршіксіз таза сезім- махаббат тақырыбына арналған. Биыл ақынның туғанына 95 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде, атап айтқанда Астана мен Ақтау қалаларында поэтикалық-музыкалық қойылымдар мен əдеби кештер ұйымдастырылды. Мұқағалидың «Отан» атты өлеңі - əрбір оқырманның жүрегінен орын алатын, отансүйгіштікке толы туынды. Ол Отанды жай ғана жер телімі емес, өзінің қаны, жаны, бүкіл болмысы ретінде суреттейді. Ақын Отанды киелі «ана» образымен байланыстырып: «Отан- анаң, Отан- əкең, Отан - бауырың»,- деп жырлайды. «Отан- оттан да ыстық» деген халық даналығын шебер қолдана отырып, туған жердің қадір-қасиетін аша түседі. Мұқағали Мақатаев - қазақ поэзиясының мəңгілік үні, халық жүрегіндегі дара тұлға. Оның өлеңдері уақыт өткен сайын құндылығын арттырып, жаңа қырынан танылып келеді. Мұқағали поэзиясының құдіреті- оның қарапайымдылығы мен шынайылығында. Ол - тек өз дəуірінің ғана емес, мəңгілік поэзияның символы. Оның үні - қазақтың үні, оның жыры- халықтың жүрек лүпілі.

Автор: Әл-Фараби ат. ҚазҰУ 1 курс студенті Бабасбай Назерке

Жетекші: Әл-Фараби ат. ҚазҰУ Қазақстан тарихы 

кафедрасының оқытушысы А.Н. Сагинаева


WhatsApp Telegram

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз