Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық валюта - төл теңгемізге 27 жыл

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 29 жыл толу қарсаңында еліміздің ұлттық валютасы - төл теңгемізге 27 жыл толып отыр. Елбасы Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қараша «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығына сәйкес 1993 жылы 15 қарашада теңге айналысқа енген болатын. Дәл сол сәттен қазіргі күнге дейін елімізде жыл сайын «Ұлттық валюта» күні және Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланып келе жатыр. Еліміз Кеңестер Одағында рубльды қолданудан ең соңғылардың бірі болып шыққан болатын. Сондықтан, Елбасының төл теңгені енгізу жөнінде қабылдаған шешімі мемлекетіміздің тарихындағы маңызды қадамдардың бірі болғаны белгілі. Ұлттық валютамызды енгізу - нарықтың қатынастардың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына елеулі әсер етті. Теңгенің қалыптасуы Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюында елеулі орын алған оқиғалардың бірі болғаны хақ. Тек тәуелсіз ұлттық валюта ғана дербес эномикалық саясат жүргізуге мүмкіндік береді.   Теңге - Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын бірден-бір заңды төлем құралы болып саналады. Ұлттық валютамыздың өз белгісі (₸) бар. Теңгенің графикалық белгісі транскрипциясы «т» дыбысын білдіретін ежелгі түркі әліпбиінің символы болып табылады.     Теңге айналымға ресми түрде енгізілген соң Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкі Жамбыл филиалынан еліміздің барлық аймақтарына таратылған болатын. Банкноттар басқа қалалар мен аймақтарға бірнеше күн бұрын жеткізіліп, валюта енгізілген күні еліміздің барлық облыстары толықтай дерлік банкноттармен қамтамасыз етілді. Осылайша  валюта енгізілген кейін ескі ақшаны ұлттық валютаға айырбастау басталып кетті. Бес күннің ішінде елімізде 951 млрд. рубль теңгеге айырбасталып, кеңестік ақша айналыстан алынды.                                                                                                                    

Қазіргі кезде Теңге - тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің символы, жаңа тарих пен Қазақстан болашағының толық бөлігі болып табылатындығын айта кеткен жөн. Ұлттық валюта: төлем, жинақтау және айналым  құралы ретіндегі барлық міндеттерін орындай отырып, толыққанды ұлттық ақша бірлігі болып қалыптасты. Біз ұлттық валютамыздың осындай қысқа мерзімде орнығып, халықаралық нарықта мойындалғандығымен мақтануымыз қажет.

У.М.Джолдыбаева  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті      

Б.А.Төребеков  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз